«Қара алтынның» түбі көрінсе қайтеміз?

«Қара алтынның» түбі көрінсе қайтеміз?
ашық дереккөз
«Қара алтынның» түбі көрінсе қайтеміз?
Әлемдік ақпарат кеңістігінде осыдан тура он жыл бұрын «мұнай қоры 53 жылға ғана жетеді» деген дерек желдей ескен-ді. Мұндайды естіген мұнай магнаттары абдырап қалған жоқ. Себебі, бұл жаһандық экономиканың артында тұрған алпауыт бизнес өкілдерін абыржыту үшін жасалған айла болатын. Ең қауіпті соғыс – ақпараттық соғыс деген осы болса керек. Мұнай қоры жөнінен әлемде 11-орында тұрған Қазақстан үшін қара алтынның болашағына жасалған бұл болжам құрғақ сөз емес сияқты. Себебі, елімізде баламалы қуат көздерін пайдалану ауқымы күн өткен сайын ұлғайып келеді. Мәселен, Тараздан алпыс шақырым жердегі Жуалы ауданында орналасқан күн электр станциясы орталық Азиядағы ең үлкен нысан саналады. 224 гектар жерді алып жатқан станцияда сағатына 100 мегаватт қуат өндіріледі. Бұл 70 000 үйге жететін энергия көзі. Өз кезегінде күннен қуат алатын электр станциялары мұнайға балама бола алатын жалғыз қуат көзі емес. Бірақ, қара алтын бір күнде қажетсіз болып, әлемнің бәрі бір күнде баламалы қуат көзіне көшіп кетеді деп ойлау да қисынсыз. Дәл осындай оқиға бола қалса, қара алтынның арқасында қалтасы қампайып отырған Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдердің халі не болатынын көзіңізге елестете беріңіз. Қалай болғанда да, мұнай – жаһандық экономиканың өзегі. Ол түрлі транспорт үшін тиімді табиғи отын ғана емес, күнделікті пайдаланып жүрген пластмасса, синтетикалық мата, бояу сынды заттар мұнайдан жасалады. Көмірсутек шикізатының бұл түрі өнеркәсіпте жасалатын өнімдердің 90 пайызының құрамдас бөлігі. Егер күндердің бір күнінде мұнай кенеттен жоқ болып кетсе, адамзат дамуы кейінге қарай кемі он жылға шегеріледі. Мұнайдың күнделікті тұтыну мөлшері тәулігіне 90 миллион баррельді құрайды. Ал, бір баррель 159 литрге тең. Күні бүгінге дейін қара алтынды өндіру қарқыны ұлғайғанымен, пайдалану қарқыны азайып келеді. Өткен ғасырдың 50-ші және 80- ші жылдары арасында шикі мұнайды тұтыну алты есеге артса, 2016-2020 жылдары көрсеткіш небәрі 27 пайызды құраған. Табиғи отын бүгінгі таңда әлемнің жүзден астам елінде өндіріледі. Ал, Сауд Арабиясы, Ресей, АҚШ және Ирандағы өндіріс көлемі әлемдік көрсеткіштің 40 пайызын құрайды. Ірі компаниялар теңіздің түбіндегі табиғи резервуарлардан айдау арқылы қайраң мұнайын игеріп жатыр. Мексика шығанағында орналасқан Independence Hub қалқымалы платформасы теңіз түбінен мұнай өндіретін ең терең нысан болып саналады. Тереңдігі – 2414 метр. Ал, өзіміздің Шығанақтағы Petronius стационарлық платформасы жоғары қарай 609 метрге дейін жететіндіктен, әлемдегі ең биік құрылым ретінде тіркелген. Бүгінде өндіріліп жатқан мұнайдың сапасы күн санап төмендеп келеді. Жоғары күкіртті ауыр мұнайдан гөрі жеңіл мұнай түрі таусылуға жақын қалып отыр. Соңғы онжылдықта мұнай өндірісінің жалпы көлемі газ конденсаты сынды газ өндірудегі жанама өніммен, сондай-ақ битуминозды құмдар мен тақтатас майы сияқты дәстүрлі емес көздер арқылы қамтамасыз етілді.

Әлемде мұнай қашан таусылады?

Соңғы мәліметтер бойынша, 2021 жылы игерілген мұнай қорының көлемі 1,7 триллион баррельді құраған. Таяу Шығыс елдеріне бүкіл әлемдік қордың жартысына жуығы, Венесуэлаға – 18 пайызы, Ресейге 6,2 пайызы тиесілі. Бірақ, өндірістің күрделілігі жағынан да, өнім сапасы жағынан да жер бетіндегі барлық кен орындарының жұмысы тиімді емес көрінеді. Ағайынды ғалымдар Иван және Рафаэль Сандреалардың айтуынша, игерілген қорлардың 29 пайызы жеңіл, 57 пайызы орташа және 14 пайызы ауыр мұнай. Ауыр мұнай битумға ұқсас, құрамында күкірт сияқты қоспалар бар. Бұл салада «Мұнай ресурстары» деген ұғым бар. Оған жиналған қорлардан бөлек, қолда бар техниканы пайдалана отырып өндіруге болмайтын немесе өндіру тиімді емес, сондай-ақ ашылмаған кен орындары енеді. Жұмыс істеп тұрған қорлардың көлемі үнемі өзгеріп отырады. Кен орындарының көпшілігі 1946- 1980 жылдар аралығында ашылды. Ал шарықтау шегіне 1960 жылдары жетті. Содан бері қорлардың өсу қарқыны тұрақты түрде төмендеп келеді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қорлардың небәрі бір баррелі тұтынылған екі қордың орнын толтырады. Дүниежүзілік мұнай қорының көлемі бағалаудағы қателерден ғана емес, саяси себептерге байланысты да дәл болмауы мүмкін. Осыған байланысты 1980 жылдардан бастап ОПЕК жұмыс істеп тұрған қорларға негізделген елдердің қара алтын өндіру квотасын анықтай бастады. Бұл өздігінше үлкен бәсекеге айналды. 1983 жылы Кувейт өзінің қорын 76 гигабаррельден 92 гигабаррельге дейін ұлғайтты, ал бірнеше жылдан кейін Ирак 47 гигабаррельден 100 гигабаррельге дейін, Иран 49-дан 93 гигабаррельге дейін, БАӘ үш есеге арттырды. British Petroleum компаниясының қорлардың саны туралы деректері дұрыс болса, кәдімгі қарапайым мұнай 2070 жылға дейін жеткілікті болуы керек. Дегенмен, адамзат шамамен 50 жыл бойы қарқынды түрде мұнай қорының жартысына жуығын өндіріп үлгерді. Тарихи стандарттар бойынша адамзат мезозой дәуірінен бері қарай (66-252 миллион жыл бұрын) жер қойнауында жиналған мұраның жартысын қажетіне жаратқан.

Әрі қарай не болады?

Соңғы 50 жылда энергия өндірудегі мұнайдың үлесі табиғи газ есебінен 43-тен 33 пайызға дейін төмендеді. Бұл үлес келесі жылдары да төмендей түседі деп күтілуде. Осы үдеріске байланысты жаһандық энергия нарығында көптеген өзгерістер орын алады. Ең бірінші, мұнай өндіру технологиялары жетілдіріледі. Қара алтынға қол жеткізу қиын аудандарда мұнай өндірісі арта бастайды. Дәстүрлі емес мұнай көздерінің үлесі көбейеді. Мысалы, алыстағы Арктикада да өндіріс қарқыны күшейеді. Тақтатас мұнайының, шайырлы құмдардың және көмірсутегі мөлшері жоғары балауыз минералдарының көлемі өседі. Отын ретінде жаңа сұйықтықтарды, оның ішінде биоотынды пайдалану үлесі молаяды. Сутегі энергетикасы дамиды. Көмірсутектерді алмастыру үшін жаңартылған энергия көздері және атом энергиясының үлесі артады.

Экономика мұнайсыз күн көре ала ма?

Жыл басында Халықаралық энергетикалық агенттік жаңартылатын энергияға тартылатын инвестиция көлемі рекордты түрде ұлғайғанын мәлімдеді. Бүгінде олар энергия қуатының 90 пайызын құрайды. Жалпы, Еуропалық Одақ бойынша бұл көрсеткіш 22 пайызды құраса да, Германиядағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 46 пайызға жетті. Еуроодақ елдері бұл үлесті 2030 жылға қарай 45 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал, 2050 жылға қарай Еуропалық Одақ көміртекті бейтарап экономика құруды армандайды. Қазіргі уақытта АҚШ-та 2008 жылмен салыстырғанда жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр энергиясын өндіру 35 есеге өсті. Күн, жел, су энергиясын пайдаланатын жаңартылатын қуат көздерінің үштен бірі Қытайға тиесілі. Қазір аспан асты елінде өндірілетін электр энергиясының 30 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2060 жылға қарай Қытай энергия өндіру саласынан көмірсутектерді мүлде жоюды жоспарлап отыр. Жалпы, British Petroleum болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер астынан өндірілетін отынның жаһандық тұтынуы 85 пайызға төмендейді.

Қазақстанда «мұнайсыз болашақ» бар ма?

Былтыр желтоқсанда Halyk Researh зерттеу орталығы Қазақстанда мұнайдан түсетін қаржыға тәуелділік азайғаны туралы хабарлаған болатын. Елімізде 2023 жылы мұнай экспортынан түскен пайда әрбір қазақстандықтың басына шаққанда 2,3 мың долларға жеткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 2,5 мың долларды көрсетіпті. Зерттеушілердің мәліметінше, жаһандық қуат қорында отандық өндіріс жалпы көлемнің екі пайызын құрайды. Алайда, өзге өндірушілерге қарағанда бізде мұнай экспортынан түсетін қаржыға деген кіріптарлық жоқ. Салыстырмалы түрде есептесек, 2011-2023 жылдары бір адамға есептеген мұнайдан түсетін табыс 3,5 мың долларды құраған. 2015 жылдан бері қарай табыс мөлшері 2 мың доллардың айналасынан аспай тұр. Бұған мұнай бағасының арзандауынан бөлек, газ бен қара алтынды өндіру көлемінің азайғаны да себеп болған. Былтыр алғашқы тоғыз айда Қазақстан шетелден мұнай жеткізуден 27,9 миллиард доллар табысқа кенелген. Өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда бұл – 14,5 пайызға немесе 4,7 миллиард теңгеге аз. Десек те, күні кеше балаларымыздың шотына түскен 100 доллар «Ұлттық қордан» аударылатынын ескерсек, «Ұлттық қордағы» әрбір үшінші теңге мұнайдан түсіп отырғанын қаперге алған жөн. Енді Қазақстанда «мұнайсыз болашақ» бар ма, жоқ па? Өзіңіз ойланып көріңіз. Бұл бір фактор. Қазір әлемдік экономикада мұнайдың бағасы сәл құбыла қалса «көбелек эффектісі» секілді күллі жаһан теңселіп кетеді. Дағдарыстан дегбіріміз қашып, абдырайтынымыз жасырын емес. 2015 жылы сол тұстағы Қазақстанның қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мінберлердің бірінде «Мұнайсыз өмір сүре аламыз» дегені есте қалыпты. «Біз 2000 жылдардың басында- ақ табиғат байлықтарының келешекте бірқатар проблемалар әкелетінін түсініп, мұнайсыз өмір сүруді үйрендік», – деген еді министр. Экс-министрдің болжамы бүгінде қаншалықты өзекті екенін нақты тұспалдау қиын. Десек те, ғалымдардың «болашақта мұнай дефициті орнайтыны анық» деген долбарына қара алтынды өндірудің қиындықтары, экологияға кері әсері, баламалы қуат көздерінің қарқынды дамуы сынды факторлар дәлел болып тұрған сияқты. Сондықтан да «мұнайсыз өмірге» икемделу турасында отандық ғалымдар мен экономистер көбірек ойланса дейміз...  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар