- Advertisement -

Оразаға 10 күн қалды. Не істеп үлгеру керек?

17

- Advertisement -

Биыл Рамазан айы 11 наурызда басталады. 10 сәуір – Ораза айт күні.

Мұсылмандар үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айының басталуына 10 күн қалды. Құлшылық айы Оразаға қалай дайындалған жөн? Не істеп үлгеру керек? Төменде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сүйене отырып жасаған маңызды кеңестерді ұсынамыз.

№1. Қаза ораза мен қарызды өтеу
Рамазан айы басталмай тұрып, өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін толықтырып қойған абзал. Сонымен қатар, ақшалай қарыздарды да қайтарып қойған жөн.
Оразаға қатысты парыз бен сүннеттерді, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді тағы бір мәрте оқып-біліп алған жөн.

№2. Ағзаны дайындау
Қандай да бір сынақ алдында дайындық жасайтынымыз сияқты, Рамазан айы жақындаған кезде де ағзаны оразаға алдын ала дайындау қажет. Мәселен, спорт шеберлері ауыр жаттығу жасар алдында денесін қыздыратын жаттығулар жасайды. Әйтпесе, бұлшық еттерге шамадан тыс күш түсіп, сіңірлер зақымдануы мүмкін. Рамазан айында дайындық жасау да сол секілді. Бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпай жүрсе, ағзада үлкен өзгерістердің орын алуына әкеліп соғуы ықтимал. Сол себепті күнделікті ішіп жүрген тамақ көлемін азайта бастаған жөн.
Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия береді.

№3. Жаман әдеттерден арылу
Рамазан айында немен айналысатыныңызды жоспарлап қойған артық етпейді. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктер болса, оны осы айда қайталамауға тырысу керек. Жеңе алмай жүрген жаман әдеттеріңіз болса немесе жақсы әдет қалыптастыруды ойлап жүрсеңіз, оны да жазып қойған жөн. Қол жеткізгіңіз келген қасиет үнемі жадыңызда жүрсін, ол сіздің бейімделуіңізге көмектеседі. Ертеңгі күнді ұйқыға жатпас бұрын жоспарлаған жөн.
Рамазан айында тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Ерте ұйықтап, ерте тұру тәртібін қалыптастырып алған жақсы. Бұл сәресіне кешікпей тұруға жәрдемдеседі.

№4. Ас мәзірін дайындау
Отбасымен бірге сәресі мен ауызашардың ас мәзірін құрып қойған артық етпейді. Ораза кезінде тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді азырақ тұтынған жөн. Оның орнына мейілінше сіңімді әрі жеңіл тамақ жеген дұрыс. Сол себептен Рамазан айы басталмас бұрын қажетті азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Мүмкіндік болса, түшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап қоюға болады. Бұл уақыт үнемдеуге тиімді болмақ.

№5. Тазалық жүргізу
Үйіңізді Рамазан айына дайындаңыз. Толықтай тазалық жұмыстарын жүргізіңіз. Киілмейтін қалың киімдерді жуып, келесі маусымға дейін жинап қойыңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн. Сонымен қатар әктеу, сырлау жұмыстарын да ертерек аяқтап қойған дұрыс.

№6. Алаңдатуы мүмкін істі аяқтау
Рамазан айына құрған жоспарыңызды алаңсыз ұстану үшін аяқсыз алған жұмыстарыңыз болса, аяқтап тастаған жөн. Өзге елге, қалаға қоныс аударуды жоспарлап жүрсеңіз, көші-қонды қазірден бастап әзірлеген абзал. Сауда-саттық жоспары болса, медициналық тексеруден өтуді, тіс дәрігеріне баруды ойлаған болсаңыз, ертерек қолға алған жақсырақ. Құрылыс жұмыстарын да аяқтап қойған жөн.
Егер студент болсаңыз, Рамазан айында болатын емтихандарға қазірден бастап дайындалып алыңыз. Тіпті Ораза айтқа арналған сый-сияпаттарды да қазір алып қоюға болады.

№7. Туыстық қарым-қатынастарды реттеу
Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына  қатысу, арнайы іздеп бару, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ, көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат, тарту-таралғы жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады.
Осы уақытқа дейін қандай да бір себеппен араңыз алшақтап кеткен туысқандар болса, хабарласып, қарым-қатынасты түзеуге тырысқан жөн.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support