Жамбылдың IT әлеуеті жоғары
Былтыр Қазақстан орталық Азиядағы ІТ индустрияның дамуы бойынша көшбасшы ел атанды. 2020 жылдың өзінде ел ішіндегі IT нарықтың көлемі 1,3 триллион теңгені құраған. Осындай іргелі белестер күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші ұлттық құрылтай жиынындағы баяндамасына арқау болды. Президент өз сөзінде еліміздегі болашағы зор бағыттардың бірі – IT-технологиялар екенін нақты атап өтті. «Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елімізде IT саласының әлеуетін арттыру жұмыстары әлдеқашан қарқынды түрде басталып кеткен-ді. Мәселен Қазақстан аумағында қазіргі таңда 12 IT-хаб тұрақты жұмыс істеп тұр. Өңірлік IT-хабтарды дамыту – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басым міндеттерінің бірі. Бұл мекемелердің негізгі міндеті – өңірлерде инновациялық жобаларды дамыту және ақпараттық технологиялар саласында мамандар даярлау. Аталған платформалар стартаптарды, инвесторларды және менторларды біріктіретін жергілікті IT-қауымдастықты құруға арналған кеңістік болып саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызы туралы атап өткен болатын. Сол ойдың заңды жалғасы болған бұл жоба аясында қазіргі уақытта 12 өңірлік IT-hub ресми түрде ашылып, табысты жұмыс істеуде. Сондай өңірлік хабтың бірі қазіргі таңда Tараз инновациялық гуманитарлық университетінің қабырғасында орналасқан. IT саласына байланысты айтылған Президент пікіріне орай аталған Халықаралық IT технопаркі Астана Hub-тың Жамбыл облысындағы менеджері Айгерім Наурызбекова hub-тың жұмысы туралы әңгімелеп берді.
– Жамбыл IT Hub өз жұмысын 2023 жылдың наурызында бастады. Бұл жұмысқа биылғы қаңтардан бастап кірістім. Біздің мақсатымыз IT қауымдастықты дамыту, ІТ саласына қызығатын жастар мен жас мамандарға қолдау көрсету. Бұл жұмыстарды ІТ стартаптары бар мамандарға өз жобаларын жүргізетін алаң ретінде қызмет көрсетеміз. Бұдан бөлек мақсатымызды түрлі workshop-тар, спикер talk-тар, вебинарлар арқылы жүзеге асырамыз. Сондай-ақ, үлкен сайыстар ұйымдастырамыз. Оқыту-ағарту жұмыстарын жүргіземіз. ІТ саласындағы стартап мәдениетті дамытуға күш саламыз. Осы уақытқа дейін бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырдық. Былтыр GoogleFest фестивалін өткізіп, 500-ге жақын маманның басын қостық. Шараға Google компаниясынан арнайы екі бірдей бағдарламалаушы қатысты. Фестиваль аясында ашық панельді пікірталас ұйымдастырдық. Одан бөлек жобалардың таныстырылымы өтті. Ал биыл, бұл жұмысқа кіріскелі жиырмаға жуық іс-шара өткіздім. Арнайы тоқталатыны PizzaPeach атты шарамыз. Шараға 7 IT жоба қатысты. Жеті жобаны жасаушылардың арасында сайттар да, бағдарламалар да болды. Үміткерлер қазылардың алдында өз жобаларын үш минутта қорғап шықты. Бұл сайыс біздегі жастардың ел алдына шығып сөйлеуіне, жобаларын сәтті қорғауына бағытталған тиімді жұмыстарымыздың бірі болды. Додо Пицца компаниясы шараға демеуші болып, тегін пицца жеткізіп берді. Одан бөлек өз тарапымыздан да бағалы сыйлықтар, Яндекс және Алиса станцияларын тарту еттік. Бұл IT стартаптарды дамытуға арналған жоба болды. Ал, 27-28 наурыз аралығында Hakaton сайысы өтпек. Онда біздің оқушылар 24 сағат ішінде берілген тапсырманы IT шешім арқылы орындап, сайысқа түседі. 27 наурызда таңғы 10:00-де тапсырма беріледі. Қазіргі таңда сайысқа түсетін 20 топ жинақталды. Hakaton-ның жүлдесі қомақты. Жамбыл IT Hub-тың атынан 500 мың теңге бөліп отырмыз. Осындай сайыстардың алда бірнешеуін ұйымдастыру жоспарда бар. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 15 түрлі IT жоба нақтыланды. Оның кейбіреуі әзірге идея қалпында, кейбіреуі жұмыстарын бастап кетті, – дейді hub-тың өңірлік менеджері.
Маманның сөзіне сүйенсек, Жамбыл өңірінің IT әлеуеті осал емес. Айгерім Наурызбекованың өзі тәжірибелі маман ретінде киелі Әулиеатаға Hub жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру үшін арнайы ат басын бұрған. Бар болғаны 26 жастағы ару осы саланың жай-жапсарына айрықша қанық. 2020 жылы Назарбаев Университетін тәмамдап, Астана Халықаралық қаржы орталығында қызмет еткен. Мамандығы экономист болғанымен қазіргі таңда IT саласына бетбұрыс жасауда. Әрине, өңірдің IT әлеуетін арттыруға келген маманның жұмысына тек сәттілік тілейміз. Жамбыл Hub-тың жүйелі жұмысының нәтижесінде Әулиеатадан да білікті мамандар топ жаратынына сеніміміз зор.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді