Сын сағатта да сағы сынбаған спортшы
Жақында әйгілі боксшы Серік Өмірбековпен Жаңатас қаласында кездесудің сәті түсті. Аңыз адамды Сарысу аудандық №30 балалар- жасөспірімдер спорт мектебінен көрдік. Кездесуіміз күтпеген жағдайлармен басталды. Амандықтан кейін «Сен өміріңде таяқ жеп көрдің бе?» – деді боксшы. «Жоқ», – деп едім, «Онда, бүгін таяқ жейсің», – дегені. Батырдың аңғал келетіні рас-ау. Қалай дегенде де, әліптің артын бағып, сабыр еттім. Бір байқағаным, боксшының бойында жасандылық жоқ. Құдай берген болмысы қандай табиғи болса, сөзінде де иненің жасуындай жалғандық байқалмайды. Адамды биіктетіп тұратын осындай тазалығы шығар, кім білсін? Серік Өмірбековтің есімін сонау бала күнімізден, шамамен 35 жыл бұрын естідік. КСРО чемпионы, әскерилер арасында Әлем чемпионы болып ре спубликалық газеттерге суреттерімен жарқырап шыққанда ағаның абыройына талай қызығып едік. Сол алысқа аты кеткен азаматпен арада ұзақ жылдар өткенде журналист ретінде жүздесіп тұрмын.
Серік Кеңесбекұлы шынымен атағы алысқа кеткен спортшы. 1981 жылы жастар арасында Қазақстанның чемпионы болса, 1982 жылы КСРО чемпионы атанған. 1985 жылы әскерилер арасында КСРО және Әлем чемпионы болғаны е сімізде. Дәл осы жылы КСРО – АҚШ, Африка – КСРО ашық чемпионаттарының чемпионы атанды. Ол кезде мұндай деңгейде топ жару нағыз таланттың ғана қолынан келетін. 1995 жылы Азия чемпионы атанғанда жерлестері ерекше қуанса, еліміздегі мамандар Атланта Олимпиадасына баратын үздік боксшы деп бағалады. Аса ауыр салмақта жүріп, осындай жеңістерге жету – қиынның қиыны. Жұдырығы жойқын Серік сын сағатта өзін мойындатқан боксшы. Алайда, сол кездегі саясат бойынша мәселе басқаша шешіліп кетіп, Серік Өмірбеков 1996 жылғы Олимпиада ойындарынан тыс қалды. «Жеке бапкерім Әбдімұрат Ахметұлы жақсылығын аямай, әкемдей жанашыр бола білді.
Жаңатастық боксшы Жүсіп Кәрібозовпен бір залда жаттықтық. Бұйырған жеңістерім де болды. Дегенмен, спорттағы әділетсіздікті көп көрдім. Сондықтан, өзімнің ұл-қыздарымның спортқа келуін қаламадым. Алты ұл-қыздың әкесімін», – деді әйгілі спортшы.
Серік Өмірбеков жайлы аңыз көп. Бір қалталы азаматтар Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков екеуін «Джип» автокөлігін тігіп, жұдырықтастырған екен. Сонда Серік жеңіске жетіп, кәсіпкерлер тіккен су жаңа автокөлікті ұтып алыпты. Ал, қазір өзінің спортта жиған тәжірибесін туған жерінде жас таланттарды шығаруға жұмсауда.
– Біз Серік Өмірбеков ағамызбен мақтанамыз. Ортамызда танымал талантты боксшының жүргені мерейімізді өсіреді. Тағы бір талантты боксшы Жүсіп Кәрібозов ағай да осы мектепте бапкер. Жүсіп ағаның Қуат Сейітхан, Мұрат Әміров, Аян Қажиев секілді бокстан біраз табысқа жеткен шәкірттері бар. Серік ағай осы залдан Қарақат Сартақова деген мықты қызды боксқа баптап шығарды. Қарақат қазіргі таңда жасөспірімдер арасында екі дүркін ел чемпионы, – дейді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Сағидолла Ниетбеков.
«Сабырлы жетер мұратқа» дегендей, кездесуіміз тосын жағдайға толы басталса да, аңыз адаммен кетерде қимай қоштастық. Сол жерден іздеп тауып, мойныма өз қолымен алтын медаль тақты. Мұны әйгілі спортшының ақ тілегі, ізгі ниеті, ризалығы, батасы деп түсіндік.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ұлтына ұлы қуаныш сыйлаған ұл
- 5 желтоқсан, 2024
Бес жерлесіміз Тайландта жұдырықтасады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді