«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сапалы білім саналы ұрпақ қалыптастырады

Сапалы білім саналы ұрпақ қалыптастырады
ашық дереккөз
Сапалы білім саналы ұрпақ қалыптастырады
Облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Білім беру саласының әлеуетті көшбасшысы» атты педагогтер арасында облыстық конкурс өтіп, білім саласының мамандары бақ сынасты. Бұл сайыс өңірдің жалпы орта білім беру саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан педагогтерді анықтау, өңірлік кадр пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Жалпы, орта білім беру ұйымдарын басқару саласындағы инновациялық тәжірибесімен алмасып, айқын көшбасшылық қасиеттері бар педагогтерді анықтап, білім беру саласындағы басқарушылық қызметтің оң имиджін қалыптастырып, өңір педагогтерінің шығармашылық және басқарушылық әлеуетін дамыту аталған конкурстың басты қағидасына айналды. – Еліміздегі білім сапасын арттырып, оны нығайту және кадрлық резервті қалыптасыру басты міндеттің бірі. Кәсіби педагогтерді анықтау – болашақ білімді ұрпақтың жемісі. Жаңашылдық пен жаңа көзқарасқа толы, ерекше идеялы азаматтар заман талабына сай, өзгеден оқ бойы озық екенін танытса, оның үстіне дәл соны талап ететін уақыт – қазіргі кезең. Сондықтан, алға қойған мақсаттың бірі – жоғары сапалы білімге қолжеткізу болып тұр. Конкурс нәтижесінде облыс аймағында тәжірибесі мол мамандар өздерін көрсетеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Бірнеше кезеңдерден бастау алған сайысқа білім беру саласындағы еңбек өтілі кемінде 5 жыл, негізгі жұмыс орны білім беру мекемесі болып табылатын 51 педагог, әдіскерлер мен мектеп директорының орынбасарлары қатысты. Алғашқы кезеңде «Әлеуетті көшбасшының табыс формуласы» тақырыбында 3 минуттық презентациядағы слайд мазмұнында тақырыптың негізгі бағыты, кәсіби тәжірибенің ең басты мәні көрсетілуі керек. Бұл алғашқы кезеңдегі тапсырманы орындау барысында қатысушы өз қалауы бойынша, бейнеролик түрінде де көрсетуге рұқсат етілді. Екінші кезең қатысушылардың құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиетін анықтау мақсатында «Не? Қайда? Қашан?» блиц-сауалнамасы арқылы көрсетілді. LED экранда Google формасы арқылы қатысушылардың заңдарды, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, дидактиканың, педагогиканың негізгі мәселелерін білу құзыреттіліктерін анықтау үшін 15 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары ұсынылды. Ал, үшінші ке зеңде форс айт сессиясы бойынша конкурсқа қатысушылар 4 топқа бөлінді. Әр топқа бір тақырыптан берілді. Форсайт сессиясына қатысушылар шағын топта жұмыс жасады. Берілген мәселені бірігіп талқылады. Қатысушылар болашақт ағы қажетті модельді құрып, оны жүзеге асыру жолдарын белгіледі. Әр тақырып бойынша топ қатысушылары ойларын жеткізді. Ал, соңғы ІV кезеңде «Кәсіби жетістік баспалдағы» тақырыбында қатысушылар сұхбаттасу айдары арқылы сын тезінен өтті. Бұл кезеңде қатысушылар кестеде көрсетілген параметрлерге сәйкес, алдағы үш жылдағы кәсіби және жеке даму траекториясын ұсынды. «Білім саласының әлеуетті көшбасшысы» атты педагогтер арасындағы облыстық конкурс өз мәресіне жетті. Сайыстың соңғы кезеңіне 15 қатысушы өтіп, кәсіби бағдары мен көшбасшылық дамуына байланысты алдағы үш жылға жоспарланған жобаларын таныстырды. Жобалардың басым көпшілігі оқушылар мен мұғалімдер арасындағы жаңа коммуникативтік, инновациялық әдіс- тәсілдер мен тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды арттыру бағытын қамтып, педагогтер сарапшылар тарапынан көшбасшылық қасиеттерді арттыру бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Білім беру саласындағы еңбек өтілі кемінде бес жылды құрайтын жалпы саны 51 әдіскер мен мектеп директорының орынбасарлары қатысқан конкурста комиссия шешімімен 10 қатысушыға облыс әкімінің «Үздік әлеуетті көшбасшы», «Үздік стратег», «Үздік рационализатор», «Командалық жұмыстың үздік көшбасшысы», «Үздік мотиватор», «Үздік оратор», «Форсайт стратегияның шебері», «Мәселелерді шешудің шебері», «Ақпараттық- коммуникациялық технология шебері», «Дидактиканың білгірі» атты номинациялармен марапатталып, оларға арнайы естелік сыйлықтар мен 200 мың теңге көлемінде қаржылай сертификаттар табысталды. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ақтық финалға өткен 15 қатысушылар алдағы уақытта өз біліктіліктерін арттырып, білім беру мекемелеріне директорлық лауазымға дайындалатынын жеткізді. Айта кетерлік жайт, аталған жоба өңірлік кадрлық резерв құрамын толықтыру мақсатында жүзеге асырылуда. Өткен жылы Президенттік кадрлық резерв құрамына облыстан 7 педагог өткен болса, биыл аталған конкурс жеңімпаздары өңірдің білім беру саласы бойынша менеджменттік құрамын толықтырады.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,

Нұрболат АМАНБЕК.

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар