Сарсаңға салған су тасқыны
Биыл еліміздің барлық өңірлерінде қар қалың түсті. Қардың ылғалдылығы да мейлінше мол болды. Жердің тоңы орташа алғанда 25-тен 120 сантиметрге дейін жетті. Ал, күн жылынып, температураның күрт көтерілуі, қардың жылдам еруі және қарқынды жаңбырдың салдарынан таулы және тау бөктеріндегі жерлерде көлбеу ағындардың пайда болуы орын алды. Сөйтіп, еліміздің бірқатар аймақтарында қар суы жайылып, тасқын ондаған елді мекенді алып кетті, мыңдаған адам жылы орнынан көшірілді. Су тасқыны қаупі туралы мәселе жыл сайын тиісті орындарда көтеріліп, жауаптылар бәріне дайын екенін айтып болғанымен, олардың айтып келмейтін апаттың алдын алуға дәрмені бұл жолы жетпеді. Сонымен, өткен аптаның ортасынан бері су құрсауында қалған өңірлердегі қазіргі жағдай қандай, оларға қандай көмектер беріліп жатыр, осы мәселелерге қысқаша тоқталып өтсек. Әуелі еріген қар суы үйлерді, шаруашылық құрылыстарды басып, көпірлер мен дамбаларды бұзып, жолдарды шайған. Су басқан елді мекен тұрғындары жергілікті билікті «су тасқынына дайындалған жоқ, дер кезінде қар тазаланған жоқ» деп айыптады. Оралда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Батыс Қазақстан, сонымен қатар, Қостанай облыстарының тұрғындары да үйін су басқанын айтып, дабыл қақты. Ал, үйлерін су басқан Ақтөбе облысының тұрғындары қайықпен жүзуге мәжбүр болды. Ақтөбені қақ жарып өтетін Сазды өзені арнасынан асып кетті. Қарағанды облысының Шет ауданында да төтенше жағдай режимі енгізілді. Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің қалыптан тыс көтерілуінен болған күрделі су тасқыны жағдайына байланысты Көкшетау қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Артынша Теміртау қаласында да төтенше жағдай режимі енгізілгені хабарланды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, республика бойынша су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қызметтері су тасқыны салдарын, су тасқынына қарсы іс-шараларды, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жұмылдырылған. Мәселен, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктердің күшімен 4,2 миллионнан астам текшеметр еріген қар суы сорылды. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарында 12 мыңнан астам адам құтқарылып, эвакуацияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттеріне 7 мыңдай адам жеткізілді. Бұл жұмыстарға әуе кемелері тартылып, бүгінде 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, күрделі су тасқыны жағдайы қалыптасқан Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін еліміздің басқа өңірлерінен Төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдарының топтары тартылды. Жеке тұрғын үйлер мен аулалардан су шығарылып, су шайған 39 автожол, оның ішінде 1 көпір және 38 жол төсемі бақылауда. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында 53 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды. Өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіліп, авариялық-құтқару жұмыстарына техникалар, су айдау және жүзу құралдары, әуе кемелері жұмылдырылды.
Жексенбі күні Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Штаб сенбіде Президент өткізген шұғыл кеңестен кейін құрылған. Штаб отырысында төтенше жағдайдағы аумақтан 11306 адам эвакуацияланғаны, 5 мыңнан астам адам уақытша пункттерде тұрып жатқаны айтылды. Ресми мәлімет бойынша, су 40 автожолды шайып кеткен, арасында бір көпір де бар. Биліктің хабарлауынша, төтенше аймақтағы халыққа көмек 24 сағат беріліп жатыр. Су тасқынының салдарын жоюмен 7 мыңнан астам адам айналысып, су сорғыш техника, тікұшақ, кеме сияқты 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Қазіргі кезде Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймаларынан су жіберіліп жатыр. Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы да толтырылып жатыр.
Үкімет республикалық штабтың отырысында су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеуге қажетті қаржыландыру көздерін талқылады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдік резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін жергілікті атқарушы органдар, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ, төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылмақ. «Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды», – деген Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Айта кетсек, сенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген болатын. Мемлекет басшысына аймақтардағы қалыптасқан ахуал туралы, атап айтқанда, адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.
Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.
Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің төрағалығымен республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтау және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те еліміздің бірқатар аймақтарында орын алған су тасқынына байланысты алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. «Апат – айтып келмейді. Еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алып жатқан су тасқыны баршаны алаңдатып отыр. Осы орайда өңіріміздегі басты су жүйелерінің бірі – Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен таныстым. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарының бірқатар елді мекендері өзен жағалауына жақын орналасқаны белгілі. Ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс. Бұған дейін өзеннің 28 шақырымға жуық жағалауы бойынша нығайту жұмыстары атқарылған. Дегенмен, аралау барысында бірқатар аумақтарда жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы анықталды. Ол бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым.Жалпы, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында, ағымдағы жылғы бекітілген су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарына сәйкес, барлығы 1790 шақырым канал, 1833 шақырым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төсеу жүргізілді. Бүгінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-нен қауіп жойылып, 2 елді мекеннің қауіпі төмендетілді, су басуға бейім 6 елді мекен бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Ірі су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде. Облыстың барлық су қоймаларында тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылды. 28 наурыздағы жағдай бойынша су қоймаларының толу деңгейі (қазіргі кездегі техникалық мүмкіндігіне сәйкес есептегенде): Тасөткелде – 90 пайыз, Теріс-Ащыбұлақ – 85, Ынталы – 88, Ақкөл – 20, Қарақоңыз – 99, Бүркітті – 29, Қақпатас – 58, Чоң-Қақпа (Киров) – 77 пайыз. Бұл шараларға қарамастан, қауіп-қатер жоқ деп қарап отыруға болмайды. Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз. Сондықтан облыстың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілді. Тәулік бойы кезекшіліктер, таулы аймақтардағы су қорларын әуеден бақылау шаралары ұйымдастырылуда. Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Ауа райы болжамына сәйкес алдағы күндері нөсер жаңбыр және күшті жел болжамына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Сәйкесінше, еріген қар суы және еңіске қарай ағын қалыптасуы, өзендерде су деңгейінің көтерілуі ықтимал. Осыған орай, Жуалы ауданында су тасқынының алдын алу бойынша дайындық шаралары жалғасуда», – деген аймақ басшысы тұрғындар мен мекеме басшыларынан жеке тұрғын үйлердің аулаларын, арықтарды, көпірлерді қоқыстан тазартып, жауын-шашын салдарынан болатын қауіпке бейжай қарамауды ескертті.
Өткен жексенбіде облыстың Талас Алатауы, Қырғыз жоталарының солтүстік беткейіндегі мореналық көлдердің жағдайын және биік таулы, орта таулы аумақтардағы қар қорын бағалау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төтенше жағдайлар мен полиция департаменттері, «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «ҚазСуШар» РМК, «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы басшыларынан құралған жұмыс тобымен Жуалы, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының таулы аймақтарына аэрошолу зерделеу жұмыстарын жүргізді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, зерделеу жұмыстары «Қазавиақұтқару» мекемесінің МИ-8 тікұшағымен 600-ден 4000 метр биіктікте жүргізілді. Талас Алатауы бойынша Жуалы ауданының таулы аймақтарында (Көксай, Ақсай, Топшақ, Текеқамал, Қаралма шатқалдарында) қар желісі 1600 метр абсолюттік биіктіктен басталады. Орта таулы, биік таулы аймақтарда қар жамылғысының биіктігі шамамен 28-35 сантиметрді құрайды, мореналық көлдер қысқы режимде, яғни көл айнасы мұзбен, қармен жабылған. Таулы аймақтың тік еңістерінде қар көшкіні жүрген белгілері, қар жамылғысының қарқынды еруі мен еңісті ағын байқалмайды. Өзен арналары мұзсыз.
Қырғыз жотасы бойынша Аспара, Әулиешоқы, Меркі шатқалдарында қар жамылғысы 15-20 сантиметрді құрайды. Шатқалдардың жоғарғы бөлігінде 2800 метр биіктіктен қар жамылғысының желісі басталады. Қардың желдеп жауу салдарынан шатқалдардың солтүстігінде, жартасты беткейлерінде қар жамылғысы болмашы, ал оңтүстік беткейлер қармен жалпылай жабылған. Мақпал, Кіші-Көкдөнен, Қарауылшоқы, Қаратастөбе, Молалы-Айранды, Қарақыстақ, Шалтаудың жоғары бөлігінде 3250 метр биіктікте қар жамылғысының биіктігі шамамен 25-30 сантиметрді құрайды. Таулы аймақтың тік еңістерінде көшкін жүрген белгілері жоқ. Т.Рысқұлов ауданындағы сел қауіпті Мақпал, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендерінің жоғарғы бөлігінде мұздану құбылыстары байқалмайды. Ал, өзендердің орта және төменгі бөлігінде жағалық мұз жоқ. Өзен алабының орта және төменгі бөлігінде мұз кептелістері, қапсырмалар байқалмаған.
Бүгінде Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккендер үшін Астана, Алматы және басқа да қалаларда гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылғанын айта кеткен жөн. Гуманитарлық көмектер азық-түлік, ауыз су, медициналық препараттар және медициналық керек-жарақтар, киімдер, заттар, шаруашылық тауарлары, гигиена құралдары сияқты тізімдер бойынша қабылдануда. «Қазақстан халқына» қоры да су тасқынынан зардап шеккендерге 5 миллиард теңге бөлетін болды. Осылайша, аталған қор Қазақстанның бірқатар өңірлерінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетпек.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді