«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауқымды жобалар іске асырылады

Ауқымды жобалар іске асырылады
ашық дереккөз
Ауқымды жобалар іске асырылады
Бүгінгі таңда облысымыз «Жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асыруға қолайлы аймақ қатарына жатқызылып отыр. Оған облысымызда күн, су және желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанатқақты жобаларының іске асырылуы дәлел. Бұл жұмыстар өңірде 2010 жылдан бері жақсы жүргізіліп келеді. Алғашында облыста жаңартылатын энергия көздерін игеретін жалпы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Ал, 2015 жылы оның қатары 9 нысанға жетіп, 114 мегаватты құрайтын жаңа күн, су және жел электр стансалары іске қосылды. 2021 жылы қуат өндіру 387,8 мегаватты құрап 17 нысанға, ал 2022 жылы 451,3 мегаватқа жетіп, барлығы 21 нысанды құрады. Ал, биыл оның көлемі 551,3 мегаватқа жетіп, бір нысанға көбейіп отыр. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 275,65 мегаваты он жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерінен қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал, әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал, бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Бұған елордадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда. Сондықтан болар, аймағымызда табиғат байлығын игеруге қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар қатары да артып келеді. Бүгінде Франция, Қытай мен Ресей инвесторлары Мойынқұм, Шу, Сарысу, Талас пен Жамбыл аудандарында жұмыс істеуде. Жалпы, елімізде 2883,5 мегаватты құрайтын 146 жаңартылатын энергия көздерін игеретін нысан жұмыс істеуде. Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарда. Мәселен, өткен жылы облысымызда сағатына 1138,9 миллион киловатт электр энергиясы өндірілді. Қарап отырсақ, соңғы 3 жылдың ішінде аймақта шетелдік инвесторлардың күшімен бірқатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 миллиард теңгені құрайтын жалпы қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр станциясы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының 2-ші кезегі іске қосылды. Ал, 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» («Айшуақ») күн электр станциясы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» үш жел электр станциясы (әрқайсысының қуаты 4,5 МВт) жобасы пайдалануға берілді. Биыл Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр станциясының жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 22 жел турбинасын орнату қарастырылса, қазіргі таңда инвесторлар тарапынан 20 жел турбинасы орнатылған. Бұл жобаны қытайлық инвестор осы жылдың аяғына таман пайдалануға беруді жоспарлауда. Алдағы жылдары ауқымды үш ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, оның бірі – Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы. Екіншісі, Сарысу және Талас ауданында «Masdar» (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 500 мегаватты құрайтын жел электр стансасы. Үшіншісі, Сарысу ауданында «China Power International Holding Limited» компаниясы тарапынан қуаты 500 мегаватты жел электр стансасы. Облыста бекітілген даму жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 25 нысанға дейін жеткізу көзделген. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Дамир ТҰҢҒАТОВ,

облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Ұқсас жаңалықтар