ЕЛДІҢ ЖҮГІ – ЕРДІҢ ЖҮГІ

ЕЛДІҢ ЖҮГІ – ЕРДІҢ ЖҮГІ
ашық дереккөз
ЕЛДІҢ ЖҮГІ – ЕРДІҢ ЖҮГІ

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков жаңа жылдың алғашқы жартысында Елбасының өткен жылда атқарған жұмыстарының ақпарын жариялауды дәстүрге айналдырған. Бір қарасаң, мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бірақ мемлекет шежіресі үшін маңызы зор деректер мен дәйектерден тұратын дүниені зейін қойып оқи бастасаңыз, Елім мен Жерім деген Елбасының ердің ері ғана мойымай көтере алатын ерекше еңбегіне еріксіз таңғаласыз. Елі мен Жерінің қамы үшін Елбасының жер шарының түкпір-түкпіріне баруға тура келетін сапарларға келгенде, елгезектігіне сүйсінесің. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының өмірі мерекемен ғана шектелмейтініне көзің жете түседі. Небары бес күннен аспайтын жұмыс аптасында «бір күн ауру, бір күн сау» боп жүретін кейбір қызметкерлер үшін өзіңнен өзің ұяласың. Мына деректерге қараңызшы, шетелдер мен өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары, түрлі мәжілістер мен отырыстар, халықаралық және республикалық форумдар, конференциялар мен съездер, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдаулар, жұртшылық пен еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарда болу, соның бәрін қоса алғанда, Президент Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен жылы 700-ге жуық хаттамалық іс-шара өтіпті. Мысалы, Мемлекет басшысы өткен жылы 12 мәжіліс өткізсе, соның 8-і Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі басшылығының, орталық мемлекеттік органдар басшыларының, 2-еуі облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен, 2-еуі көшпелі мәжіліс болған. Президент жанындағы консультативтік-кеңестік органдар желісі бойынша Н. Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің, Ұлттық инвесторлар кеңесінің, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің бір-бір отырысы және Қауіпсіздік Кеңесінің 5 отырысы болып өтіпті. Жыл бойы депутаттық корпуспен өзара тұрақты түрде жұмыс жүргізген Президент Парламенттің екі отырысына қатысқан, сондай-ақ, Парламент палаталары төрағаларымен және парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездескен. Мемлекет басшысы жылқы жылы ел өңірлеріне 17 жұмыс сапарын жасапты: Алматы қаласында үш рет, Атырау, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облысында екі реттен, сондай-ақ, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында болған. Сонымен қатар, Астана қаласында да Президенттің ұдайы жұмыс бабындағы кездесулері болып тұратыны белгілі. Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 8 сапарын, сондай-ақ, 17 мемлекетаралық саммит пен 4 халықаралық форумды қоса алғанда, өткен жылы Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы 150-ге тарта іс-шара болыпты. Сондай-ақ, Елбасы 25 баспасөз конференциясы мен брифинг өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа 12 сұхбат берсе, 5 бейнежазба үндеуін жолдаған. Бұдан басқа халықаралық ядролық қауіпсіздік және Қазақстан мен Еуропалық Одақтың екіжақты ынтымақтастығы мәселелері бойынша шетелдік БАҚ-та Елбасының 2 мақаласы жарық көріпті. Президенттің бір жылда 6 600-ден астам құжат қарап, қол қоюы да Қазақстан тарихы шежіресіндегі таңдай қағарлық жәйттердің бір мысалы болып қалары анық. Оның ішінде 118 заң, 266 жарлық, 88 өкім, 18 мәжіліс хаттамасы, 1 027 қызметтік құжат, 4 762 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материал, азаматтардың 331 арыз-шағымы бар екен. Сөйтіп, Мемлекет басшысы, барлығын қоса алғанда, тұлпар жылы 56 күн іссапарда болып, соның ішінде 29 күн шетелде, 27 күн Қазақстанның өңірлерінде өткізген. Қазақстан өзінің Еуразиялық интеграцияны нығайту жөніндегі стратегиялық бағытын ұстана отырып, өткен жылы Ресеймен және Беларусьпен бірлесіп, тарихи маңызы бар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойғаны белгілі. Кейінірек шартқа Армения мен Қырғызстан қосылды. Қазақстан өзінің сыртқы саясатының еуроатлантикалық бағытында да елеулі табыстарға қол жеткізе түсті. «Мәселен, Мемлекет басшысының Бельгияға қыркүйектегі ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі жөніндегі келіссөздер үдерісі аяқталды» деп жазады Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков. Сондай-ақ, ол Америка тарапымен де байланыс белсенді болғанын, атап айтқанда, Нидерландтағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Н. Ә. Назарбаевтың АҚШ Президенті Б.Обамамен кездесіп, кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету, ядролық қаруды таратпау ісіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін қуана хабарлайды. Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясатының интенсивтілігі мен мазмұндылығы да бұдан кем түсе қоймапты. Оның басымдықтары Қытай, Иран, Түркия сияқты өңірдегі ең ықпалды деген мемлекеттермен, сондай-ақ, Орталық Азиядағы көршілермен қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсуге байланысты болған. «Қытаймен қарым-қатынас мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Қытай мен Ресейдің жақындаса түскені байқалған тұста бұл байланыстар қосымша қарқын алды. Мәселен, Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мамыр айындағы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 8 миллиард долларлық екіжақты 15 құжатқа қол қойылды. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және транзит, инфрақұрылымды дамыту, сауда, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты арттыру туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қытаймен арада бастау алған бастамалар мен жобалар Мемлекет басшысының Қазақстанға желтоқсанда ресми сапармен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен болған келіссөздері барысында беки түсті» дейді М. Қасымбеков. Өткен жылдың дерегі мен дәйегінен Қазақстанның Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимылы табысты түрде ілгерілегенін де біліп отырмыз. Президент Пак Кын Хенің елімізге шілдедегі сапары барысында энергетика, машина жасау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, білім беру мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Бүгінде оңтүстіккореялық серіктестермен 22 миллиард долларды құрайтын 15 бірлескен жоба жүзеге асырылуда екен. Балқаш ЖЭС-і, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің құрылысы, Каспийдегі «Жамбыл» кен орнын игеру ісі осы жобаларға тиесілі.

Жылқы жылы мұсылман әлемі елдерімен байланысымыз да едәуір жандана түсіпті. Катардың Әмірі Тамим бен Хамад әл-Танидың, Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл Халифтің, Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстанға сапарлары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашқан. Қазақстан – Иран қарым-қатынасының дамуына серпін берген Иран Президенті Х.Руханидің Қазақстанға қыркүйектегі мемлекеттік сапарының маңызы зор болған. Соның қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық жөніндегі жол картасына, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы келісімдерге қол қойылып, тау-кен өндірісі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салаларындағы, ғылыми-зерттеулер мен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізіліпті. «Өткен жылы Мемлекет басшысы Түркияға екі рет барып қайтты. Маусымда өткен Түркі кеңесінің ІV отырысында Президент Түркияға келешекте Еуразиялық экономикалық кеңестің ассоциациялық мүшесі болуды ұсынды» деген Президент Кеңсесінің бастығы тамыз айындағы екінші сапары барысында сайлауда жеңіске жеткен Президент Р. Ердоғанды ұлықтау рәсіміне қатысқанын, Н. Ә. Назарбаевтың мұсылман әлеміндегі беделі жоғары екеніне оның қазанда БАӘ-де өткен Х Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында «Ислам қаржысы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталуы дәлел бола алатынын жазады. Мемлекетіміздің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының қарқынды дами түскені де қуантады. Қазақстан Президентінің желтоқсан айындағы бірқатар маңызды қорытындыларымен есте қалған Түрікменстанға ресми сапары да өте табысты болған. Атап айтқанда, екі ел арасында Каспий теңізінің табанын бөлісу туралы келісім жасалып, сондай-ақ, Қазақстанның Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азияның нарығына шығуын қамтамасыз ететін «Өзен – Берекет – Горган» теміржол магистралі салтанатты түрде ашылғанын білеміз. Өзбекстан Президентінің Қазақстанға қарашадағы ресми сапары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге бірлесе қарсы тұру, Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысын өткізу туралы, т. б. шешімдер қабылданыпты. Қырғызстан Президенті А. Ш. Атамбаевтың Қазақстанға қарашадағы мемлекеттік сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің IV отырысында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ, күзгі-қысқы жылу беру маусымында көрші елге көмек көрсету жөнінде маңызды шешімдер қабылданған. Қазақстанды халықаралық аренада таныту тұрғысынан Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық бірлестіктер мен халықаралық форумдар аясындағы кездесулерінің маңызы зор болғанын мойындау керек. Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысы 2014 жылы халықаралық ынтымақтастық аясында 17 халықаралық саммитке қатысыпты. Әсіресе, мамыр айында Шанхай қаласында өткен 47 елдің мемлекет және үкімет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV саммиті маңызды халықаралық оқиға болғаны аян. Саммитте жаңа екі мүше – Катар мен Бангладеш елдері қабылданып, сол арқылы форумға қатысушылар саны 26-ға жеткені белгілі. Түркі интеграциясы аясында да жемісті нәтижелерге қол жеткізілген. Н. Ә. Назарбаев Түркі кеңесінің IV отырысында түркі әлемінің келешегі бар даму бағыттары ретінде трансөңірлік көлік коммуникацияларын бірлесе пайдалану арқылы түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін арттыру және ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жүйесінде дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін атап өткен. Жаһандық шиеленістің ширығуы мен тұрақсыздықтың жаңа ошақтары пайда болғанын ескерсек, Қазақстан Президентінің қыркүйекте Душанбе қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысуының ерекше маңызы болғанын көреміз. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігін, ШЫҰ Су комитетін, өңірлік бағыттарға ұдайы мониторинг жасап, талдап отыру үшін Болжам жасау орталығын құру, сондай-ақ, өзара ұлттық валюта арқылы есептесу жөніндегі бастамалары қорытынды құжаттарға, соның ішінде ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына арқау болғанынан хабардармыз. Нағыз серпіліс қыркүйектің соңында Астрахань қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттерінің IV саммиті барысында болды. Каспий теңізінің айдынын бөлісу, браконьерлікпен бірлесе күрес жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экология, экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар келесі саммитте шешуші құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы үшін елеулі құқықтық негіз қалады. Сондай-ақ, Н. Ә. Назарбаевтың қазанда Милан қаласында болған «Азия-Еуропа» форумының Х саммитіне қатысқаны да аталып өткен. Бұл форум барысында Қазақстан осы халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі мәртебесін иеленген. Мемлекет басшысының 11 қарашада Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел ішінде үлкен қолдау тапқаны белгілі. Шын мәнінде, ол Қазақстанның алдағы дағдарыс жылдарына арналған Жаңа Экономикалық Саясатын тұжырымдап берді. Оның өзегін Инфрақұрылымдық даму жоспары құрайды. Президент жеті басымдық қатарында көлік-логистикалық, индустриялық-инновациялық, энергетикалық, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдауды атады. Бағдарламаны жүзеге асыру, сондай-ақ, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында алдағы үш жыл ішінде Ұлттық қордың 9 миллиард доллар қаржысын пайдалану жөнінде шешім қабылданды. Өткен жылы Президент жаңа мерекені – Отбасы күнін атап өтуді ұсынды, соның аясында ол «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніне байланысты өткен салтанатты жиналыста 2014 жылдың негізгі қорытындыларын жариялады. Президент 2015 жылға арналған басымдықтар мен міндеттер туралы айта келіп, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын, ел Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге байланысты алда тұрған мерейтойлық даталардың маңыздылығына ерекше мән берді. Жыл соңында Н. Ә. Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетуге арналған жалпыұлттық акция туралы бастама көтерді. Елбасы тапсырмасымен Жаңа жыл қарсаңында бүкіл еліміздегі облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері республикада тұрып жатқан 5 мыңнан астам соғыс ардагерлеріне арнайы барып, оларға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаттары мен сыйлықтарды табыс етті. 2014 жылы Мемлекет басшысының екіжақты қарым-қатынастар бағыты бойынша шетелдерге 8 сапары болды. Оның 1-еуі – мемлекеттік, 2-еуі – ресми және 5-еуі – жұмыс сапары. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік сапармен Қытайға (19 мамыр), ресми сапармен Нидерландқа (23 мамыр), Түрікменстанға (2 желтоқсан), сондай-ақ, жұмыс сапарларымен Ресейге (28 сәуір), Түркияға (27-28 тамыз), Бельгияға (8-9 қазан), БӘА-ға (28 қазан) және Украинаға (22 желтоқсан) барды. Ал бұл айтқанға оңай, оқығанға қызық болғанымен, ет пен сүйектен жаратылған адам ретінде арқалауы өте қиын шаруалар екені анық. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің елдік еңсемізді көтере түсетін мақаласында айтылған көптеген деректер мен дәйектерді ой елегінен қайта өткізе отырып Елім, Жерім деп еміренген Елбасының ерекше еңбегін қай саясатшының да мойындамасқа және бағаламасқа ләжі жоқ екенін бағамдайсың. Тәубе! Тәубе! Тәубе!

Ұқсас жаңалықтар