Қасымовтың қасқа жолы

Қасымовтың қасқа жолы
ашық дереккөз
Қасымовтың қасқа жолы
Қуандықтың Қордайдағы балалық шағына оралсам, баланың кенжесі болғасын үлкен әжесі Рахима, анасы Бәзтай оны бетінен қақпай еркелетіп өсіріпті. Қордай трансшекаралық елді мекен болғандықтан, ол кездегі Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласын ортадағы Шу өзені ғана бөліп жатыр. Ержетіп қалған Қордайдың балалары іргедегі қырғыздың астанасына бармай тұрсын ба? Екі күннің бірінде «№32 Георгиевка – Фрунзе» автобусына мініп алып Фрунзеде жүргені. Баланың жастық, бозбала шағы қазақ-қырғыз арасында өтті десек те болады. Фрунзеге барғыштап жүріп алдымен цирк көреді, бір жолы ойламаған жерден бір топ жолдастарымен Қырғыздың академиялық «Т.Абдымомынов атындағы драма театрынан Ж.Тәшенов пен И.Савиннің «Қаладан келген қылжақпас» деген комедиясын көреді. Сол көрген спектакль Қуандықтың өміріне күрт өзгеріс әкеледі. Сондағы басты кейіпкердің ролін ойнағысы келді ме-ау... Балалық арман мен қиял «актер болсам» деген бір сезімнің кілтін ашып жібергендей болады. Сол жылы оқу бітіріп, әдебиеттен шығарма жазғанда да еркін тақырыпты қалап, екі беттік шығармаға «Актер болсам» деген арманын түсіріпті. Бір нәрсенің қисынын келтірейін десе, Құдай шебер ғой. Сол жылдары Қуандықтың әпкесі Гүлжахан Қасымова Шералы Тұранқұлов атты азаматқа тұрмысқа шығады. Шералының әпкесі Дариға Тұранқұлова (қазіргі кезеңде Т.Жүргенов атындағы академияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері) Құрманғазы атындағы өнер институтында сахна тілінен сабақ беретін ұстаз екен. Дариға Қуандықтарға құдаша боп шығады. Дариға құдашаның бір қыдырып келісінде Қуандықтың анасы Бәзтай ұлын құдашасына «Дариға, қарағым, мына баламды саған тапсырамын, осының бойында өнерге құштарлық бар сияқты. Баламды өнерге баулып, қанаттандырсаң арманым жоқ. Мен өзім өнер десе ішкен асымды жерге қоюшы едім. Осы Қордай ауылында менімен жағаласып ән салып, той бастайтын бір әйел жоқ еді. Ертеректе Қордайға Роза Бағланова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжановалар келіп концерт қойғанда мен де солармен бірге сахнада ән салушы едім. Сол кісілер өздерімен бірге Алматыға әкетеміз дегенде апам Рахима жібермей қойған. Арманым солай өшкен еді. Өзім шыға алмаған сахнаға балам шықса деген ішімдегі арманым еді, құдаша. Қолыңнан келсе бағыт-бағдар беріп, көмектесерсің», – депті жарықтық. Келер жылы Қуандық мектепті де бітіреді. Апасының айтуымен, ағасы Жапардың қолдауымен Алматыға Құрманғазы атындағы өнер институтына баруын барады да, бірақ балалық па, жүрексіну ме, әлде өзіне деген сенімсіздік пе, институтты жағалап, актерлікке дайындалып жүрген қыз-жігіттерді көреді де құжаттарын алып, сол кездегі екі жастың біріне арман болған политехқа құжатын тапсырады. Бірақ онда жолы болмай құлап, Қордайға қайтады. «Путь Ленина» колхозында әкесі Құлмамырдың қасында жүріп шопанның көмекшісі болады. Келесі жылы анасының айтуымен баяғы өнер институтына қайта барады. Студенттерді қабылдап жатқан КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова екен. Бұл жолы апасы жақсылап тапсырған болу керек, Дариға құдаша дайындық емтиханына біраз көмектеседі. Сәтін салып, Шолпан апайдың класына қабылданады. Студенттік қызық күндер басталады, бірақ Қуандықтың көңілінде күмән ба, басқа ма, осы оқуға мен дұрыс түстім бе әлде адастым ба деген күдік кіреді. Оның үстіне, әр қиырдан жиналған балалармен «ит мінезінің» арқасында тіл табысуы да қиындайды. Ақыры өзімді де қинамайын, тағы ойланайын дейді де, әскери комиссариатқа барып сұранып, әскерге аттанады. Бұл әскерде жүргенде қамқоршы анасы қайтыс боп кетеді. Екі жылдан соң әскерден оралып, оқуын жалғастырайын десе, құжаттары сақталмаған. «Жазған құлда шаршау жоқ», қайтадан оқуға бірінші курстан қайта түсуге тура келеді. Бұл жолы курс жинап жатқан атақты Асқар Тоқпановтың өзі екен. Алдында жарты жылғы көргені, оқығаны бар онша қиналмастан Асекеңнің класына қабылданады. Бұл жолғы курстастары сайдың тасындай кіл мықтылар болып шықты. Бүгінгі қазақ театр, кино өнерінің қаймақтары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Байғали Есеналиев, Мұрат Ахманов, Исбек Әбілмәжинов, Болат Ұзақов, марқұм Шопан Кәрібаев, Қадырғазы Қуандықов, Сахан Әкелеевтер. Талантты тұрысынан танитын Тоқпанов Қуандықты осы мықтылардың, курстың старостасы сайлап қояды. Солай төрт жыл староста болып, «Тоқпановтың тоқпағында» шыңдалып шығады. Оқуды бітірісімен Қуандық Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 1984 жылдан 1998 жылға дейін актер болып қызмет істейді. Актерлік өнері туралы кейін реті келгенде айтатын боламыз. Бүгінгі әңгіменің арқауы Қуандықтың режиссерлығы жайлы болмақ. Қуандық Жамбыл театрында актер бола жүріп әлемге танымал режиссерлердің қойылымдары мен тарихын зерттей бастайды. Мықты режиссер театрға репертуар қалыптастырумен қатар, жақсы актерлер труппасын да қалыптастырады. Орыс театрларын айтпай-ақ, өзіміздің қазақ театрының мықтыларын бір түгендесек, тұңғыш профессионал режиссер Асқар Тоқпанов өзінің мықтылығын «Абай» спектаклін қоюмен қатар, Абай роліне Қалибек Қуанышбаевты ойнату арқылы тарихта қалды. Бұл режиссерлік көрегенділік, дәлдік, шеберлік. Әзірбайжан Мәмбетов, Сәбира Майқанова, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әнуар Боранбаев, Төлеубек Аралбаев сияқты актерлердің басына жеке-жеке спектакльдер қойып, оларды да, өздерін де танымал етіп, талай биіктерді бағындырды. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» трагедиясындағы Толғанай бейнесін Сәбира Майқановаға ойнатуы Мәмбетовтың көрегенділігі, кейін Ф.Шарипова ойнады, бірақ Майқанова сол биігінен бір төмендеген жоқ. «Қан мен тердегі» С.Оразбаевтың Сүйеу қарты театр тарихында бүкіл спектакльді жалғыз өзі көтеріп, ұстап тұрған алтын діңгек. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында Ә.Молдабековке Жантық ролін ойнатуы «әкем театрда» үлкен құбылыс деп бағаланды. «Ақ кемеде» Ә.Боранбаевтың Момын шалды ойнауы үлкен жаңалық болып қабылданып, актердің жаңа қыры ашылып, Ә.Боранбаев осы рольмен асқан танымалдыққа ие болды. Мұның бәрін осы жерге орайын келтіріп отырғанымыздың себебі, осынау үлкен мектептен сырттай тәлім-тәрбие алып, көкірегіне тоқып жүрген Қуандық та араға уақыт сала келе актерліктің ауылынан режиссерлікке бет бұрады. Бұл жай ғана еліктеу-солықтау емес, тас түйін болып бекінген тірлік болып шықты. Сол сахна мен мәдениет майданында жүріп өз қолтаңбасын, әріптестер арасында «Қасымовтың қасқа жолы» деген термин қалыптастырды. Қуандықтың актер бола жүріп қойған режиссерлік жұмысының бірі де бірегейі – Бикен Римованың «Қос мұңлық» драмасы десем, режиссердің өзі де келісер. Бұл тағдырлы қойылым болды, сонысымен де Қуандыққа ыстық, жанына жақын. Тағдырлы дейтініміз, спектакльдің премьерасы алдында қойылымды көркемдік кеңеске тапсыру болатыны белгілі. Көркемдік кеңес қойылымды қабылдайды, бірақ сол кездегі театр басшылары спектакльдің жақсы жақтарына емес, жекелеген актерлердің жұмысын жоқ қылуға күш салып, тырнақ астынан кір іздегендей, тіпті басты рольдегі актрисаларды қатты сынап, жігерлерін құм қылады. Бұл жерде актерлердің емес, жас режиссердің болашағына балта шабудың астыртын әрекеті деп қабылдасақ та болады. Ертесіне премьераға автордың өзі – Бикен Римова немересін ертіп келіп қатысады. Спектакль жақсы жүргендей болады, бірақ Қуандықтың күткеніндей болмайды. Спектакльді қабылдауды алдын ала ұйымдастырғандар өз деген мақсаттарына жетеді. Басты рольдегілер өз рольдерін селқос ойнап шыққандай. Режиссерге сенімсіздік туындағаны көрініп тұрады. Премьерадан соң Бикен апай Қуандыққа рақметін айта отырып, «Сенің үйіңе барамын», дейді. Бикен апамыз Қуандықтың өнеріне тәнті болып, келіншегі Айжан екеуі үйелмелі-сүйелмелі екі баласымен тұратын бір бөлмелі пәтерінде түннің бір уағына дейін әңгімелесіп, қойылымның авторы мен режиссердің діттеген ойы бір жерден тоғысып, Қуандықтың есінде мәңгі қалған әдемі кеш болады. Талайды бастан өткізген ұлы актриса спектакльдегі «кесірдің» қайдан келгенін дөп басып, ақыл-кеңесін айтып, келіншегі Айжанға құлағындағы саф алтыннан зергерге арнайы соқтырған «Айсырғасын» тағып, аналық ақ батасын береді. Сөзі дуалы, өзі уәлі қазақ мәдениеті мен өнерінің ардақтысы Би апамның сол батасының құдіреті шығар, Айжан Атымтаева бүгінде Батыр ана, «Алтын алқа» мен «Қазақстанның мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Жамбыл облыстық қазақ драма театрында еңбек еткен жылдары Қуандық үшін де, актерлік ансамбль үшін де жемісті жылдар болды. Қ. Қасымовтың режиссер ретінде толыққанды қалыптасу кезеңі 1998 жылдан басталады десек, қателеспеспіз. Өте сәтті қойылған спектакль Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні» драмасы болды. Мұнда тұтастай актерлік ансамбль өте сәтті рольдерге белгіленген, әр актер өз орнында және сол кезеңде әлі сахналық шешімдерге пластикалық би, әрекеттер дендеп ене қоймаған кезең болатын. Сол шешімді Қуандық «Сократ түніне» батыл пайдалана білді. Бұл шешім өз кезегінде соны жаңалық болып қабылданды. Соның айғағы ретінде кейін Бішкек қаласында өткен атақты жазушының жетпіс жылдығына орай өткен «Айтматов және театр» атты халықаралық театрлар фестивалінде Қ.Қасымовтың «Сократ түні» қойылымы «Ең үздік режиссура», «Ең үздік әйел бейнесі», «Ең үздік екінші пландағы бейне», «Ең үздік эпизодтық роль» деген төрт бірдей номинация бойынша марапатталып, Қырғыз Республикасының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Осы жерде актер түгілі ақындарды мойындамайтын Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының «Сократ түні» спектаклін көргеннен кейінгі пікірін келтіре кетсек сөзіміз салмақты шығады деп ойлаймын. «Бұл қойылымда тәуелсіз еліміздің ең көкейкесті мәселелері көтерілген. Бар-жоғы 23 актер 36 образды сомдап шықты! Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Қарабай Сатқанбаев, Майра Әлімбетова, артистер Әнапия Ахметов, Жүніс Әлімбеков, Спандияр Мұқышев, Гүлшат Қыпшақова, Мәлік Ақүрпеков, Ержұма Әзім, Ұлан Абзалиевтердің шебер ойынына әбден тәнті болдым. Қуандық Қасымов – Алаш Анасының сүтін арда еміп, ұлттық уызға жарыған хас шебер екен!». Серік Ақсұңқарұлы. М.Байджиевтың «Құдалар» трагокомедиясы, республикалық 4-фестивальде «Үміт» сыйлығын иеленді. Сол жолы қазылар алқасының төрағасы болған Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов Қуандықтың болашағынан зор үміт күтетінін айтып, өзі туралы жазылған И. Шостактың зерттеу еңбегі «Режиссер Мамбетов» кітабын сыйлайды. Осыдан біраз уақыт өткенде Әзекең белгілі театр сыншысы Әлия Бөпежановаға берген сұхбатында «Негізі жамбылдық Қуандық Қасымов пен талдықорғандық М. Ахманов менің шеберханамда сабақ алған жоқ, бірақ қойған қойылымдарындағы қолтаңбасына қарап, спектакльдермен жұмыс істеу тәсілдерін байқап менің шәкіртім деп есептеймін. Ал, өздері Мәмбетовтің шәкірті едік десе, өздері білсін» депті (Наурыз. 1999 жыл). Мұндай баталы сөзді ұлы режиссер, театр әлемі корифейінің аузынан есту әр режиссердің арманы. Осыдан кейін бірер жыл өткенде Мәскеуде Халықаралық театр олимпиадасы өтеді. Сол олимпиадаға Әзекең Қуандықты арнайы шақыртып, айтулы жиынға ертіп барады. Мұнда дүниежүзі сахна қайраткерлері Т.Сузуки, Д.Доннелан, Д.Бонионистермен танысып, тәжірибе алмасып, шеберлік мектебін көріп, талай жылдарға азық болар біліммен сусындап келеді. «Жақсыдан – шарапат», деген осы болар. Аға буынның өзіне деген сенімінен кейін Қ.Қасымовтың режиссурадағы қолтаңбасы айшықталып, жаңа белестерге бет алды. 2000 жылдан бастап Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қуандық Қасымовтың кезеңі басталды. Театрда шығармашылық ахуал, жағдай жасау режиссердің міндеті, оған ынтымақтаса ықпал ету – бүкіл ұжымның міндеті. Қуандық облыстық театрда бас режиссер болып еңбек еткен кезеңде тура осы ахуал бұлжымай іске асып отырды. Шетелге шығып, дүниежүзілік фестивальге қатысу деген облыстық театрдың тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болатын. 2009 жылы Египеттің Каир қаласында өткен бүкіләлемдік эксперименттік театрлар арасындағы фестивальге «Қыз Жібек» спектаклімен қатысып, шет мелекеттерге алғашқы болып жол ашқан да Қуандық. 2017 жылғы театрдың 81-маусымында Румынияның Тырговиште қаласында өткен «ВЕВЕL F.E.S.T- 2017» халықаралық театрлар фестиваліне «Қыз Жібек» саунд драмасымен қатысып, «Ең үздік танымал спектакль» номинациясының лауреаты болды. Бұл тек Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ғана қатысқан фестивальдері. Ал, республика көлеміндегі қазақ, орыс театрларымен қоса, өзбек, қырғыз театрларына қойылған спектальдердің халықаралық, республикалық әртүрлі деңгейде өткен фестивальдерінің ұзын саны – 49 екен. Олардан 41 номинация бойынша жүлдені қанжығаға байлапты. Бұл – Қуандық Қасымовтың адал еңбегінің таза жемісі мен жеңісі. Енді осы жүлделердің ар жағында қаншама еңбек, ұйқысыз түндер, маңдай тер, майданға бергісіз жұмыстар атқарылғанын өзіңіз пайымдай беріңіз. Осыншама қыруар еңбектің өтеуін Қырғыз елі ғана бағалап, 2013 жылы Халықаралық Ш.Айтматов клубы ассоциациясының шешімімен әдебиет, өнер мен мәдениет саласы бойынша Ш.Айтматов шығармаларын сахналап, ұлы суреткердің терең ойлы фәлсафасын көркемдік биік деңгейге көтеріп, қоғамның дамуына үлес қосқаны үшін Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықты кеудесіне тағыпты. Мемлекетіміздің театр өнерін Европа мен Азияға насихаттап қана қоймай, сол елдерге талантын мойындатқан қайраткерге бүгінде екі ән айтып, оның өзін фонаграммамен сүйемелдеп жүрген өлеңшіге үлестіріліп жатқан атақтың Қуандыққа бұйырмай жатуы өкінішті-ақ.  

Асқарбек СЕЙІЛХАН,

ҚР Еңбек сіңірген артисі,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Ұқсас жаңалықтар