Исхар Лоу, ҚР дүнгендер ассоциациясының тұңғыш президенті, еңбек ардагері.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытайда діни және ұлттық қарама-қайшылықтарға байланысты жергілікті дүнгендер биліктен аяусыз теперіш көріп, амалсыз 1877 жылы орыс патшалығының шекарасына қарай үдере қоныс аударғаны тарихтан мәлім. Жол-жөнекей аштық пен жол азабынан олардың көбі қырылып, екі мыңдайы ғана азып-тозып Жетісу жеріне табан тіреген екен. Қырғыз манабы Шәбден батыр мен Қордайдың бетке ұстар адамы Ноғайбай бидің шапағатымен елсіз бос жатқан Қарақоңыз алабынан жер алып қоныс тебеді. Міне, содан бері бір жарым ғасырға таяу уақыт өтті, біздің қандастарымыз жергілікті ұлт – қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ынтымақты тірлік кешуде. Кеңес үкіметінің қиғаш саясаты салдарынан болған дәулеттілерді тәркілеу, ашаршылық тауқыметтерін баршамен бірге мойнымен көтерді. Кешегі ел басына қатер төнген соғыс жылдарында да жүздеген дүнгендер көппен бірге қолына қару алып фашизммен шайқасқа қатысты. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ел бірлігі бұрынғыдан да нығая түсті. Өйткені, көпұлтты ауданның тұрғындары әртүрлі ұлттар арасындағы өзара түсіністіктің маңызын өте жоғары бағалайды. Қазіргі айналада болып жатқан алақұйын оқиғалар бізді есімізді жиып, етегімізді жинап, сүттей ұйып отырған ынтымағымызға сызат түсіріп алмауға міндеттейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз тәуелсіздіктің 23 жылында бұрын-соңды болмаған абыройға бөленіп отыр. Қазақстанды бүгінде бүкіл әлем біледі. Ғалымдарымыз, өнер қайраткерлері, спортшылар, басқа да саланың мамандары әлемдік деңгейдегі биіктерден көрінуде. Олардың ішінде дүнген ұл қыздары да бар екені мен үшін орасан зор қуаныш. Қазіргі дүнгендер осыдан жүз қырық жыл бұрынғы ұлттық қасіретті ұмытқан. Сол кезде арып-ашып қазақ жеріне құр сүлдері жеткен екі мыңдай дүнгендерден бүгінге дейін бірнеше ұрпақ алмасып, қандастарымыздың саны көбейді. Тек Қордай ауданының өзінде елу мыңға жуықтаса, көрші қырғыз елінде, облыстың өзге аудандарында, Алматы қаласында тұрақты қоныс тепкендері де аз емес. Табиғатынан жер емген ұлтымыздың алаңсыз еңбек етіп өз игілігін өзі еселеуіне елімізде барлық жағдай жасалған. Дүнгендер тығыз қоныстанған Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында жыл сайын дерлік жаңа мектептер салынып, балабақшалар, ауруханалар ашылуда. Мұның барлығы ұлтымыздың болашағына қамқорлық. Бізге ұлттық тілімізді, мәдениетімізді, дәстүр салтымызды еркін қолдануға ешқандай шектеу жоқ. Өткен жылдың соңында ғана Бұлар батыр ауылындағы орта мектептің алдында батыр бабамыздың ескерткіші ашылуын бүкіл аудан болып атап өттік. Оған аудан басшылары, көрші ауылдардан да қазақ бауырларымыз келіп қуанышымызға ортақтасты. Біздің ата-бабаларымызды ұлт ретінде жойылып кету қатері төнген қиын-қыстау күндері кең құшағына алып, күні бүгінге дейін еншісі бөлінбеген туысындай бауырына тартатын кең пейіл халыққа шексіз қарыздармыз. Тәуелсіздігіміздің туы биіктен желбіреуін, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы саналған биылғы жылдың еліміз үшін жаңа биіктер мен жетістіктер жылы болуын қалаймын. Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді