Тіл – ұлттың тірегі

Тіл – ұлттың тірегі
ашық дереккөз
Тіл – ұлттың тірегі
Тіл– мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тіл тағдыры – тұтас ұлттың тағдыры. Тіліміздің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Қазақ тілі – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай. Конституциямыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік берсе, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 «Тіл туралы» Заңының 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі деп атап көрсетілген. Аталған заңның 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп көрсетілген. Демек, мемлекеттік тіліміздің дамуымен нығаюына бағытталған заңдар қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар дайындалып, сол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жасалған. Бірақ, қазіргі уақытта мемлекеттік тілді қолданудың айналасындағы айтыс-тартыстар мен көптеген пікірлер осы уақытқа дейін толастамай келеді. Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға байланысты қиындықтар сот саласына да тән болып отыр. Мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14- бабының талаптарына сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленетіні көрсетілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, соттардағы мемлекеттік тілде қаралған істердің саны әлі тым төмен болып отыр. Оған басты себеп – талап қою қай тілде түссе, сот ісін жүргізу сол тілде жүргізіледі. Келіп түскен талап қоюларды зерделеу барысында, өкінішке қарай, өздері қазақ бола тұра, дауларын сотқа шешуге орыс тілінде береді. Өздері орыс тілін толық игермеген, кейбірі тіпті түсінбейді де. Осыдан кейін олардың көбі өз дауының себебі мен салдарын сотқа жеткізе алмайды. Нәтижесінде өз тілінде сөйлемеген, өз тілінде дауламаған жанның өзіне де, өзгеге де күдігі молаяды. Сенімсіздік туады. Бұл жағдайда, сот, заң талаптары бойынша аудармашыны қатыстыруы қажет. Соттың штатында мұндай қызметкер қарастырылмаған. Бұл істі созбалаңға алып келеді. Ал, сот үшін әрбір азаматтың сотқа еркін қатысып, өз ойын жетік жеткізгені аса қымбат. Әділ төрелік сонда ғана айтылады. Мемлекеттік тілде талап қоюлардың аздап түсуінің тағы да бірден бір себебі, ол тараптардың өкілдері мемлекеттік тілді жетік меңгере тұра, талаптарды орыс тілінде келтірулері кеңінен орын алып отырғанын атап өткен жөн. Өз кезегінде, «Тіл туралы» Заңның 4-бабында Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға міндетті екені бекітілген. Бірақ, іс жүзінде, мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде талап қоюларды мемлекеттік тілде емес, басым бөлігін орыс тілінде беріп отырып, заң талаптарын өрескел бұзып отырғанын көріп отырмыз. Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысады. Осы орайда, заң қағидасына сүйене отырып, мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа да ұйымдар мен кәсіпорындардан талап қоюларды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрайтын уақыт жетті. Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны одан әрі дамыту әр қазақстандықтың қолында деген түсінікпен, әрбір мекеме басшылары өз тұрғысынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізуін талап етіп отырса, мұндай талап арқылы мекеме басшыларының ғана емес, басқа мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге болады деп есептейміз. Мемлекеттік тілге деген жауапкершілік пен құрмет еліміздің әрбір саналы азаматының басты парызы.  

Жанат ДҮЙСЕБАЕВА,

Тараз қалалық сотының судьясы.

Ұқсас жаңалықтар