Құндылықтардың қадірін ұғындырған шығарма

Құндылықтардың қадірін ұғындырған шығарма
ашық дереккөз
Құндылықтардың қадірін ұғындырған шығарма
Бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстар тұлға болғандықтан, әке мен ананың әр әрекеті, сөзі аса маңызды. Бұған, әсіресе, Қаржаубай Омарұлының «Әке» повесін оқығанда бұрынғыдан бетер көзім жетті. Қайта құру кезінде, тоқсаныншы жылдары жазылып, уақытында жарыққа шықпай қалған, өмірдің ащы шындығын ашық жеткізген повесть оқырманды ойландырмай қоймайды. Ауыр тұрмыс, Ұлы Отан соғысына аттанған әкелерін сағынған балалардың намысқа тырысып, бар қиындыққа төзген қайсарлығы кез келген адамның жүрегін шымырлатады. Бүгінде сәл ғана сынаққа сыр беретін, ата-анасына қарсы келуден тайынбайтын, әскерден қашқан әлжуаз балалардың осалдығына тым қатты еркелетіп, бәрін алдына тосып, дайынға ие етіп өсірген өзіміз кінәліміз-ау деген ойға еріксіз итермелейді. Әкенің балаларына деген бар мейірімін іште бүгіп, ешқандай жазасыз-ақ қабағымен бәрін ұғындыратын тәлімі өте шебер берілген бұл повесті тәрбие құралы десе де болғандай. Балаларының қамы үшін ешбір ауырлықтан аянбайтын әкенің мықтылығы, төзімділігі кез келген қара жұмысқа бел шеше кірісетін жанкешті еңбеккерлігінен байқалады. Мысалы, мына бір тұсына назар аударайықшы. Небәрі 13-14 жасар екі ұлы ауылдың шетіндегі көлдің арғы жағындағы шабындықтан шөп шауып, қас қарая үйлеріне қайтқанда жұмыстан шаршап келген әкесі «Орақтарыңды әкеліңдер, қайрап берейін» дейді. Сарман сол сәтте ғана орағын алып келмегені есіне түседі. Тіпті, қайда қалдырып кеткенін де білмейді. Осы сәтте ағасы Ханбүркіт әкесінің інісін аямайтынын біліп, бар кінәні өз мойнына алады. Ашуланған әке ол орақтың әрқайсысын бір қойға сатып алғанын айтып, қазір шабындыққа барып, тауып келуін бұйырады. Сарман мұның кінәсін мойнына алып, жазаланған ағасына жаны ашиды. Бірақ, шындықты айтуға әкесінен қорқады. Ал, Ханбүркіт әкенің бір ауыз сөзін жерге тастамай, күн батып кетсе де шабындыққа қарай кетеді. Аналары шырылдап ортаға түсіп, отағасына жел басталып келе жатқанын, қазір көлдің арғы жағына өткенше қайықты жел айдап әкететінін айтқанымен, балаларын бір сөзділікке, өз заттарына мұқият, ісіне тиянақты болуға тәрбиелеу үшін әке дегенінен қайтпайды. Ана байғұс баласы келгенше жолын тосып, ел жатса да ұйықтай алмай ояу отырғаны «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін аналардың мейірімін көрсетеді. Ақыры, анасы таңға жуық Сарманды оятып «Ханбүркіт әлі келген жоқ, барып келші, қайығы аударылып, суға батып кетпеді ме екен» деп кіші ұлын жұмсайды. Таң жақындағанымен әлі тас қараңғы. Әйтеуір, жел басылған. Сарман өздері қайықтарын байлаған жерге келіп, ағасын таппайды. Көршінің қайығымен арғы бетке өтіп, шөп шапқан жерлерін түгел аралайды. Қараңғыдағы әрбір сыбдырдан үрейленіп, ойына неше түрлі қорқынышты оқиғалар түссе де ағасын іздеуді тоқтатпайды. Шабындықтан ағасын кездестірмегенімен, өз орағын табады. Көлге келіп, ағасының атын айтып айғайлап, жағалауды аралайды. Әріректе үлкен ағаштың түбінен қарауытқан бірдемені көріп, жаман ой баурап, жүгіріп барса, қайықта бүк түсіп жатқан Ханбүркіт екен. Үлкен ағашқа қайықты мықтап байлап, ішіне сабан төсеп, ұйықтапты. Інісін көріп, орнынан тұрған Ханбүркіт: – Сен орағыңды қайда қалдырғаныңды білмеген соң не де болса, күн шыққанда іздейін деп, қайықты желге ілеспестей етіп байлап, жаурап қалмау үшін сабан төсеп, ұйықтадым. Бәрібір үйге орақсыз барсам, әкем ашуланатынын білемін, – дегені әкеге бағынған баланың қайсар боларын байқатады. Кез келген оқырман осы тұсын оқығанда «Әкесі неткен қатал...» деп ойлауы мүмкін. Бірақ, «Балаңды аясаң, аяма» деген халық нақылына сүйенсек, «Әке өзінің көзі тірісінде қаталсынып көрініп, балаларын қайраттылыққа, тапқырлыққа тәрбиелегені-ау» деген ой жетелейді. Повестің кейінгі жағында аналары науқастанып дүние салып, соғыс басталып, әкелері майданға аттанғанда үйдің үлкені Ханбүркіт әлі мектеп оқушысы болса да қос інісіне әке де өзі, ана да өзі болған кездегі қамқорлығы, әкеден үйренген жан аямас еңбеккерлігі тәрбиенің нәтижесін айқындап береді. Ал, ауылдағы ағайынның анасын соңғы сапарға шығарып салғанда балаларға «Осы отырғандардың бәрі сендерге ана» деп жұбатқандары, әкелерін майданға шығарып салғанда «Отан – бәріміздің әкеміз» деп жігерлендіргендері халықтың бірінің қайғысын бәрі бөлісе білген мейірімділікті сезіндіреді. Ортақ мүддеге жұмыла білетін ағайынның, Отанның қасиетін ұғындырады. Көрші Алмагүл әжей мен Күлпаш жеңгей күнде балалардың халін біліп, кір-қоңын жуып беріп, кейде дәмді асын әкеліп жүрсе де, тоз-тозы шыққан балаларды жаңа бөлімшенің бастығы Миша балалар үйіне апарады. Ол жерде олар жаңа достар тауып, «не ішем, не киемін» демей, тек мектепке уақтылы барып, оқуын ғана ойлайтын жақсы үйге барғандарына қуанса да, әкесінің шаңырағын, анасының ошағын иесіз қалдырып кеткендеріне күйзеліп, іштей өздерін кінәлап жүргендері әке мен анадан алған адалдық, туған жерге деген перзенттік парызға беріктіктерін аңғартады. Майданға кетерде күнде хат жазып тұрамын деген әкесінен бұлар ұзақ уақыт хат-хабар ала алмай, әбден уайымдайды. Ауылға әр үйге келіп жатқан қара қағаздың қайғысы бұларды да шарпымай қалдырмаған. Кейде «Біздің де әкеміз қаза болып, үйде ешкім болмаған соң қара қағазы қолымызға жетпей жүр ме екен...» деген суық ойдан шошынады. Бір күні балалар үйіне арнайы іздеп келген Күлпаш жеңгесі пошташыда жиналып қалған әкесінің көп хатын әкеледі. Ол хаттарда әкелерінің «Балаларым-ау, қанаттарым-ау, неге хат жазбайсыңдар, хабарларыңды біле алмай зар болдым ғой. Әлде ұясы бұзылған торғайдай тоз-тоз болып кеттіңдер ме, қарақтарым-ау! Ең болмаса бір хатыма жауап берсеңдерші, зарықтырмай, соғыста қан кешіп жүрген әкелеріңе оңай дейсің бе?..» деген хатының бірінде бір өлімнен аман қалғанын, емделгеннен соң ауылға қайтатынын біліп, балалардың қуанғаны, тіптен керемет. Осы тұстары бейбіт күннің әр сәті бақыт екенін сезіндіреді. Бұлар достарымен бірге әкелеріне хат жазғанда Сарманның: «Көке, сені қатты сағындық. Тез келші. Сен келсең сөзсіз соғыс та бітеді...» деп өрілетін жүректегі сөзі, әкенің «Айналайын» деген бір ауыз сөзіне зарығып жүргенін жеткізгені қасында барда әкесін бағаламайтын бүгінгі кей балаларға ой салары анық. Бұл повесте Ханбүркіт, Сарман, Жасқанат есімді үш ұлдың буыны бекімеген балдырған шақта анадан ажал айырып, әкеден тірідей алыстап, жетімдік шеккен тағдыры арқылы басқа да балалардың бүлдіріп алған өмірлерін береді. Мысалы, Мирас, Көлбай секілді балалар әке мен ананың жоқтығынан, аштыққа шыдай алмай ұрлыққа барып, өз өмірлерін өздері күйреткендері жазылған. «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, қайта тұрып қақың бар жүгіруге» деп Мұқағали айтқандай, мейірімді ұстаз Нұрболат пен балалар үйінің тәрбиелі жеткіншектерінің көмегімен тағдыры тұңғиыққа батып бара жатқан Көлбайлар түзеледі. Повестің соңында әкесі соғыстан оралады. Қаншама елді зар жылатқан соғыс аяқталғанымен, зардабын жою жұмыстары қызу жүргізіліп, материалдық жетіспеушіліктер тарықтырған күндер жалғасады. Әйткенмен, тұрмыстық таршылыққа қарамай, балалар әкесі қасында жүргені үшін бақытты балалықты бастан кешеді. Қорыта айтқанда, бұл туынды Отанның, бейбіт күннің, әке мен ананың, шұрық тесік күрке болса да өз үйіңнің қадірін ұғындырады. Қолда бар құндылықтарды бағалап, жоғалтпауға жетелейді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар