Келін мен енені жауластыру кімге керек?
Бүгінде «қазақ киноиндустриясы дамып келеді, миллиардтаған қаржы тауып жатыр» деген ақпарат көп. Бірақ, көрерменге ұсынылып жатқан өнімдердің дені отбасы құндылықтарын әжуалаудан әрі аспай тұр. Әсіресе, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жаңа комедиялардағы «классикалық» сюжетке айналған. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осындай арзан күлкіге қарық болып, әуесқой киногерлердің қалтасын қампайтып отыр. Ал, шын мәнінде сонау әлімсақтан қазақ даласында ене мен келін арасындағы қатынас қандай болған? Ол заманда да келін енесінің жағасынан алып, енелер жас келіндеріне дұрыс қарамаған ба? Әлбетте, олай емес. Сонда ене мен келінді жауластыру қайдан шыққан? Қазақ даласында ене мен келін арасында бүгінгідей бітіспес егес болмаған. Болған жағдайда ол ең алдымен көркем әдебиеттен көрініс табар еді. Алайда, қаламгерлеріміздің жазған дүниелерінде тек қос тарап арасындағы ілтипат, сыйластық, бір-біріне демеу, келіннің ененің аталы жолын жалғап, қалдырған мұрасына ие болып қалғаны, үлкен әулеттің қазынасына айналғаны көп суреттеледі.
Көз алдыңызға Мұхтар Әуезовтің келініне күн көрсетпеген ене туралы шығармасын елестетіп көріңізші. Мүмкін емес қой?! Себебі, мұндай образ қазақ әдебиетінде болмаған. Лироэпостық шығармаларда да, аңыздар мен әфсаналарда да кезікпейді. Кез келген көркем шығармада заманның шындығы сөз болатынын ескерсек, мұндай сюжеттік желі тек қазіргі қазақ прозасынан көрініс табуы бек мүмкін. Бұл – қазақтың келіні мен енесінің арасында ешқашан дұшпандық болмағанына алғашқы аргумент.
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде ықылым заманнан рулық қарымқатынас маңызды рөл атқарған. Сондықтан да екі жастың қосылып, шаңырақ көтеруі жай ғана отбасы болу емес, екі әулеттің құдандалы болып, өрістерінің кеңеюі дегенді білдірген. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы неке екі әулет арасындағы одақтың мызғымас діңгегі іспетті. Мұндай туыстық қатынастар ХХ ғасырдың басына дейін сақталған. Сонымен қатар, екі рулы елді құда қылған жастардың шаңырағы да рулық қатынастар арасындағы әлеуметтік реттеуші ретінде қарастырылатын. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді ұстанғандықтан, өзге рудан қыз алу арқылы туыстық тамыр тереңге тамыр жаятын. Рас, екі жастың арасындағы алаулаған сезім ол кездегі таным бойынша екінші кезекте болатын. Екеуі бір-бірін сүйіп қосылса да, кездейсоқ шаңырақ құрса да екі әулеттің арасын жалғап жатқандары басқа дүниелерден әлдеқайда маңыздырақ еді.
Туыстық қатынастың негізгі субъектісі болғандықтан қалыңдық та, күйеу жігіт те туыстардың алдында оғаш қылық көрсетпей, түзу жүріп, түзу тұратын. Себебі, екеуі екі рулы елдің айнасы іспетті. Олардың әрекетінен алған тәрбиелері, өз әулетінен естіген өнегелері көрініс табатындықтан, әр басқан қадамдары аңдулы болды. Ежелгі қазақ дәстүрінде шаңыраққа жаңа түскен жас келінге зор құрмет көрсеткен, дауыс көтермеген. Келінге аса сақтықпен, әр сөзді аңдап сөйлеген. Егер, оғаш нәрсе айтып, көңіліне сызат түсірсе үйге пәле-жала келеді деп саналған. Табалдырықтан жаңа аттаған келінді үйдің шаруасына жекпеген. Шын мәнінде барлық жоралғылары түгел, жасауы бүтін, сән-салтанатымен келген келінге құрмет те жоғары болған. Тіпті, келін жас босанғанда қырық күнге дейін шақалақты енелер бағып-қаққан. Қырық күнге дейін келін өзіне бөлек тігілген отаудан шықпай, күтінген. Әрине, бала көбейген сайын үйдің тіршілігі көбейеді. Мұндайда да енелер ебін тауып, келіннің мойнындағы жауапкершілік жүгін қатар арқалаған. Шын мәнінде келінге тегін жұмыс күші ретінде қарау – кеңестік кезеңнің кертартпа сарқыншағы саналады. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының аға ғылыми қызметкері Салтанат Асанова пікір білдірді.
– ХХ ғасырда қазақы танымтүсінік үлкен трансформацияға ұшырады. Тіпті, қазақ ауылдарының өзі үлкен өзгеріске душар болды. Халықтың басына түскен түрлі тарихи сынақтар ата дәстүрімізге орны толмас сызат қалдырды. Әсіресе, советтік модернизация бағзыдан келе жатқан мәдениетімізге ауыр соққы болды. Аштық, соғыс және өмір сүру салтының бірден өзгеруі қоғамның түбегейлі басқа арнаға ауысуына тікелей әсер етті. Ашаршылық пен саяси қудалау зобалаңының тұсында зиялылар мен мықтылардың қырылып қалуы да дәстүрдің солармен бірге жермен жексен болуына алып келді. Генетикалық селекция нәтижесінде тірі қалған әлжуаз ұрпақтың дәстүрімізді сақтауға шама-шарқы, рухы жеткен жоқ. Келіннің енеге және ененің келінге деген сыйқұрметінің төмендеуі кеңестік идеология мен қазақ ауылдары бастан кешірген мәдени дағдарыстың жемісі. Ал, шын мәнінде жаңа түскен келінге ұрпақ жалғастырушы ретінде зор мәртебемен, ілтипатпен, ізетпен қараған. Ал, ене келініне екінші анасындай қамқорлық көрсетуге, сырласы болуға талпынған. Келін анасындай болуға тырысып бағатын енесіне ілтипат ретінде сәлем салған. Сәлем салудың ешқандай сөкеттігі болмаған. Керісінше, Еуропадағы корольдік отбасындағы «реверанстың» қазақша баламасы секілді, әулетке, әулеттің үлкендеріне деген құрметтің нышаны. Күнделікті күйбең тіршілікте, тұрмыста келін мен ене бірбіріне соқтығыспаған. Себебі, екеуі екі отауда өмір сүрген. Келін мен ененің бір шаңырақта өмір сүріп, бір-бірімен қырқысуы – отырықшылық өмір салтының ең тұрпайы жемісі десе де болады. Көшпелі өмір салтындағы әйелдің рөлі мен отырықшылық дәстүрдегі әйел мәртебесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Көшпелі кезеңде еркектер елді жаудан қорғауға және мал шаруашылығына жауапты еді.
Ал, әулеттің жоқ-жігітін жамап, қария мен баланың жайын ойлап, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, дүниесін түгендеп отыру – әйелдің міндеті еді. Осындай үлкен міндеттер жүктелетіндіктен де әйелдің орны қашанда ер азаматпен қатар еді. Себебі, әйел ердің жары ғана емес үзеңгілесі, ақылқалтасы, серіктесі болатын. «Қазақ жігітінің үш байлығы бар: алған жары, қора толы малы және денсаулығы», деген осыдан қалған. Осы үшін де қазақтар жар таңдағанда қалыңдықтың ақылына, білегінің күшіне, ары мен ибасына мән берген. Себебі, ертең өз ұрпағының саналы болмағы әйелге байланысты екенін ұғынған, – дейді этнограф. Ғалым сөзінде шындық бар. Келін мен ененің айқасы – отырықшылықтың зардабы екенін түсіндік.
Ежелден қаймағы бұзылмаған ене мен келін сыйластығына түскен сызатқа кеңестік идеология да тікелей әсер етуші фактор. КСРО кезіндегі фильмдерді есіңізге түсіріңізші. Ол жақта бұл қарым-қатынас қалай көрініс табады? Ене әлі сөз байласып үлгермеген ұлының қалыңдығын табалдырық аттамай жатып табалайды. Сынайды, мінейді, сұрақтың астына алады. Келін боп түскен соң қазан-ошағын бөлісе алмайды. Ұлын қызғанып, келінге айдап салады. Соңында айырылысып тынып, мүлікті бөлісе алмай, итырғылжың болып жатқаны. Келіннің шешесі де күйеу баласын көрсе жын көрген бақсыдай бұлқынады. Ал, мұнда қандай даналық? Қандай көрегендік? Бүгінгі комедияларға арқау болып жүрген келін мен ене дауы қайдан шыққаны түсінікті шығар.
Бұл ретте өзге ұлттан келген жағымсыз өнегеге иек артпай, өзіміздің дәстүрлі құндылықтарға бет бұрған жөн секілді. Қазақ киносының маржанына айналған «Гауһартастағы» келін мен ененің қарым-қатынасы қандай керемет?! Көзің сүйсініп, көңілің марқаяды. Міне, бізге осындай мөлдір туындылар керек. Шын мәнінде ене ешқандай да жау емес, келіннің де әулетке дұшпандығы жоқ. Жай ғана қос әулет екі жас үшін мақтадай жұмсақ, топырақтай сіңімді болса, болғаны. Шаңырақ көтерген жұбайлар да жөнін біліп, әулетке деген сый-құрметін сақтағаны абзал. Қазақилықты жабайыландыруды қазірден доғармасақ, зардабын тарта беретініміз анық.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді