Тарихы терең киелі мекен

Тарихы терең киелі мекен
ашық дереккөз
Тарихы терең киелі мекен
Жамбыл жері талайғы тарихи оқиғалардың куәгері болып, ғасырлар тоғысында өркениет ошағының орталығына да айналды. Ежелден атырапқа даңқы шығып, саудагерлер қаласы атанған төрт қақпалы шаһар шайырлар мекені де болды. Міне, осы даңқы дәуірлеп тұрған кезеңде Тараз туралы дүр дастандар мен аңызға бергісіз әңгімелер де айтылып жатты. Екі мың жылдан астам тарихы бар киелі мекен күні бүгінге дейін жауһар жырлар мен әсем әндерге, тәмсілге толы туындыларға арқау болып келеді. Сонау Тұран-Иран қатынасы қанат жайып тұрған кезеңде-ақ Тараз қаласы өзінің арулары мен арғымақтары, шеберханалары мен батырлары арқылы танылып, Рудаки мен Фирдоусидің, Систани мен Шерванидің бәйіттеріне арқау болды. Мәселен, парсының жаңа поэзиясының негізін қалаушы саналатын Рудакидің «Кәлилә мен Димна» еңбегінде ақын көне шаһар сұлуларын ерекше бағалап: «Қандай бақыт табасың жүзіңді бұрып михрабқа, Бар көңілің бөлінсе Бұқар мен Тараз аруларына» дей келе, енді бірде парсы патшасына Рей менен Тараздың арасын бағындырса да, дүниеден ештеңе еншілеп кете алмайтындығын еске салып, тойымсыздықтан сақтандырады: «Жаһаннан аздау үлес ап, қанағат етіп, қаласаң, Рейден Таразға дейін уысыңа ал, көңілің тоқ боп қаларсың». Ал, әйгілі «Шахнаманың» авторы Фирдоусидің «Тараздың садағындай қиылған қас» сынды теңеулері мен күні бүгінге дейін ел ауызында сақталған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» тіркесі сонау орта ғасырларда тарихи мекенге берілген шынайы баға еді. Бұдан бөлек, Сағди мен Идрисидің, Хафиздің мәснәуилерінде мәңгілік қаласы өз биігінде шырқалды. Осынау тізбек сан ғасырлар өтінде де бұзылмай, сақталып күні бүгінге дейін жеткен. Мәселен, қазақ әдебиетінің марғасқасы Мұхтар Әуезовтың «Түркістан солай туған» очеркі де қарт Қаратауы көсіліп жатқан Сарысу мекенінде жарық көрді. Өткен ғасырдағы тың игеру жылдарын арқау еткен шығармада қаламгер қиыншылығы мол кезеңнің алғашқы жылдарын суреттейді. Қасиетті Қаратау баурайында үш күн ғана болған заңғар жазушы әсем табиғат пен қоңыр жаздың сұлулығына тамсанып, өз әсерін тебірене жеткізген. «Мен еліміздің тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратаудың құдіретіне таңғалудан ажырай алмай келемін. Біле-білгенге оның әр қойнауы толған сыр екен. Сай-саласы мың бұлақ, шөбін тартсаң су шыққан құтты өлке екен, пәлі. Осы бір жүрекке жақын өңірді аралай жүріп жүз роман оқығандай болдым. Анау Жон өлкесіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауыл төбелер, Созақтағы Бабата, Құмкент, Шолаққорған, Түкті Әзиз баба әулие... бәрі-бәрі құпиясын ішіне бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай тарихқа кенелер едік, шіркін! Қолды бір босатып алып, зерттер ме еді?! Жазатын, зерттейтін дүние жетерлік екен...» деп жазушы қолбайлау тірліктің құрсауынан бір құтылғысы келеді. Алайда, Мұқаңның Жон өлкесін жата қонып зерттесем деген осы бір арманы ақыры аяқсыз қалды. Дегенмен, жазушы өңірден алған әсері мен шабытын суытпай, «Еңбек туы» аталған төл басылымымыз қазіргі «Ақ жол» газетінің редакциясына барып, «Түркістан солай туған» очеркін диктовкамен жазып, Алматыға аттанып кетіпті. Көп уақыт өтпей, ол очеркі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, сол жылы «Әдебиет және искусство» журналының он екінші нөмірінде жарияланады. Жамбыл жерінің жер-су атаулары Шерхан Мұртаза шығармаларында көптеп кездеседі. Тәңіртау, Ақсай мен Көксай, Тескентау мен Теріс өзені, Мыңбұлақ пен Жуалының қыры мен сайы – бәрі-бәрі автор шығармаларында бірнеше мәрте ұшырасып отырады. Алапат жылдарда алаш арыстарын жағасында атқан Асаның жарқабағы мен алтынкүрек ұйытқыған кәрі Қаратау баурайы, Шақпақтың шақар мінез табиғаты жазушы шығармаларына арқау болған. Әсіресе, «Ай мен Айша» романындағы бала Барсхан мен Айша анасының «Zinger» тігін машинасын арқалап, пойызға жабысып өтетін туннель – Тескентауды жолаушы болған сіз де көрген шығарсыз. От арбаның қою түтініне тұншыққан бозбаланың ішкі толқынысы шығармада: «Дəл осы сəтте дүние жарқ ете қалды. Түнде қайдан жарқ ете қалушы еді. Түн ғой, боранды бозала түн. Сөйтсем, пойыз Тескентау түнелінен шыға келген екен. Түнектен шыққан соң, түннің өзі жарық болып көрінгенін қарашы. Пойыз түнелге кіргенде, паровоздың түтіні шығарға тесік таппай, түнелдің ішін кеулеп кетеді екен ғой. Тұншығып өлмей əрең қалдық» деп суреттеледі. Кейіннен осы бір Түрксібтің таңғажайып бөлігі Ілияс Жансүгіровтың «Төрт жолдың торабы» атты очеркіне де арқау болған. Очеркте Тескентау туралы: «Жыланша жорғалап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмейсің, жыланша сып етіп, інге кіріп кетесің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты…» деп баяндалады. Туған жердің кейде қу мединесі де перзентіне қуат беріп, қиялға қанат бітіретін кездер де болады. Әйтпесе, сонау қияндағы Мойынқұмның да мінезі бар деп кім ойлаған?! Қазақ әдебиетінің жауһар туындысының біріне айналған өр Алтайдың тумасы Оралханның «Құм мінезі» туындысы да Жамбыл жерінің бір түкпірі Мойынқұмда жазылды. Сол кезеңдегі «Лениншіл жастың» редакторы Шерағаңның арнайы тапсырмасымен балаң жігіт қойшы өмірінен сыр тартып газет бетіне материал дайындауы керек еді. Жас журналист бұл міндетті де мүлтіксіз орындап, шағын дүниесі басылым бетінде жарық көрді де. Тек осы сапардан біраз жыл өткесін, Оралханның аталған мақаласы повестке айналды. Қойшы өмірі арқылы қоғамдағы әділетсіздікті суреттейтін шығармада атаққұмарлық пен жалған абыройдың құрбаны болған Бархан тыныш қана атыраптағы бір түйір құм шиыршығы іспетті. Солай бола, тұра ол кезінде алай-дүлей мінез танытатын иен даланың неге үнсіз екендігіне таңырқайды. Таңырқайды да, іштей тынады. Күндегі тірлігінен тыныштық кетіп, қоңсы қонған өз шәкіртінен қорлық көрген Бархан сол замандағы мінезсіз қазақ қоғамының бір өкілі екендігін білсеші... Бұл туралы заңғар жазушы Шерхан Мұртаза өзінің көп томдық жинағының «Ақындар мен әкімдер» бөліміндегі «Оралхан» атты естелігінде: «Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім» деп бастайды да газет жұмысының машақатына тоқтала келе, «... Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң–осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған» деп биік баға береді. Сонымен қатар, Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» романындағы «Атшабар» базары мен Наманган көшесі сынды тарихи мекендер әлі күнге дейін өз қалыбын сақтаған. Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жататын Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» де осы Жамбыл жерінің Жуалы өңірінде орналасқан. Онда осы күні шығармамен аттас бекет жұмыс атқарып тұр. Бұдан бөлек, әрбір кеңес адамының сүйікті әншісі болған Виктор Цойдың «Звезда по имени солнце» әні, «Джентльмены удачи» фильміндегі кейіпкер – Алибабаевичтің Жамбыл туралы тіркесі де қасиетті Әулиеата жеріне арналды. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін мекеннің әлі де біз білмейтін қыры мен сыры қаншама?!  

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар