Цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті

Цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті
ашық дереккөз
Цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті
Соңғы бес жылда Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны бес есеге өсті. Өткен жылы елде бұл диагноз 12 мыңнан астам балаға қойылған еді. Облысымыз аутизмі бар балалар саны ең көп 8 өңірдің қатарында тұр. 1975 жылы әлем бойынша 5 мың баланың біреуіне ғана аутизм диагнозы қойылыпты. Ал, 2005 жылы 500 бүлдіршіннен 1 сәби аталған дертке шалдыққан. 2023 жылғы статистикаға қарасақ, әрбір 45-ші бала – аутист. Америкалық орталық жүргізген зерттеу нәтижесінен соң АҚШ педиатрия академиясының ғалымдары кішкентай балаларға мультимедиялық құрылғыларды көрсетуге тыйым салған. Зерттеушілердің айтуынша, баланың ерте жастан телефонға таңылуы оның ойлау қабілетін тежейді. Міне, ақпараттық технологияның жедел дамуы осылайша «инновациялық» дертті өршітіп отыр. Осыдан келіп медициналық терминдердің ресми тізіміне қосылмаса да, қоғамда «цифрлы аутизм» ауруы пайда болды. Сенаторлар да бұл аурудың белең алғанына алаңдап, депутаттық сауал жолдаған еді. – Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті. Өйткені, ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Оқушы балалардың 40 пайызының өз аккаунты бар. Осының салдарынан балалар аулаға шығып ойнамайды. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді. Кибермания сұмдық жылдамдықпен өрістеп жатыр. «Цифрлық тәуелділік» деген диагноз халықаралық аурулар классификациясына еніп отыр. Цифрлы аутизм, цифрлы ақыл-ес кемдігі, фейсбук депрессия, цифрлы Альцгеймер, цифрлы теңіз ауруы ресми болмаса да тіркелді. Онлайн ойындарға тәуелділікті де осы қатарға жатқызуға болады, – деп дабыл қаққан еді сенатор Нұртөре Жүсіп. Расында да, солай. Жыл өткен сайын кеш сөйлейтіндер мен көзі нашар көретін балалардың саны артып барады. Әсіресе, пандемиядан кейін смартфонға жіпсіз байланған цифрлы заман ұрпақтарының денсаулығы нашарлапты. Екі жыл бұрынғы статистикада бұл жағдай үш есеге кем еді. Сарапшылардың пікірінше, балалар денсаулығының нашарлауына гаджеттер мен компьютерді жиі қолдану және шамадан тыс ақпарат ағымы кері әсер етіп отыр. Сондықтан, Үкімет Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне оқу үрдісінде денсаулыққа зияны аз технологияларды іріктеп, енгізу туралы тапсырма берген болатын. Тараздық Әлия есімді келіншек кішкентайын көтеріп логопедиялық орталықтарды жағалап жүр. Оны алты жасар ұлының болашағы алаңдатады. – Кішкентай кезінде оның сөйлемегенінен қатты қорыққан жоқ едік. Көрген туыстарымыз «Мен бес жасымда сөйлегенмін», «Менің де тілім кеш шыққан» дейтін еді. Біз де баламыздың мінезі салмақты, мүмкін кеш сөйлейтін шығар деп ойладық. Бірақ балам төртке толғаннан кейін мен қатты ойландым. Мұның еркелік емес, ауру екенін білдім. Әрекетсіздігімнен баламды мүгедек ете жаздадым. Бірақ, шүкір, қалада мүмкіндік көп. Екі жылдағы нәтижеміз жаман емес. Баламның тілі шыға бастады. Туылғанда сап-сау, денсаулығында ешқандай ақау болмаған баламның бұл ауруын мен телефоннан көремін. Жеті айынан бастап телефоннан мультфильмдер көрсеттім. Бір жасында сағаттап көретін болды. Өзім өте жұмысбасты болдым да, оның тыныш жатқаны маған қолайлы еді. Бала ол жасында ойыншықтарын шашып, үйді шашып, қалағанын сұрап ойнайды емес пе? Менің балама тек телефон керек еді. Алып қойсам жылайтын. Берсем қоятын. Сөйтіп өз қолымды өзім кестім. Нәтижесі, міне, баламды жетектеп әлі жүрмін. Меніңше, аутист бала жоқ. Оны, біздер, ата- аналар салғырттығымыз бен жауапкершіліктің жоқтығынан жасаймыз. Ерте бастан белгілі болған аурудың да алдын алмай құртамыз. Оның үстіне, телефонға телміру бұл ауруды одан сайын асқындырып жатыр, – дейді ол. Бүгінде облысымыз бойынша 4 аутизммен ауыратын балаларға арналған, 3 логопедиялық орталық бар. Қосымша жекеменшік логопедиялық орталықтардың саны да көп. Зейіні тұрақсыз, сөйлей алмайтын балалардың көбеюі мұндай орталықтардың қатарын көбейтіп отыр. Психологтардың айтуынша, цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға өте кішкентай кезінен тәуелді болуы. Енді-енді есін біле бастаған бала айналасында болып жатқан дүниелерге назар аударудың орнына телефонға телміріп, бар қызықты тек соның ішінен іздейді. Тіпті, басқалармен араласуды білмей де қалады. Мұнан соң баланың ақыл-ойы, сөйлеу, жалпы қоғаммен қарым-қатынасы шектеле бастайды. Ал, бұл дегеніңіз – аурудың нағыз белгісі. – Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар саны тым көбейіп барады. Әсіресе, сөйлеу тілінде бұзылысы бар балалар өте көп. Оның нақты себебін ешкім де айта алмайды. Цифрлық аутизм балалардың отбасы мүшелерімен байланыстың жоқтығынан туындап отырған дерттің түрі. Баланың көзінше ұялы телефон ұстамай, оны мүлде бермей, теледидар көрсеткен күннің өзінде шектеулі уақытқа ғана қазақ тілді мультфильмдер қоюға кеңес беремін. «Оның есесіне, баламен сөйлесіп отырып ойын ойнау, баланың жалпы моторикасын дамытып, эмоциясын шығару үшін оны таза ауада көбірек серуендетіп, балабақша мен ойын-сауық кешендеріне апару. Қазір ұлдардың тілі мүлде кеш шығады, төрт жасқа дейін сөйлей алмайтын балдырғандар да бар. Егер бала екі жастан асқанша сөйлей алмаса, дереу мамандарға қаратқан абзал, – дейді «DAMU» коррекциялық дамыту орталығының жетекшісі, дефектолог Әлия Зайнеденова. Маманның айтуынша, әуелі баланы невропатолог тексеріп, сосын логопед-дефектолог онымен жұмыс істеуі керек екен. Қазақылыққа салынып, «әкесіне тартқан», «еркелік қой» немесе «ағасының да тілі жай шықты» деп жүре беру баланы одан әрі құрдымға кетіреді. Ал, психолог Лимана Қойшиева бала тамақ ішетін кезде планшетті іздесе, теледидар көріп отырып тамақ ішкісі келсе, ұйықтар алдында телефонды жиі пайдаланса, сырттағы адамдардың эмоцияларын түсінбесе, бұл – цифрлы аутизмнің белгілері. Ол сол арқылы ғана әлемді қабылдайды. Сондықтан ата-аналар балаларымен шынайы өмірде қарым-қатынас жасай алмай қалады. «Цифрлы аутизм балалардың бір жарым жасынан бастап дами бастайды. Бұл мәселені айтып дабыл қағып жүргенімізге біраз болды. Әдетте, сәбилер тыныш отырмаса, ата-аналар мазасын алмау үшін қолына планшет ұстатып, тамақ береді. Цифрлы аутизмнің алғашқы кезеңі де осы кезде басталады. Бұл өте қауіпті. Өйткені, тамақ ішіп отырған баланың жұтқыншағы ішкі ағзалармен байланысты. Телефон қарап отырып тамақ ішкен баланың жеген тамақтарын ми қабылдамайды. Әдетте адамның миы не жеп отырғанын, қалай жеу керегін бақылап, ағзаларға сигнал беріп отырады. Ал бұл жағдайда мидың ақпаратты қабылдау функциясы бұзылады. Цифрлы аутизммен ауыратын балалар смартфонға қарамаса тамақ жей алмайтын деңгейге жетеді, – дейді ол. Түйін: Ілкіде үлкендер жағы тілі кеш шыққан балаларды нағашыларына апарып, қойдың ішегімен «қылғындыратын». Ал қазір қолдан жасаған ауруға қандай ырым жасағандаймыз?.. ...Айтпақшы, цифрлы аутизм тек балаларда ғана болмайды. Қалтаңыздағы телефонға қайта-қайта қарай бергіңіз келіп, әлеуметтік желіде күніңіздің көп бөлігін өткізетін болсаңыз, бұл дерт сізде де бар.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар