Әкемнің көзін көрген абыз ақсақал еді

Әкемнің көзін көрген абыз ақсақал еді
ашық дереккөз
Әкемнің көзін көрген абыз ақсақал еді
Өмірді нұрландырып тұрған жаны ізгі, шуақты, парасатты адамдар шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, қатыгездікке толы қоғамда қасиет қалмайтын еді. Осындай нұрлы шуақ, ұлағат, пайдалы ақыл, жылы жүрек Баттал Жаңабайұлының бойынан молынан табылушы еді. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген нақыл бар. Бұл нақылдың мағынасы терең. Бұл сөздің мағынасын 1993 жылы әкем өмірден өтіп, ұзақ жыл Баттал көкемнің қамқорлығын сезінгенде түсіндім. Баттал Жаңабайұлы ұзақ жыл әкеммен қызметтес болды. Бірі – облыстық бас газеттің басшысы, бірі – аудан басшысы болды. Араларынан сыйластық үзілген жоқ. Бұл екі кісіге де ерекше аяулы адам – Дінмұхамед Қонаев. 1994 жылы халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалы құрылғанда Баттал аға екеуміз алғашқылардың қатарында қордың мүшесі болдық. Үнемі филиалға назар аударып, байланысып жүрдік. Баттал аға Дінмұхамед есімі мен қызметін құрметтеуге арналған қордан еш көмегін аяған жоқ. 2011 жылы Тараз қаласындағы №2 қарттар мен мүгедектер үйінің директоры қызметінен зейнетке шықтым. Сол кезде Баттал Жаңабайұлы көкеме: «Мен осы Қордың жұмысына барайын, сіз де қолдап отырыңыз» деп өтініш жасадым. Мен аталған Қорға директордың орынбасары болып бардым, Баттал Жаңабайұлы Қордың Құрметті президенті болды. Сол кезде Баттал ағаның беделін салып, Қор жұмысын біршама жақсарттық. Баттал ағайды сыйлайтын үлкен лауазым иелері, мекеме және кәсіпорын басшылары көп еді. Мен жас күнімнен әкемнің түрлі суреттерін, газеттерге жазған мақала-естеліктерін бір керегі болар деп жинап жүруші едім. Әкемнің 90 және 100 жылдығына арнап кітап шығарттық. Сол кітапқа Баттал Жаңабайұлы «Жүрек жалыны» атты естелік мақала жазып берді. Баттал аға жайлы естелікті ұзақ айта беруге де болады. Тоқсаннан асқан шағында да үйіне қоңырау шалсақ, өзі телефонды көтеріп, ұзақ сөйлесіп қалушы едік. Ал, кейде өзі үйіме қоңырау шалып, хабарымды біліп тұратын. Таңданғаным, менің отбасымдағы адамдардың есімдерін еш ұмытпайтын. «Болат күйеубала қалай? Балалар қалай?» деп барлығын жүрегі елжіреп, жанашырлықпен сұраушы еді. Баттал Жаңабайұлы көптеген шәкірт дайындады. Еліміздің ақпарат кеңістігінде «Баттал Жаңабайұлы» деген есімді алтын әріппен жазып қалдырды. Сондықтан, ағайдың есімі ешқашан ұмытылмайды. Қай кезде де құрметпен еске аламыз. Ел-жұрты еске алады. Ол кісіден көзі тірі кезінде бата алып, ол кісіні құрмет тұтқандар көп болды. Баттал Жаңабайұлы өзі де құрметке лайық, абыз деңгейіне көтерілген кісі. Енді аңыз адамға айнала беретіні анық.  

Күләш НАЗАРБЕКОВА,

Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар