Адал жүрген абыройлы болады

Адал жүрген абыройлы болады
ашық дереккөз
Адал жүрген абыройлы болады
Есте жоқ ескі заманда қылышынан қан тамған қаһарлы патша өмір сүріпті. Бірде әлгі әміршінің жалғыз ұлы айықпас кеселге тап болады. Алыс-жақын елдердегі емші, әулие, молдалар қанша арпалысқанмен, баланың ауруын тап басып айта алмапты. Бұл хабар алыс ауылдың бірінде елеусіз күн кешіп жатқан қарапайым еңбек адамының құлағына жетеді. Әлгі ақсақал баланы алдырып: «Қырық күннен кейін емін айтамын», – деп қайтарады. Арада қырық күн өткенде әлгі ақсақал: «Патшаның науқас баласы бал жемесін. Көп ұзамай жазылады», – деп сәлем айтыпты. Бала бал жеуін тоқтатып, беті бері қарапты. Сонда патша әлгі ақсақалды алдырып: «Сіз неге балама бал жеме деп бірден айтпадыңыз. Неге емін біле тұра, қырық күн бойы неге қинадыңыз. Жазалайын ба, сол үшін», – депті. Сонда ақсақал: – Тақсыр, жазаға бұйырсаңыз, жазаңызды көтеруге дайынмын. Бірақ, датым бар. Балаға бірден айтпаған себебім, ол кезде өзім де бал жеуші едім. Өзім сол нәрседен тыйылмаған соң, перзентіңізге ем қонбайтын еді. Мен сосын қырық күн бал жеуден тежеліп, сосын барып, емделу жолын айттым. Балаңыз жазылды, – депті. Сонда патша орнынан тұрып: «Ақсақал, сіздікі дұрыс екен», – деп, баланың жазылуына себепкер болған қарияға сыйлықтар беріп қайтарған екен. Бұл тәмсілден ұғатынымыз, өзіңнің бойыңда жаман қасиет бола тұра, ұрпағыңа өсиет айтудың оң әсері бола қоймайды. Өзің ұлағатты болмай, ұрпағың ұлағатты болмайды. Бұл сөзімізге әйгілі Құнанбай қажының ғибраттарын мысалға алсақ артық болмас. Ол «Ұрпағым мықты болсын десең, өзің мықты болуың керек», – депті. Заманында Зере әжеміз талай адам бетін қайтарып тастаса да кері шегінбей, баласы Құнанбайға әйгілі Кеңгірбай бидің батасын алып берген екен. Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере әженің тектілігі көп айтылып жүр. Құнанбай көптің мұң-мұқтажын тыңдайтын, қолы ашық мырза, әділ адам болыпты. Кейін екі рет өлімнен қалады. Біріншісінде шешек шығады, екіншісінде жаудың найзасы кеудесіне қадалады. Екеуінде де халық Құдайдан жылап жүріп, Құнанбайдың амандығын сұрайды. Көптің дұғасы қабыл болған екен. Тіпті алыстағы Құнанбайды көрмеген бір кедей оның ажал алдында жатқанын естіп, амандығы үшін құрбандыққа жалғыз сиырын сойып, жоқ-жітікке таратып беріпті. Одан себебін сұрағанда: «Құнанбай мырза менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Қазақтың қасиетті перзенті. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан адал, қолы ашық, мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе, әлі талай жоқ-жітікке көмек қолын созар», – деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, көпке пайдалы бола алсақ, біздің тілеуімізді тілейтін жанның да көп болатыны. Құнанбай немересі Шәкәрімге: «Адал бол, Шәкәрім! Көпке жақпай, адал болмай, абырой- атақ алмайсың», – деген екен. Ал, Құнанбайдың адалдығы жайлы мысал, оқиғалар өте көп. Түйіндеп айтқанда, адал, арлы, қайырымды, ізетті, ибалы болуы адамның өзіне тікелей байланысты. Сондықтан, жасаған әрбір іс жайлы, біреуге қиянат жасамау және ғайбаттамау жайлы ойлана жүрген абзал.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар