Инвесторлар табиғат байлығын игереді
Елімізде табиғат көздерінен балама энергия көздерін өндіру 2010 жылдардан басталды. Оның бұдан ары қарай жедел дамуына Астана қаласында ұйымдастырылған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі серпін берді. Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 2525 мегаватты құрайтын 132 жаңартылатын энергия өндіретін станса жұмыс істейді. Ал, біздің облыста күн, жел және су электр стансаларын салу үшін барлық жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін тартымды. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатовтың Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Шу өңірінде күн, жел мен судан электр қуатын өндіру жақсы жолға қойылып келеді. Өйткені, бұл өңірдегі табиғи байлықты игеруге қызыққан шетелдік компаниялар инвестиция сала бастаған. Соның бірі – француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясы. Бұл компания өзінің серіктесі «M-Kat Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, «Шу-100 мегаватт» күн электр стансасы жобасын жүзеге асыруда.
Компанияның еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Илья Чернодаровтың айтуынша, мұнда орнатылған панельдер 25 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді.
– Біздің бұл жобаны дәл осы Шу ауданы аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның алғашқысы – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жатуында болса, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді Илья Чернодаров.
Бұл станса Жуалы ауданындағы сағатына 100 мегаватт қуат өндіретін «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тие сілі күн электр стансасынан кейінгі аймақтағы ірі жобаның бірі болып саналады. Шудағы стансаның жалпы құны 60 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ, мұндағы құрылыс жұмыстарының бас мердігері Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысын жүргізген «Metka-egn.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Электр стансасы толық қуатында жұмыс істегенде облыста электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір қысқаратыны сөзсіз. Алдағы уақытта стансада тұрақты жұмыспен қамтылатын 10 адам да жергілікті тұрғындардан болмақ.
Оларды инвесторлар қаржысынан арнайы оқытып, осы сала бойынша білімдерін жетілдіруге жіберу жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар, «ШУ-100 мегаватт» күн электр стансасы қуат өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Сондай-ақ, өндірілген қуат «KEGOK» акционерлік қоғамына сатылатын болады. Стансаның өнімі түгелдей қазақст андық элект р жүйе сіне қосылмақ. Бұл – алдағы уақытта аймақта қуат бағасының едәуір арзандауына игі ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ.
Бұдан бөлек, 2013 жылы аудан аумағында «Компания АТ-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйытқы болуымен бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіреді. Мекеме басшылары бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. «Компания АТ-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі уақытта су электр стансасының екінші жобасын жүзеге асырды. Аталмыш серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған стансасы сағатына 2,2 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұрғындары тұтынса, салынып жатқан станса өз өнімін «KEGOK» АҚ-на саудалайтын болады. «Компания АТ-Энерго» ЖШС- ның директоры Саид Ахаев қазіргі жобаны сәтті аяқтап, үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ал, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жетекшісі саналатын «WINDHAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда тарифтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапса, артынша құрылыс жұмыстары бірден басталатынын айтып отыр. Жобалық құны 71 миллиард 500 миллион теңгеден асатын станса өз жұмысын бастағанда шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп беріпті.
Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады. Мұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Бетті дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді