Қазақ әйелі – ұлттың ұлы намысы

Қазақ әйелі – ұлттың ұлы намысы
ашық дереккөз
Қазақ әйелі – ұлттың ұлы намысы
Қазақ дүниетанымында әйел затының алар орны ерекше. Халқымыз қай заманда болсын, әйел затын ерекше қастерлеп, тұтас тіршіліктің бастауы ретінде қараған. Тарихымыздың тереңіне үңіле отырып, қазақ әйелі қай дәуірде болсын, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл турасында ұлтымыздың ұлық дәстүрлері де, ауыз әдебиеті мен тарихи мұралары да сыр шертеді. Мәселен, сонау сақ дәуірінің өзінде-ақ, көшпенді халықтың өкілдері отау құрар алдында жекпе-жек ұйымдастырып, көңіл жарастырған екі жас ел алдында күресетін болған. Бұл енді ғана іргесі қаланғалы тұрған отбасының болашақ қожайыны кім екендігін айқындап алу үшін қажет еді. Бүгінгі заман тұрғысынан алғанда көзге оғаш көрінетін бұл дәстүр сол кезеңде ерекше тәрбиелік мәнге ие болды. Себебі, қоғамдық құрылымның биік сатысынаы шығып, ел басқару ісіне араласатын кез келген еркек атаулы ең алдымен өз әйеліне сөзі өтетін болуы шарт еді. Осы секілді мұқым елді басқарып, елін жау басқыншылығынан сақтаған Томирис пен даналығымен танылған Зере мен Айғаным, Домалақ ана мен Ұлпан бейнелері қашанда тіршіліктің тірегі, ақылдылық пен сұлулықтың символы болды. Әйел адамға деген құрмет жаугершілік заманда да үзілмей, дала заңымен жалғасын тауып отырды. Мәселен, «Жеті Жарғы» заңы бойынша үйдегі қыз ер балаға тиесілі мұраның жартысын иеленуге құқылы еді. Ал, қазақ сахарасындағы қыздардың ең алғаш білім алуына жол ашқан Бөкей ордасындағы 1883 жылы салынған бастауыш мектеп болды. 1887 жылы Ырғызда Ыбырай Алтынсариннің бастауымен әйелдерге арналған алғашқы арнайы орта оқу орны ашылды. Оның алғашқы оқушылары бірыңғай орыс қыздары болған. 1888 жылға қарай қазақ қыздарының қарасы көбейіп, нәзік жандылардың сауатын ашып, қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасалды. Сол уақыттан бастап, отаршылдықтан ортайып қалған құндылықтар қайта жанданып, әйелдерге жеткілікті дәрежеде құқық беру ісі қолға алына бастады. Осы кезеңнің жарқын өкілдері Алаш арыстарымен бір қатарда ел үшін қызмет еткен Ғайникамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүләйім Байгурина, Гүлсім Асфендиярова сынды тұлғалар үнемі қазақ қыздарының әлеуметтік теңсіздігін ту етіп, «Айқап», «Қазақ» газеттеріне дамылсыз мақалалар жариялап тұрды. Осыған қарап-ақ, қазақ әйелі қашанда өз халқының төлқұжаты, ары мен намысының эталоны болғанын білуге болады. Ұлт тарихындағы ұлы бастамалар мен ұрыстардың басым көпшілігі де ел мен әйел тағдырына байланысты болды. Ол үшін Кенесарының түстіктен Қоқан тиіп, бұрымды қыздарды тақымға басып, салық орнына алып кетіп жатқанда да, Арқадан Сыр бойына ат арылтып алты-ақ күнде жетіп кек алатын оқиғасын еске алсаңыз жеткілікті. Сол секілді Низами, Сағди, Фирдоуси мен Хорезмилер де әйелге жыр арнаймын деп, әлемді жырлап кете барды. Осылайша, әйел заты ұлттың жаны мен жүрегі бола білді.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар