Ауыл ахуалы айтарлықтай жақсарған
Соңғы бірнеше жылда қуаңшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы саласы зардап шегіп келеді. Барлық нығметті беруші Жаратқанның жомарттығы адамдардың пейілінде болса керек. Бабалардан қалған «Кең болсаң, кем болмайсың» деген өсиетті ұстанған Шу ауданындағы Далақайнар ауылының тұрғындары көктемгі дала жұмыстары басталарда бірлесіп, ас таратып, тасаттық дәстүрін жасауды ұмыт қалдырған емес. Өткен жылы да ауылдағы шаруа қожалық басшыларының ауызбіршілігімен «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген даналықты ұстанып, жаңбыр жауып, егістік алқабымызда егін мол өнім берсін деген ниетпен 8 қойды құрбандыққа шалып, тасаттық берген. Оның ішінде 6 қойдың еті аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы 32 отбасыға таратылып берілсе, 2 қойдың еті «Далақайнар» ауылдық мешітінде Оразада ауыз бекіткен жамағатқа Ауызашар ретінде таратылған. Жиын-терін кезінде ауыл әкімі мен ауыл имамы және шаруа қожалық басшылары бірлесе отырып, мұқтаж отбасыларға 1 қап пияздан үлестіріп беріпті.
Бүгінде 255 үй қоныстанған Далақайнарда 1353 тұрғын бар. Осы тұрғындардың ішінде 4 азамат жеке кәсіпкер ретінде азық-түлік дүкені арқылы далақайнарлықтарға қызмет етіп отыр. Ауылдың жалпы жер көлемі 56816 гектар болса, 11791 гектары егістік алқап. Оның 2211 гектары суармалы, 34867 гектары жайылымдық жер. Бұл ауылда 127 шаруа қожалығы тіркелген.
– Өткен жылы 200 гектар бидай, 600 гектар арпа, 300 гектар жүгері және 10 гектарға қант қызылшасы, 747 гектарға көкөніс, 690 гектарға бақша егілді. Жаңа себілген жоңышқа 300 гектар болса, ескі жоңышқа 731 гектарға себілді. Ауылдағы ірі қара малдарын бағу бойынша ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, екі бақташы тағайындалып, олармен ауыл тұрғындары атынан ауыл әкімімен келісімшарт жасалды. Ауыл шаруашылығы техникасына тоқталатын болсам, 2023 жылы «Жиделі» шаруа қожалығы «Казагрофинанс» арқылы 2 YTO тракторын 42 миллион теңгеге алды. Өткен жылы арзандатылған дизель отынымен 5 шаруа қожалығы қамтылып, 77 тонна алды. Ал, 2 шаруа қожалығы 50 тонна минералды тынайтқыш алды. Жалпы, ауылымызда 2171 мүйізді ірі қара, 1018 жылқы, 22463 қой-ешкі және 4400 үй құсы бар. Ветеринарлық мал дәрігері мал ауруларына қарсы профилактикалық жұмыстарын уақтылы жүргізіп отырады. Мал емдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
Төккен тердің жемісін молынан алуда өрттен қорғану да аса маңызды. Бұл бағытта өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша ауыл тұрғындарымен және шаруа қожалығы басшыларымен жиын өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Билборд ілініп және брошюралар таратылды. Ауыл бойынша өртке қарсы ерікті жасақшылар 11 адамнан құрылды. Өрт болған жағдайда тракторларды тарту үшін 4 шаруа қожалық басшысымен келісімшарт жасалды, – дейді ауыл әкімі Болат Ошанов.
Бұл ауылда өткен жылы 6 отбасының 31 адамына 1898,5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек берілген. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағытымен қоғамдық ақылы жұмыстарға 41 адам, алғашқы жұмыс орны бағдарламасымен 1 азамат жолданып, 7 тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Ал, 1 адам қайтарымсыз грант алыпты.
Далақайнар ауылында 16 көше бар, жалпы ұзындығы 12,78 шақырымды құрайды. Соның 11-іне асфальт төселген, ол 8,72 шақырымды құрайды. Енді 5 көше орташа жөндеуді қажет етеді. Айта кетейік, мұндағы клуб ғимараты апатты жағдайда болғандықтан, мәдени қызметкерлер әкімшілік ғимаратында орналасып, жұмыс істеуде. Ауылдық клубта екі қолөнер үйірмесі жастарды баулып жүр. Учаскелік полиция инспекторына да ауыл әкімшілігінен кабинет берілген. Өткен жылы бұл ауылда 1 қылмыс тіркеліпті.
– Бас прокурордың 2015 жылғы 18 желтоқсандағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» №147 бұйрығына сәйкес жыл басында бекітілген кестеге сай тұрғындарды қабылдап, талап-тілектерін заң аясында орындап отырамыз. Мысалы, өткен жылы жеке тұлғалардан 33 өтініш қабылданып, қанағаттандырылды. Ауыл бойынша өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер алуға берілген өтініштер қанағаттандырылды, кезекте тұрған азаматтар жоқ. Ауыл әкімдігінің аппаратымен «Далақайнар» ауылдық мешітінің имамы, ауылдағы шаруа қожалықтарының басшылары, ел ағаларының демеушіліктерімен тұрмыстық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. 1 қазан – Қарттар күніне орай ауылдағы қарияларға ауылдық әкімдік аппараты ұжымының ұйымдастыруымен, шаруа қожалығы басшыларының демеушілігімен мешітте мерекелік дастарқан жаю дәстүрге айналды, үлкен кісілер ақ батасын беріп, өз ризашылықтарын білдіреді.
«Асар» мен «Жомарт түлек» жобасы 2021 жылдан бері жылда дәстүрге айналып келеді. 2021 жылы ауылымыздың 20 жылдық түлектері елді мекенге кіреберіске арка орнатып берсе, 30 жылдық түлектер әр көше басына атаулары жазылған тақтайшаларды орнатты. 2022 жылы 20 жылдық түлектер ауылымыздағы жас отбасына, ал 2023 жылы 30 жылдық түлектер ауылымыздағы көпбалалы отбасына үй сатып алып берді.
Әрине, жүзеге асқан жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар. Солардың бірі – ауылдық клубтың апатты жағдайы, яғни ауылдық мәдениет үйі қажет. 2023 жылы сметалық құжаттамасының уақыты аяқталуына байланысты жаңадан сметалық құжаттамасы әзірленіп, алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдемін. Екінші мәселе – «Кәусар» бөбекжай бақшаның шатырын ауыстыру керек. Сметалық құжаттамасы әзірленді, құны 9 461 523 теңге. Қазіргі танда аудандық білім бөліміне ұсынылған. Алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз. Ауылдағы 16 көшенің 13-іне көше жарығы орнатылған. Қалған 3 көшеге сметалық құжат дайын. Алдағы сессияға ұсынатын боламыз, – дейді Болат Жақсылықұлы.
Өткен жылы алдыңғы 2022 жылы құрылысы басталған кіші доп алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы 5 миллион 600 мың теңгеге салынған. Былтыр Б.Момышұлы, Бөлтірік, М.Ғабдуллин атындағы көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілген, биыл бірқатар көшелерді асфальттау жоспарланып отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді
- Бүгін, 00:04
Ақ жүрек, адал ниет иесі еді
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді