Су тасқынының алдын алу маңызды
Наурыз айына арналған ауа райы болжамына сәйкес, аймақтағы орташа температура 1ОС-тен жоғары және жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтілуде. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, облыс аумағында топырақ қатуының ең жоғары тереңдігі Мойынқұм ауданында (30 сантиметр) байқалады. Облыстың қалған бөлігінде топырақтың қату тереңдігі 5 сантиметрден төмен. Қар қорының ең жоғары деңгейі Қордай ауданында 20, Жуалы ауданында 15 сантиметрді құрады. Облыстың көп бөлігінде қар қалыңдығы 5-8 сантиметрден төмен болды. Жауын-шашын мөлшерінің, қардағы су қорының, күзгі ылғалдану көрсеткішінің және топырақтың қату тереңдігінің талдаулары нәтижесінде, облыс аумағы су тасқыны қаупінің санаты орташа деңгейге жатқызылады. Облыс аумағындағы Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуі, тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр суларынан елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі ықтимал. Өңірімізде су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында, 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жоспары бекітілген. Жоспарда ірі су қоймаларының толымдылығын бақылау және мониторингтеу, гидротехникалық құрылғыларды тексеру, арық-дренаждық желілерді тазарту жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Жыл сайын су тасқыны жоспарының орындалу барысында су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды, 2 елді мекеннің қауіпі төмендетілді, енді су басуға бейім 6 елді мекен қалып отыр. Бұл елді мекендердегі қауіптер «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасының іске асырылу барысында төмендетілуі жоспарлануда. Жол картасына сәйкес Тараз қаласы (7 учаске), Байзақ (10 учаске) және Жамбыл (4 учаске) аудандары шегінде Талас өзенінің арнасы бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу көзделген. Жоба бойынша жағалауды нығайту жұмыстарының жалпы ұзындығы 25,02 километрді құрайды.
Биыл қар қорының көп мөлшерде түсуі және ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тау бөктерін және егістік алқаптарын су басу қаупі сақталуда. Осыған орай қаңтар және ақпан айларында ауа райының болжамын ескере отырып, су тасқынының алдын алу және жою мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне, уәкілетті мекемелерге каналдарды, дренаж каналдарын, арық желілерін, су өткізу құрылғыларын (көпірлер және тағы басқалар) тазарту және күшейту жұмыстарын жүргізу туралы ескертулер мен ұсыныс хаттар жолданды. Сонымен қатар, ақпан айында барлық деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың отырыстары өткізіліп, онда облыс аумағында су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу мәселелері қаралды. Одан бөлек, «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу барысында іс-шаралардың барлығы практикалық әдістерді қолдануға бағытталды. Оқу-жаттығу барысында 364,7 километр каналдар мен арықтар, автомобиль және темір жолдардың астындағы 172 су өткізу құрылыстары тазартылды. Жалпы облыс бойынша барлығы 1790 километр канал, 1833 километр арық, 437 километр дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыс тазартылып, елді мекендердің айналасына 10 километр үйінді тұрғызылды.
Су қоймаларынан судың көп мөлшерде тасталуы туралы алдын ала хабарлау мақсатында, «Қазсушар» және «Қазгидромет» РМК-ның облыстық филиалдарымен жедел ақпарат алмасу ұйымдастырылды. Өңірдегі барлық су қоймаларында тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылған. Облыс аумағында 141 гидротехникалық құрылыс, оның ішінде республикалық меншікте 18, коммуналдық меншікте – 115, жеке меншікте 8 су қоймасы мен тоғандар бар. Бүгінде бұл су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде.
Облыс әкімінің ақпандағы қаулысына сәйкес, аймақтың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілді. Облыс аумағында су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. 396 қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек және 460 кереует дайындалды. Тамақтануға және арнайы техниканы тартуға 58 келісімшарт жасалды. 6900 тонна инертті материалдар, 16140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 31200 қап сатып алынды.
Осылардың негізінде, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында төмендегідей іс-шаралардың орындалуы ұсынылады:
– ауа райы жағдайларының мониторингін күшейту және ықтимал қауіптер туралы жедел ақпарат алмасу;
– су тасқыны жағдайына күнделікті мониторинг және бақылау жүргізуді ұйымдастыру және қалыптасқан жағдайға жедел ден қою;
– тасқын және еріген қар суларының жоғары көлемін өткізуге көпірлер, инженерлік және басқа да су өткізу құрылыстарын, өзен арнасының арық-канал жүйелерін және қорғаныс бөгеттерін бақылау;
– техниканың, жабдықтың және құтқару құралдарының жұмыс қабілеттілігіне, олардың төтенше жағдайда қолдануға дайындығына тексеру жүргізу;
– су тасқыны және оның салдарын жою үшін шұғыл әрекет ету жасағының дайындығы, оның ішінде техниканың, авариялық-құтқару жабдықтары мен құралдарының болуы мен жарамдылығын тексеру жұмыстарын жүргізу;
– төтенше жағдайларды жою, халықты қауіпті аймақтардан және төтенше жағдай аймақтарынан эвакуациялау жөніндегі іс-қимыл жоспарларын нақтылау (халықты, малды және адамдардың мүлкін эвакуациялау үшін тіршілікті қамтамасыз ету құралдарының, маршруттар мен техниканың қорларының болуы);
– төтенше жағдай туындаған кезде іс-қимылдарды тиімді үйлестіру үшін басқа ведомстволармен және ұйымдармен жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыру;
– республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль және темір жолдарының бүлінуіне жол бермеу бойынша жедел шаралар қабылдау және қалыптасқан су тасқыны мен су басуын уақтылы жоюға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру қажет.
Дархан ЖАППАРОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді