Израиль мен ХАМАС тұтқын алмасуы мүмкін
Израиль мен ХАМАС араағайын елдердің көмегімен Газадағы атысты уақытша тоқтатып, тұтқын алмасу бойынша келісімге келуге жақын. Қолда бар мәліметке сәйкес, анклавтағылар кепілге алынған 40 азаматты босатуы тиіс. Израиль тарапы бірнеше жүз палестиналықты түрмеден шығарып, 6 апта бойы атысты доғаруы қажет. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, кепілге алынғандарды алмасу шартын АҚШ, Қатар мен Египет елдерінің делегациялары бірлесіп әзірлеген. Бұған дейін Газа секторындағы халыққа гуманитарлық көмек жіберу жұмысын жандандыру ұсынылған болатын.Дональд Трамп праймеризде жеңіске жетті
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2024 жылғы қарашада өтетін президенттік сайлауда Республикалық партия атынан өкілдік ету мүмкіндігі үшін күресте басты қарсыласы Никки Хейлидің туған штаты Оңтүстік Каролинадағы алғашқы сайлауда жеңіске жетті, деп жазады DW.com. AP агенттігінің хабарлауынша, Ақ үйдің бұрынғы басшысы Оңтүстік Каролинада 60,8 пайыз, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі және штаттың бұрынғы губернаторы Никки Хейли 38,6 пайыз дауыс жинаған. Сонымен бірге, AP агенттігі мен басқа да БАҚ сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден Трамптың праймеризде жеңіске жеткенін жариялады. Хейли жеңілгенін мойындап, Трампты құттықтады. Бұған дейін Трамп Айова штатында және Нью-Гэмпшир штатында өткен праймеризде жеңіске жеткен болатын. Бұл жеңіс республикашылар үшін биыл өтетін президент сайлауында үлкен маңызға ие. Дегенмен, АҚШ-тың жаңа көшбасшысының кім болатыны туралы қорытынды жасауға әлі ерте. «Өйткені, таяу арада қос партияның президенттікке үміткерлерін анықтайтын бірнеше саяси дода өтеді», – дейді сарапшылар.ШЫҰ тағы бір мемлекетпен толығады
Биыл елімізде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24-саммиті өтеді. Халықаралық іс-шара шілде айына жоспарланған. Қазір оған дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы ұйым хатшылығының 20 жылдығы барысында айтылды. Салтанатты қабылдауға ұйымға мүше 9 мемлекет пен бақылаушы елдер қатысты. Хатшылық 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бейжіңдегі тұрақты орган үйлестіру, ақпараттық-сараптамалық, заңды және техникалық жұмысты қамтамасыз етумен айналысады. Ортақ күш салудың арқасында өңірлік қауіпсіздік, саудаэкономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған әлемдегі ең беделді ұйымға айналды. Айта кету керек, 2023-2024 жылдары ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға берілген. Биыл ұйымға мүшелікке оныншы елді қабылдау жоспарда. Бұл тарихи шешім Астанада қабылданады. Оныншы мүше мемлекет ретінде Беларусь республикасы күтілуде.Илон Маск – Нобель сыйлығына үміткер
Норвегиялық депутат Мариус Нильсен сөз бостандығын қорғаудағы еңбегі үшін Илон Маскты бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынды. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлады. Британдық басылымның жазуынша, норвегияның либертариандық прогресс партиясының депутаты Мариус Нильсен Илон Масктың кандидатурасын «диалогты, сөз бостандығын табанды қорғағаны және өз пікірін білдіруге мүмкіндік бергені үшін» ұсынғанын айтты. Нильсен Масктың Starlink спутник желісін де атап өтті. «Маск құрған, иелігіндегі немесе басқаратын көптеген технологиялық компания қоғамды жақсартуға, Жер мен ғарыш туралы білімді кеңейтуге және бүкіл әлем бойынша байланыс орнатып, өзара әрекеттесуге мүмкіндік беруге бағытталған. Олар әлемді неғұрлым өзара байланысқан және қауіпсіз етуге көмектесті», – деді Нильсен. Наурызда Нобель комитеті ұсынылған барлық кандидатты қарап, қысқа тізімді бекітеді. Үміткерлердің арасында британдық эколог Дэвид Аттенборо, австралиялық белсенді Джулиан Ассанж, Рим папасы Франциск, БҰҰ басшысы Антонио Гутерриш, палестиналық журналист Хинд Худари, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг, Колумбия президенті Густаво Петро және АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп бар.Қызылша қаупі төніп тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2024 жылдың аяғына қарай қызылша ауруының өршу қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды Reuters.
«Егер қызылшаға қарсы шұғыл профилактикалық шаралар қабылданбаса, инфекция әлемдегі мемлекеттердің жартысынан көбіне тарап, ауқымы өте үлкен болады», – деп мәлімдеді ұйым. Қызылша ауруының бұлайша көбеюі вакцинацияның уақтылы жасалмағандығынан болып отыр. Коронавирус пандемиясы жылдарында денсаулық сақтау салаларына үлкен жүк түсіп, соның кесірінен егу жұмысы баяулады. Қызылша вирусы – көбіне бес жасқа дейінгі балалар шалдығатын, ауа арқылы тарайтын өте жұқпалы ауру. ДДҰ мәліметтері бойынша, вакцинаның екі дозасы қызылшаның алдын алады. Екпе 2000 жылдан бері 50 миллионнан астам адамды өлімнен аман алып қалған.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді