«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балаларға берері мол балабақша

Балаларға берері мол балабақша
ашық дереккөз
Балаларға берері мол балабақша
Тараз қаласындағы №33 «Айсәуле» балабақшасында «Экологиялық тәрбие мен білім берудің моделі» атты халықаралық семинар өтті. Оған Түркия, Қырғызстан және Ресей мемлекетінен арнайы мамандар келіп, ғылымит әжірибелерімен бөлісті. Балабақшадағы балғындарға экологиялық құндылықтарды көрсетіп, таза өнімнің маңыздылығы айтылған жиынның әлемді енді ғана танып келе жатқан жеткіншектерге берері мол болды. Жалпы, 2022-2026 жылдар аралығында «Балабақша жағдайында тәрбиеленушілерге экологиялық тәрбие берудің педагогикалық шарттары» атты тақырыпта эксперименттік алаң бекітілген болатын. Бұл экологиялық бағыттағы тақырыптың өзектілігі қоршаған ортаға баланы жастайынан немқұрайлы қарауға жол бермеу мақсатында жүзеге асырылып келеді. – Жоба барысында мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап, экологиялық мәдениетін, экологиялық тәрбиенің ғылыми-теориялық негізін айқындауды мақсат тұттық. Қоршаған ортаға мәдениет принциптерін қалыптастырып, жаңа технологиялар бойынша экологиялық жоба құрып, оның тиімділігін тәжірибе, эксперимент жүзінде тексерістен өткізу көзделді. Былтыр осы бағыт бойынша жан-жақты ізденіп, даярлық кезеңін жүргіздік. Биыл «Гидропоника», «Флорариум» және «Менің туған өлкем» атты үш жобаны қолға алдық. Семинар барысында тәрбиелеу мен оқытудың жаңа тәсілдерін тиімді ұйымдастыру жолдарын ұсынуға тырыстық. Зерттеу іс-әрекеті арқылы инновациялық технологияларды тиімді пайдалану және мектепке дейінгі ұйым меңгерушілеріне ақпараттық әдістемелік көмек көрсету міндетін де қарастырдық. Үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру, өзекті проблемалар мен перспективаларға жол ашу, технологияларды көрсету, әлемдік тәжірибе және мобильді тест өткізу бағыттарын ұсындық, – дейді «Айсәуле» балабақшасының меңгерушісі Нұрзада Үсенқызы. Семинар «Шебер kids» және «Шебер сынып тимбилдингісі» атты екі бөлімнен тұрды. «Шебер kids», «Флорариум табиғаттың шағын зертханасы», «Бала әлеміндегі туған өлке құндылықтары» тақырыбында өсімдікті топырақсыз өсіру әдістері қолға алынып, зертханаларға экскурсия жүргізілді. Пленарлық мәжіліс баяндамаларымен қатар, шығармашыл педагог пен шығармашыл бала шеберлік сыныптары назарға ұсынылды. Шара аясында отандық және шетелдік ғалымдардың экологиялық білім мен тәрбиелік тренингтері, жаңашыл педагогтардың шеберлік сыныптары, дәрістері онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырылды. – Тазалық пен табиғи өнімді өскелең ұрпақ білуі тиіс. Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру үлкендердің басты міндетінің бірі. Мектепке дейін және мектеп жасынан бастап, кішкентайларға дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Аталған балабақша өңірдегі ең үздік балабақша саналады. Іс-тәжірибесі республикалық деңгейде көрсетілген. Бұл балабақшада эксперименттер жиі жүргізіліп тұрады, – деді мектепке дейінгі тәрбие орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева. Семинар барысында Қырғыз ұлттық университетінің доценті Мақсат Сейталиев те өз пікірін ортаға салды. – Жас жеткіншектердің экологиялық білімін жетілдіру мақсатында өткен іс-шараның балаларға берері мол. Өскелең ұрпақтың болашақта өсіпөнуіне, мейірімді болуына, қоршаған ортаны, табиғат ананы аялап үйренулері көп септігін тигізеді. Эксперимент алаңындағы жоба аясында балалар түрлі зерттеу, бақылау жұмыстарына куә болды. Сондай-ақ, мамандар атқарған жұмыстардың әдістемелік құралдары мен авторлық бағдарламаларын шығарып, озық іс-тәжірибелер көрінісі көпшілікке таныстырылды, – деді ол. Бұл балабақшада бұрыннан «Гидропоника» жобасы бойынша бақшада шағын жылыжай жасалып, онда балалармен бірге түрлі көкөніс отырғызуды тәрбиешілер әдетке айналдырған. Балалар бұл жоба арқылы өсімдіктің күнделікті жетілу жолымен танысып, су құю әдісін, түбін қопсытып, әр күлтесін күтіп-баптауды үйреніп келеді. Сол арқылы балалар жастайынан барлық нәрсе үздіксіз ізденіс пен еңбекпен келетінін ұғады. Әрбір жапырақ аялап, баптау арқылы өсіп-өнетінін түсінеді. Бұл балабақша инновациялық технологияларды енгізу арқылы тәрбиелеу үрдісін ұйымдастырып, жас ұрпаққа білім берудің тиімді мүмкіндіктерін пайдаланып, оның ішінде инклюзивті білім беру кеңістігін де қамтыған. Ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларды да дамыту мақсатында құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, түрлі қажетті саладағы педагог мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, балабақшада психологиялық сайыстар, тренинг, көрмелер де жиі ұйымдастырылады. Атааналардың сұранысы мен талаптарын қанағаттандыру мақсатында «Ашық есік» күні де өткізіледі. Ашық есік күндері ата-аналар балабақшаның күн тәртібімен танысып, бүлдіршіндердің күнделікті немен айналысып жүргенінен хабардар болады. Халықаралық семинар барысында да балаларының жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында іс-шараға қатысқан ата-аналармен тілдесудің сәті түсті. – Менің қызым осы балабақшаға барады. Бұл балабақшаның экологиялық бағытта балаларға берері мол. Қыста қалдық заттардан ойыншық жасап, жасыл шыршаны безендірсек, көктемде бақшаның ауласына гүл отырғыздық. Балабақшаның атқарып отырған әр ісі балаларға ғана емес, ата-аналарына да ерекше көңіл күй сыйлайды. Үлкендер кішкентайлармен бірігіп, түрлі тәжірибе жасайды. Бұл бөбекжайдың ерекшелігі – ата-ана мен балалардың басын қосып, мән-мағынасы бар, қоршаған ортаға пайдасы орасан түрлі іс-шара өткізуді әдетке айналдырған, – деді Альфия Тілемісова.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар