Өткен жылдың маусым айында өткен Ұлттық құрылтай жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вейптерді есірткіге теңеп, одан нашақорлыққа бір ғана қадам қалатынын ашық айтқан болатын. «Ұлт денсаулығына қатер төндірген кесір - вейптер мен электронды сигареттердің әр алуан түрі. Өкінішке қарай, оларды тұтыну, әсіресе жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Олардың кең қолжетімділігі және оларды «зиянсыз» деп жалған дәріптейтін агрессивті жарнама бұған ықпал етіп отыр», – деген болатын.
Осы арқылы қазақтың жас ұрпағына салмақты қауіп төнгенін айтқан Президент Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйелі, пәрменді шаралар қабылдауды жүктеген еді. Денсаулық сақтау министрлігі де елімізде вейпке тыйым салуды ұсынып, жасөспірімдердің бұл зиянды құрылғыларға әуестігі күннен-күнге артып жатқанын жария еткен еді. Осыған байланысты Мәжіліс қабырғасында қоғам үшін, соның ішінде жастарға қатысты маңызды заң жобасы қабылданған болатын. Енді жаңа заңды Сенат мақұлдаса, елімізде электронды сигареттерді өндірумен қатар, тасымалдауға, сатуға толықтай тыйым салынады. Өкініштісі сол, кейбір депутаттар бұл заңға қарсылықтарын білдіруде. Неге?
Қоғамдық дертке айналып үлгерген электронды темекі түрінің денсаулыққа зияны болмаса, пайдасы жоғы анық. Ре сми деректерге сүйенсек, елімізде ересек тұрғындардың 21 пайызы темекі тартады, ал, 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі 10 пайызды құрайды.
Бұл тұста «жастардың осы тауар түріне тәуелділігі неден туындап отыр?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Осы орайда, психолог маманның пікірін білген едік.
– Қазіргі уақытта 14 жастан асқан балалардың 40 пайызы осы құрылғыны пайдаланады. Жасөспірім алғашқыда мұны сән деп ілесуі мүмкін, кейбіреуі өзін ересек сезінгісі келіп пайдаланса, ал бірі қызық үшін, ендігісі іші пысқандықтан шегеді. Айналысатын ісі жоқ, көбінесе қолы бостықтан бала жағымсыз істерге бой алдырып жатады. Бұған баланың жүрген ортасы да әсер етеді. Темекі тартатын жасөспірімдердің тамыр соғысы жиілеп, температурасы артады, шөлдеу, тез шаршағыштық, ашуланғыштық пайда болады, ұйқысы бұзылады. Ерте бастан темекіге әуестік теріні безеу, тері ауруы себореямен зақымдайды және басқа да эндокриндік жүйенің бездерін өзгеріске ұшыратады.
Бұл дерттің алдын алу үшін, ата-ана өздері темекі тартпай, балаларына үлгі бола білсе, олар жастармен темекінің зияны туралы сөйлесе алар еді. Ата-ана мен отбасы мүшелері тым болмаса балалардың көзінше темекі тартпауы керек. Ұстаздар да мектепте темекісіз саясатты ұстанғаны жақсы.
Осы тақырыпта емхана тарапынан біз, психологтар темекінің адам ағзасына келтірер зияндары тура лы айтып, оқушылармен жиі кездесіп отырамыз. Әр балаға өзінің денсаулығына қамқор болуды үйретеміз, жаман әдеттерден жиреніп, жақсыға ұмтылсын деген мақсатпен әр тренингті ойын арқылы қызықты етіп өткіземіз, – дейді «Almaz Medical Group қалалық №4 емхананың психологы Жанар Кеншінбекова.
Сонымен қатар, аталған өнімнің химиялық құрамы да кәдімгі темекіден гөрі анағұрлым зиян. Өйткені, мұнда түрлі хош иістендіргіш түріндегі қоспалардың 2000-нан астам түрі кездеседі. Отандық ғылымда мұның бірқатары зерттеліп үлгермегендіктен, көрсеткіштер толық нақтыланбаған.
Алайда, мамандар бір реттік темекі өнімінің құрамындағы никотин мөлшері кәдімгі темекіге қарағанда 10 есе көп екендігін айтады.
– Вейп – өте қауіпті өнім. Вейпті тұтыну бүгінде, әсіресе, оқушылар арасында белең алып барады. Өйткені, химиялық никотин балаларды осы қауіпті өнімге мәңгіге байлайды. Бұдан бөлек, аталған тауар құрамында пропиленгликоль, глицерин және тағы 2 000-нан астам хииялық қоспа түрі бар. Олардың басым көпшілігі хош иістендіргіштер ретінде пайдаланылады. Мысалы, циннамальдегид, шоколад дәмі негізіндегі 2,5-диметилпиразин және 2,3 пентандион сынды элементтер тыныс алу жолдарының қабынуына және иммунологиялық реакциялардың өзгеруіне ықпал етеді. Мұның бәрі де ағза бойындағы қатерлі ісік тудырушы факторлар болып саналады. Сонымен қатар, жастар арасында көп қолданыста жүрген бір реттік вейпте темекіге қарағанда никотин көлемі он есе көп болып келеді,– дейді Тараздағы « Мейірім» медициналық орталығының онколог дәрігері Бақытжан Мұсаев.
Мамандар дабыл қаққанымен, аталған мәселе аясындағы көрсеткіштер көңіл қуантарлық емес. Мәселен, қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында облыс аумағында вейп тасымалы бойынша 3 заң бұзушылық фактісі анықталған.
Тәркіленген тауарлардың жалпы құны 171 миллион теңгеден асатын 50 мыңға жуық электронды сигаретті құрап отыр.
– Әсіресе, мектеп жасындағы балалар бұл өнімді ересектерге қарағанда көп тұтынады. Күнделікті дүкен айналасында оқушылардың біз секілді азаматтарға сигарет алып беруін өтініп, қолқа салып тұрғандарын жиі байқаймыз. Әсіресе, қыздардың темекінің осы түріне әуестігі артқанын анғардым. Негізінен кез келген зиянды қылықтар жасөспірімдердің жетілу кезеңінде қалыптасады.Бұл жағдайда үй ішіндегі ата-анасы мен аға әпкелері тарапынан қатаң бақылау болса, мұндай қауіпті тенденция қалыптаспас еді,- дейді шаһар тұрғыны Олжас Ерікбаев.
Қауіпті кеселдің алдын алу енді тек отбасы шеңберінде ғана қалып қоймайтын, жалпыға ортақ міндеттердің біріне айналар деген үміттеміз. Заң қабылданар болса, ендігінде жаңа нормаға сәйкес, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Дәлірек айтқанда, вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу, әкеліп, таратқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделмек. Айта кетейік, бүгінде әлемнің 33 елінде вейпке тыйым салынған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді