Асыл адам айнымас

Асыл адам айнымас
ашық дереккөз
Асыл адам айнымас
Құдай мені жақсы адамдарға жолықтырды. Жақсылармен бірге жүріп, бірге қызметтес болуды маңдайыма жазды. Ағалардың аялы алақанымен ағардым, қамқорлығымен қанаттандым. Жақсылардың шарапатымен жанымыз шуақтанып, жүрегіміз нұрланды. Олармен дүние дөңгеленіп, өмір жалғасып, жақсылық атаулы салтанат құрып, жарық дүниеміз барынша әсем, барынша көркем бола түсетіндей. Жақсылардың қасында жүру бақытына бөленуден артық не бар? Соңынан ерген інісі әрі шәкірті болудан артық не бар? Оның ішінде тұтас бір дәуірдің дарасы, елінің данасы, күллі қалам ұстағандардың ұлағатты ұстазы болған Алатаудай Баттал ағамыздың тұлғасы дараланып тұратыны хақ. Алла әуел бастан Баттал Жаңабайұлын қалам иесі етіп жаратқан секілді. Журналист мамандығына адал болды. Осы мамандықтың жалына жармасып, тізгінін ұстап, оған қылаудай кір келтірмей жүріп өткен шығармашылық жолына, қаламына адалдық танытқан ғұмырына тәнті боласың. Қаламгерлік қызметтің қадір-қасиетін биіктетіп, оны барынша аялап, жан жүрегімен сүйіп, оған барлық қабілет-қарымын арнады. Осы салада жүрген адамдардың қандай болу керектігін өзінің талантымен, парасатымен, аса құнды жазған дүниелерімен дәлелдеп кетті. Ең бастысы, өз дәуірінің тынысын дөп басып, жылнамасын қағазға түсіріп, өз ұрпағына мол мұрасын, өшпес өнегесін, жарқын қолтаңбасын қалдыра білді. Көлдей көңілін білдіріп, дархан жүрегімен қамқорлық жасап, жан жылуын берген бір адам болса, ыстық құшағына біз секілді інілерін сыйдыра білген бір қадірлі азамат болса, бізге рух беріп, биікке бастаған қайратты бір тұлға болса, ол ел білетін Баттал Жаңабайұлы болатын. Осыдан 46 жыл бұрын облыстық «Еңбек туы» газетінің табалдырығын имене аттағаным есімде. Университетті енді аяқтаған жас маманға сенім артып, жұмысқа қабылдады. Ахмет Қазыбаев ағамның сөзін жерге қалдырмай азабы мен мехнаты мол, жұмысы күндіз-түні қайнап жататын өмірдің бәйгесіне қосып жіберді. Қаламы жүйрік ағалардың ішінде құнан шабыспен бар қабілетімді көрсетуге тырыстым. Солардың шаңында қалып қалмай, шабытты шақтарымды бастан өткердім. Астамдығы жоқ, араша түсері көп ағаларымның ортасында өзімді еркін сезініп, қанатымды қатайттым. Жиырма жылға жуық өмірімнің жарқын күндері осы басылымда өтті. Ширығып, шыңдалдым. Журналистік жолымның шұғылалы шақтары осында көрінді. Өмірімнің сәулелі сәттеріне кезіктім. Алтындай асыл ағаларымның аялы алақандарының арқасында арман еткен биіктерге көтерілдім. Талай асулардан асып, талай белесті артқа тастап, мақсат-мұраттарға жетсем, соның бәрінде басылым басшысы болған Баттал Жаңабайұлының тәлім-тәрбиесі мен ақыл-кеңестерінің мол болғандығын несіне жасырамын. Сүйегі асыл азаматтың, Алатаудай асқақтаған абыз ақсақалдың таңдаулы шәкірті бола білгенімді Жаратқанның үлкен нығметтерінің бірі деп есептеймін. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз 80 жылдығына орай туған жеріне келді. Таразда және туып-өскен ауылында мерейтойын өткізді. Облыстық қазақ драма театрында басталған той «Сәтті» мейрамханасында жалғасты. Сол кездегі облыс басшылары, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ағаның иығына шапан жауып, қолына темір тұлпардың кілтін тапсырды. Сөз алған мерейтой иесі облыс басшысына алғысын жаудырды. Көп созбай ортаға Жамбыл облысының Құрметті азаматы, тоқсандағы қарт журналист Баттал Жаңабайұлын шақырып, айқара құшақтап, бауырына басты. – Алдымда жүрген ағам ғой, біз жазуды осы ағамыздан үйрендік, – деді ағынан жарылып. – Маған кигізген шапанды Баттал ағама сыйлаймын, қабыл алыңыз, аға, –деп шапанын шеше бастады. Сол сәтте әкім Баттал ағаның иығына шапан жауып, басына бөрік кигізді. Ғылым қайраткері мен қалам қайраткеріне жиналған жұртшылық ризалығын білдірді. Баттал Жаңабайұлы шын мәнінде қасиет қонған текті адам, облысқа қадірі бар азамат болатын. Менің шығармашылық кешіме қатысып, жаңа шыққан кітабымның тұсауын кесіп, шын жүректен ақ тілегін жеткізді. Кейде хабарласпай қалсам, мені өзі іздеп, байланысқа шығатын. Ұзақ күттірмей үйіне барып, сәлем беремін. Төрдегі диван үстінде абыздарша отырған ағамның айбарлы жүзіне, еңселі тұлғасына қарап, Тәңірі жарылқап отырған жақсылықтары мен молынан берген шапағатын, күш-қуатын байқайтын едім. Сөзіне, ізгі ниетіне алғысымды айтатын едім. Жақсы адамдар қартаймайды, асыл адамдар асқақтайды, тұлпарлар алысқа самғайды. Баттал Жаңабайұлының 90 жылдық тойында Өмірбек Байгелдиев сөз сөйлеп, ақ тілегін арнады. Ағалықтың қадір-қасиетін ұқтырып, біздерді жүрек отымен жылытқан, журналистердің ұлағатты ұстазы атанған қалам қайраткерінің тоқсанның бел ортасына шыққан мерейлі белесін ағайын-туыстары, бауырлары мен жақындары, әріптестері тойлаған едік. Сол жиында баршамыз ол кісінің 100 жасқа толған ғасыр тойына жетуді Алладан тілеген едік. Бірақ, ол күнді көру біздерге бұйырмады. Баттал Жаңабайұлы даналық қасиетінен айныған жоқ. Жақсы қартайып, әдемі ғұмыр кешті. Тоқтамай, үнемі алға қарай қадам басумен болды. Өмірінің соңына дейін айнымайтын асыл адамдардың санатынан көрінді. Шыққан биігінен төменге пайым-парасатпен қарайтын тұлғасынан қанағат табатын едім. Баттал Жаңабайұлы шын мәнінде бақытты қария болатын. Кезінде өзі басқарған облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойының да куәсі болғаны жадымызда. Бұл басылымнан бес жас кіші болса да, Алатаудай асқақ тұлғасымен, ешкімге ұқсамайтын марқасқа, маңғаз қалпымен осы тойдың көркі мен ажары болып, оқырмандар мен барша қаламдастарға ақжарма тілегі мен ақ батасын арнаған еді. Аяулы ағамыздың өмірден өткеніне 40 күн болып қалыпты. «Марқұм» деген сөз тіл ұшында тұрса да айтқым келмейді. Айта беретін бес күндік жалғанымыз мүмкін осы болса керек. Жақсы адам бақиға аттанғанда оның артында үш нәрсе қалады дейді. Олардың бірі – ұрпағы, екіншісі – кісіге жасаған жақсылығы, үшіншісі – шығармалары. Құдайға тәуба, қаламгер ағамызда осының үшеуі де бар. Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.

Ұқсас жаңалықтар