Ауылдан келген ару
Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі де тегін болмаса керек. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету әсте мүмкін емес. Меркі ауданы, Кеңес ауылдық Мәдениет үйінің «Театр» үйірмесі 1961 жылдан бастап қызметін атқарып келеді. Өнерпаз ұжымға 1964 жылы «Халық театры» атағы берілді. Бұл атақ сол кезде жергілікті тұрғындар үшін үлкен сенсация болатын. Сол жылдары Мәдениет үйі жанынан құрылған театр ұжымына жас режиссер, Жамбыл қаласындағы көркемөнерпаздар училищесінің актерлер даярлайтын бөлімін бітірген Тұрсын Тілеулиев жетекшілік етті.
Осы кездері көркемөнерпаздар үйірмесіне Шөңке Шанауов, Серік Сеңкебаев, Бескен Өміралиев, Кенже Тілеулиева сияқты талантты жастар тобы келіп қосылды. Бұдан әрі, Кеңес ауылдық клуб сахнасында Б.Соқпақбаевтың «Бозтөбеде бір қыз бар», М.Мұхамеджановтың «Егізбай есебінен қалай жаңылды», С.Субханбердиннің «Тергеу аяқталды», Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» пьесаларын халық алдына шығарды. Әсіресе жазушы Әбділда Тәжібаевтың «Той боларда», С.Субханбердиннің «Тергеу аяқталды» спектаклдері ерекше сәтті қойылып, ауыл өнерпаздарының бар талантын ашуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Мәдениет үйі сахнасында Исраил Сапарбаевтың «Ауылдан келген ару» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.
Бұл спектакльде осындай қазақтың бір қызы Гүлдананың тағдыры бейнеленді. Ал, оны сомдаған ауыл мектебінің 8-сынып оқушысы Айару Қуатбек бас кейіпкер Гүлдананың мұңлы тағдырын бейне бір өзі кешкендей, жетесіне жеткізіп орындай білді. Айарудың образға ене білуі оның жетекшілерімен атқарылған үлкен жұмыстың жемісі екені анық. Қарапайым ауылдың қаракөз қызы Гүлдана арман қуып, алып қалаға келеді. Емтиханнан құлап, оқу оқимын деген арманы көкке ұшқан қыз ресторанда ән айтып, нәпақа табудың жолына түседі. Төлен Әбдіковтің «Жас кезде өмір қайнаған базар секілді. Дос та көп, жолдас та көп. Достың досы саған да, дос болып жүретін кез» дегеніндей, күнде думан, күнде той, өмірдің ағы қайсы, қарасы қайсы кім білген. Көңілі мас боп жүрген сондай күндердің бірінде Гүлдана Қаражан ақынға жолығып, алысқа бармай-ақ көңіл қосады.
Алайда, ақкөңіл қыздың армандаған ақбоз атты ағатайы – Қаражанның ниеті қара болып шықпасы бар ма. Ақынның арындаған әдемі сөздері санасы сәби сезімнен арылмаған ақкөңіл қыздың жүрегін жаралайды. Осылайша, ойламаған жерден от басқан Гүлдана тағдырдың теперішіне түседі. Әсілінде, бұл әрбір қыздың тағдырында тууы мүмкін келеңсіз жағдай. Сондықтан, тек театр өнерін дамытуды ойламай, оған қоса қыз тағдырына қатысты өзекті де өткір мәселелер көркемделетін туындылардың таңдап алынуы – бұл ұжымдағы үлкен бастаманың алғышарты екені анық.
Қазыбек КАМАЛ.
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Үш жүзден аса еңбек құқығы бұзылған
- Бүгін, 02:56
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді