Қаһарман Қасым Қайсенов

Қаһарман Қасым Қайсенов
ашық дереккөз
Қаһарман Қасым Қайсенов

Батырдың Жамбыл облысының екі ауданында қызмет атқарғанын білеміз бе?

Әйгілі партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің Әулиеата топырағында еңбек еткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Жазушының «Жау тылындағы бала», «Переславля партизандары», «Ажал аузынан», «Партизан соқпақтары», «Жау тылында» атты кітаптары оқырманға шынайылығымен әсер еткені ақиқат. Қасым Қайсенов Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайса мен анасы Бижамал он баланы дүниеге әкеліп, оның сегізін аман-есен жеткізген қарапайым еңбек адамдары болған. Соғыстан соң Қасым Қайсенов Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің аппаратында жауапты қызмет атқарыпты. Ал, 1947 жылдан бастап Жамбыл өңіріне қызмет бабымен келген. Әуелі Жуалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек еткен. Уақытында өткір, батыл, өжет басшы болған. Қасым Қайсеновтің Жуалыда еңбек еткенін тарихшы, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев айтып берді. Ол өзінің зерттеу еңбектерінде де батырдың аталған ауданға қызмет бабымен келгені жайлы дерек келтірген. Бұл жөнінде Дәулетжанның 95 жас жасаған, ауданға озат еңбегімен танылған анасы Ұлбосын Досанқұлқызының да естелігі бар. «Ол кезде жасымыз отызға да жетпеген. Партия қайда жұмсаса сонда көшіп жүретін көшпенді кезіміз. Әкен жаңадан ашылған Қазақ орта мектебіне директор болып ауысып, Бурныйға көшіп келгенбіз. (Жуалы ауданы бұрын Бурный деп аталған. Ред.). Бұл соғыстан кейінгі 1947 жыл болатын. Үйіміз мектепке жақын терең сайдың батыс бетіндегі қабағында еді. Жанымыздағы ұзын барақта аурухананың бас дәрігері Әділхан деген жігіт тұрды. Оның жанындағы екі бөлмеге Алматыдан Қасым деген жігіт көшіп келіп қоныстанды. Оның әйелі сұңғақ бойлы сары келіншек еді. Қазан-ошағымыз араласып, барымызды ортаға салып аралас-құралас тұрдық. Соғыстың жаңа біткен кезі болғандықтан ба, әлгі Қасым басына шекесінде қызыл жолағы бар папаха, галифе сым аяғына қырым етік киетін. Қасым ауданда атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтатын. Қызметіне байланысты шаруашылықтарды аралап көп жүретін. Үй шаруасына, басқа тірлікке көп мән бере бермейтін. Біз ол кезде Қасымның батыр екендігін білген жоқпыз. Май мерекесі күні кеудесіне барлық орден, медальдарын тағып шыққанда костюмінің өңірінде бос жер жоқ екенін көріп таң қалдық. Көршіміздің жай майдангер емес, нағыз хас батырдың өзі екендігін білдік. Сол жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында көршілер дастархан ұйымдастырып, үш-төрт майдангерді төрге отырғыздық. Сол күні біз жанқиярлық соғыс туралы батырдың өз аузынан естідік. Бірде әкең Жамалбек пен Әділхан екеуі базардан қой әкеліп соймақ болды. Қойдың еті үш бөлікке бөлінуі тиіс болды. Сонда Қасым: «– Жамеке! Қойда қанша жамбас болады өзі? деп қызық сұрақ қойды. Әйтеуір үшеулеп жүріп, бүтін жамбасты балтамен шауып жатып етті үшке бөліп алды. Ертеңіне-ақ ел аузында: «Қойда қанша жамбас болады?», – деген әзіл әңгіме гу ете қалды. Келесі жылы әкеңнің қызметі ауысып біз Талаптыға ал, Қасым Свердлов ауданына көшіп кетті», – деп естелік айтыпты. Мұнан соң Қасым Қайсенов Байзақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып шамамен екі жылдай қызмет атқарған. Қазіргі таңда партизан жазушымен бірге қызмет атқарған ақсақалдар ортамызда жоқ. Бірақ, олардың перзенттері бар. Мәселен, Байзақ аудандық Билер кеңесінің төрағасы Төле Наржанов: «Марқұм Тайқара әкемнен естуімше, Қасым Қайсенов 1948-1949 жылдары Свердлов аудандық (Қазіргі Байзақ ауданы) атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен. Дәл сол жылдары менің әкем «Қарақұм» ұжымшарында партия комитетінің хатшысы, артынша ұжымшар (колхоз) төрағасы болып еңбек еткен. Яғни, Қасым атамен қызметтес болған. Қайсенов өмірде жайдары болғанымен, қызмет барысында қатал кісі екен. Біз әкеміздің әйгілі батыр, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновпен тізе қосып бірге еңбек еткенін мақтаныш санаймыз», – дейді. Бұл сөздің жаны бар. Біз байзақтық өзге де ақсақалдардан Қасым Қайсеновтің қаталдығы туралы естіп білдік. Бір жағы жұмыстың жақсы жүруіне қаталдық та керек. Соған қарағанда, Қасым Қайсенов Әулиеата жерінде аз уақыт қызмет етсе де, із қалдырып, Ұлы Отан соғысынан қалжыраған елдің еңсесін көтеру жолында аянбай тер төккен. Бірақ, кейіннен Қасым Қайсенов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің партия мектебіне шақырылған. Жамбыл жерінде сол партия мектебіне шақырылған 1951 жылдарға дейін еңбек еткен сияқты. Жазушы партия мектебін бітірген соң, Алматыда ұзақ жыл қызмет істеп, патриоттық және майдан тақырыбынан кітаптар жазды. Батыр туралы белгілі тұлғалар жақсы пікір қалдырған. Мәселен, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет: «Жауды қарумен немесе қарусыз өлтірудің 100-ден астам түрін жетік меңгерген кәнігі барлаушы. 1944 жылы елге оралғасын қаруын қаламға алмастырып, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы атанды. 1995 жылы «Халық қаһарманы» атағына ие болып, Алтын жұлдызды кеудесіне тақты» десе, жазушы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов: «Әулиеата өңіріне де еселі еңбегі сіңген. Жуалы, қазіргі Байзақ аудандарында атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарып, бірнеше нысандардың соғылуына үлес қосты. Ұлы Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаевтарды пір тұтқан ер көзі тірісінде халқының қамы, ел дамуы үшін біраз жұмыстарға атсалысты», – деп батырдың ісін жоғары бағалаған.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар