От кешкен Омаров

От кешкен Омаров
ашық дереккөз
От кешкен Омаров
Ел ішінде ерлік жайлы сөз қозғалса қайраты қайнаған, халқының бақытын, ұрпағының болашағын өзінің өмірінен де жоғары бағалаған һәм бағалайтын, ел басына күн туса ештеңеге қарамайтын, кешегі Отан ана жолында от кешіп опат болған оғлан ұлдар, халықтың шын мәнісіндегі қаһарман перзенттері көз алдыңа келеді. Олардың ерлігі жанардан жас балқытады, рухыңды жігерлендіреді. Ар алдаспаны һәм намыс найзасына айналған сондай ержүректің бірі – Ауған соғысының батыры Нұрлан Омаров еді. Сұрапыл соғыстың қай қайсысы да шығынсыз болған емес. Сондай нәубеттің бірі Ауған соғысы еді. Ақтүтек ақпан айының бел ортасы – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Он жыл алаулаған бұл жарияланбаған соғыс оты қаншама жауқазын ғұмырды жалмап кетті. Қаншама ана зарлап қалды. Таудай ұлдар туған жеріне табытпен оралды. Жат жерде жан тапсырды. Тепсе темір үзетін ұландардың шыбын жанын кең дүниеге сыйдырмаған соғыс өрті, оның ішінде Ауған ауыртпалығы кейінгілердің жүрегінде шоқ болып маздап қала берді. Қасіретін қайталап айтуға ауыз бармайтын бұл майданға Нұрлан Амангелдіұлы небәрі он тоғыз жасында аттанған болатын. Батыр оғлан Жамбыл ауданының тумасы болатын. Бала күнінен спортқа бейім, қайтпас-қайсар, өр намысты өжет болып ер жеткен. Солай ол 1987 жылы қатарластарымен бірге Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында әскерге шақырылады. Аталған жылдың сәуір айында ол замандастарымен бірге аудандық әскери комисариаттан Фрунзеге (Бішкек) ат басын бұрады. Бұл жерде бір жеті уақыт өткеннен кейін арнайы жасақ құрамына еніп, Оржоникидзе қаласына жеткізіледі. Жауынгерлік өмірдің қатал қағидалары мен темірдей тәртібіне үш ай суытылған ол, Ауған аумағына аттанып кетеді. Сол сапар оның өмір сапарының соңғы сүрлеуі екенін бөлтірік мінез сезсе де, білмеген шығар... Осылайша оқ пен оттың ортасына түскен ол «шешінген судан тайынбайтын» қазақы қанына сіңген қасиет бойынша, өртпен жалын боп алысты. Ең алдымен Кабулға табаны тиген текті ұл өзінің жан-жақтылығының арқасында қолына қару алып, әскери соғыс техникаларына жанармай таситын көлікті тізгіндейді. Бұл – өте жауапты міндет. Себебі соғыс өрті кезінде жанармай толы көлікті жүргізу тұрмақ, оның маңайына жолаудың өзі үрейлі. Себебі жаудың қаңғыған оғы ең алдымен адамдарға емес, азуынан ажал шашқан әскери техникаларға жанармай таситын көлікке бағытталатын. Сондай қаңғыған оқтың бірі болмаса бірі діттеген нысанасын адаспай тауып жататын да. Нұрлан Амангелдіұлы сондай сұрапыл ажалдың аузынан талай мәрте аман шыққан. Сондай қақтығыстардың бірі Гардез аумағында өткен еді. Нұрланның батырлығы, өмірсүйгіштігі, ержүректігі, тапқырлығы жайлы майдандастарының арасында бір кітапқа сыймас жайттар жетерлік. Жас та болса жолбарыстай жүректі батыр Нұрланның осындай ерліктеріне риза болған капитан Тарасовтың Нұрланды құшақтап «Сені Совет Одағының Батыры атағына ұсынамын» деген ризашылықтан туған әсерлі мақтауы да көзкөргендердің жиі айтып жүретін естеліктерінің бірі. Осы жағдайдан кейін араға көп уақыт салмай Нұрлан батыр «За Отвагу» медалін кеудеге таққан екен. Осындай ауыз толтырып айтарлық ерліктермен шайқаста шыңдалған батыр ұлдың қыршын ғұмырына да ерлікпен нүкте қойылды. «Барлық техникалармен таңғы жетілер шамасында Кабулға жол тарттық. Ұшы қиыры жоқ ұзын әскери керуен. Жетер жерімізге бір күнде жетіп, әрі қарай алға жылжыдық. Араға бір тәулік салып биік әрі ұзақ, қиын асуға аялдадық. Нұрлан жанармай таситын көлік сол арада қалды. Екі сағат өткеннен кейін рұқсат беріліп, алға жылжыған әскери керуен таудың жотасына жете бергенде күтпеген жерден душмандар оқ жаудырды. Олар жоғарыда, біз төменде. Оларға бәрі де алақандағыдай, біздікілер әр тұсты тұспалдап атады. Техникалар тізбегінде Нұрлан тізгіндеген жанармай көлігі үнемі ортада болады. Өйткені ол өте қауіпті нысан. Жаудың көздейтіні де сол. Кенеттен Нұрланның жанармайға толы автокөлігі отқа оранды. Ол жарылса үлкен шығын әрі жол жабылды дей беріңіз. Табанасты шешім қабылдаған Нұрлан екпінмен келе жатқан көлігін құзға қарай бұра жөнелді. Біз «Нұрлан, секір, секір!» – деп шырылдап айқайлап жатырмыз. Қас қағым сәтте лапылдаған жалынға оранған машина құздан құлдырай құлай берді. Сөйтіп, машина сай табанында жатты. Дереу төмен түскен 6 сарбаз жанып жатқан машина кабинасынан Нұрланның денесін әрең шығарып алып, нысаннан 20-25 метр қашықтай бергенде жойқын жарылыс болды. Өкінішке орай, бұл кезде құздан құлаған көліктің кабинасында қатты соғылған болуы керек, Нұрланның денесі жансыз еді» – деп еске алады оның майдандас бауырлары сертке соққан семсердің соңғы сәтін. Талай мәрте қарсыласын қапыда қалдырған Нұрланның осы жолғы көзсіз ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Грамотасымен ғана марапатталыпты. Бір жауқазын ғұмыр – бір жапырақ қағазбен бағаланғаны да санаға салмақ, жүрекке жүк түсіреді. Өрімдей азаматтың өлі денесін көру әкеге де, анаға да, туған елге де оңай болған жоқ. Ұлымыз әскерде жүр деп ойлаған ата-ана үміті үзілген сәтте ғана Нұрланның Ауған соғысында қаза тапқанын бір-ақ білген. Ол өмірден өткен соң, соғыстағы ерліктері ескеріліп «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ауған халқының құрметі», «Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 15 жыл» сынды медальдарымен марапатталды. Ендігі басты парыз – батырдың ерлігін ұрпаққа үлгі ету, рухына тағзым жасап, өшпес өр намысын, сөнбес сәулесін келешекке аманаттау, ұмытпау, ұлықтау. Өйткені, еліне қорғаныш, жауына жолбарыс ұлдар қашанда алаштың ар-намысы, сесі, мақтанышы!  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар