Дәстүрлі әнді дәріптеген жеткіншек

Дәстүрлі әнді дәріптеген жеткіншек
ашық дереккөз
Дәстүрлі әнді дәріптеген жеткіншек
Кез келген дәстүрлі әнде өмірден алынған өсиет айтылады. Ал, терме – тұнып тұрған тәрбие. Олардың әуенінде де тыңдаған жанды жігерлендіретін екпін бар. Алайда, жастардың басым бөлігі мағынасыз сөздерге құрылған айқай- шулы немесе жылаңқы әндерге әуес. Тіпті, ән деуге келмейтін дүниелерге құмар десек те болар. Алайда, ел ішінде құндылықтың қадірін ұғына алатын жеткіншектер де бар екен. Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Асылжан Тойшыбектің домбыраны күмбірлетіп, әуелете салған әндерін естігенде, дәстүрлі әннің парқын біліп, нақышына келтіре орындаған өнеріне тәнті болдық. Дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген Асылжан Абзалұлы орындалуы күрделі «Молдабайдың әні», «Жаяу Мұса» секілді таңдаулы туындыларды құйқылжыта орындайды. Мұндай жойқын әндерді орындауға, тек әншілік аздық етеді. Тыңдаушыны бір күлдіріп, бір жылата алатын әсермен жеткізу үшін актерлік шеберлік те қажет. Осыны ескерген Асылжанның ұстазы Нұрәділ Әуесбек жас талантқа актерлық қимылдарды да үйретеді. – Кішкентайымнан домбыраны әдемі иірімдерін келтіріп шерткендерді қызыға тыңдайтынмын. Үйде әкем домбыра тартып, күй ойнайды, соны көп көргендіктен бе, домбыра мені қатты қызықтырды. Алты жасымда алғаш рет домбыра тартып үйрене бастадым. Жеті жасымда атам ауданымыздағы өнер мектебіне апарып, ұстаздарға тапсырды. Сол сәттен бастап, дәстүрлі әнге деген, әсіресе күрделі әндерді үйренуге қызығушылығым арта түсті. Ұстазым Нұрәділ Қамарұлы «Құмған алған», «Тау ішінде», «Ақбұлақ», «Басты өлең», «Бір шәугім шай» деген әндерді үйретті. Өзім де осындай көңіл-күйді жеткізетін әрі ойнақы әндерді орындағанды жақсы көремін. Әр әнді үйренгенде, тек орындалуын ғана меңгермей, алдымен авторын және оның шығу тарихын біліп аламын. Сонда шығарманы нағыз өз нақышымен меңгеруге оңайырақ болады. Сол туындыны шығарған автор қандай күйде болғанын сезінсең, тура сол нақышқа келтіре аласың. Мысалы, «Балқадиша» әнін шығарған Ақан сері жас бойжеткенге қимастықпен арнаған өлеңі екенін біліп, оған мұң қосып орындаймыз. Осы сияқты әр шығарманың авторы мен шығу тарихын біліп алсақ, оны жан-тәніңмен ұғынып, қабылдау сәтті болады. Өзім өлеңдерін сүйіп оқыған ақындарға арнап кейде өлең де жазамын. Сонымен қатар, өнер байқауларына қатысарда таңдаған әнімді жеткілікті деңгейде орындай алу үшін дауыстың диапазонына және мимикамен, қимылмен де жеткізуді ескеріп, актерлік шеберлікке мән беремін. Мысалы, «Молдабайдың әнін» кейде күліп, кейде қабақ түйіп, кей тұсында бір қолмен домбыраның шегін шерте отырып, екінші қолмен саусақтарды шыртылдата қосымша дыбыс қосып орындау керегін Нұрәділ ағай өзі айтты және ғаламтордан Ерлан Рысқалидың орындауын қарауды ұсынды. Өнер жолы, тек бір ұстаздан үйренумен шектелмей, үнемі ізденіс үстінде жүруге міндеттейді, – дейді талабы таудай талантты жеткіншек Асылжан. Ол осыған дейін бірнеше өнер додаларында бақ сынап, жүлделі орындарды олжалап та үлгерген. Атап айтсақ, 2022 жылы III республикалық «Talants of Kazakstan» дәстүрлі ән номинациясы бойынша бас жүлде, 2023 жылы XІV Ұлтық Жастар Делфий ойындарының аймақтық іріктеу кезеңіне қатысып халық әні номинациясы бойынша жүлделі І орын және осы жылы «JAÑARĞAN QAZAQSTAN» атты республикалық өнер-білім байқауына қатысып, дәстүрлі ән номинациясында бас жүлде алған. Сол 2023 жылы «Сырнайым – саз сырым» атты байқауынан да бас жүлдені жеңіп алған. Тәрбиенің отбасынан басталатынының тағы бір дәлелін осы өнерлі баладан байқадық. Оның атасы әуесқой әнші болса, әкесі күйші екен. Ұлттық өнерге жаны жақын отбасында өсіп келе жатқан Асылжан ғана емес, оның төрт жасар інісі де домбыра тартады. – Негізі балаларға термені жиі тыңдатқан жөн деп ойлаймын. Себебі, терменің әр сөзі дұрыс жолға жетелейді. Тіпті, бұрын болған оқиғаны айта келіп, содан жөнін ұғынар ой түйіндеп, өмірден сабақ алуға шақырады. Үйде әкем бізге солай тәрбие берген, өзі домбыра тартпаса да дәстүрлі әндерді әдемі орындайды. Мен көбіне күй тартамын. Күй де нақты сөзбен айтпаса да мың құбыла құйқылжытқан ырғағымен тәлім береді, терең ойландырады. Қазір өзім де әке ретінде балаларыма дәстүрлі әндерді, күйлерді көп тыңдатамын және ешкімнің ала жібін аттамауды, біреуге не істесең, сол түбінде өзіңе қайтып келетінін айтып жүремін, – дейді әкесі Абзал. Айта кету керек, Асылжан өнерге беріліп, осы жолда ізденіп қана кетпей мектептегі сабақтарын да жақсы оқиды. Өзінен сұрағанымызда «Әсіресе, «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихын» жақсы көремін», – деді. Әрине, тегін терең біліп, тілін құрметтеген түлек озары анық. Асылжан болашақта бойда бар талантын біліммен ұштап, кәсіби әнші болуды көздейді. Мектепті тәмамдағаннан соң П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжіне түсуге іштей дайындалып жүр. Ол мол ізденістің нәтижесінде халқының төл өнерін күллі әлемге танытуға өзіндік үлесін қосуды мақсат еткен. Талапты талантқа табыс тілейміз.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар