Қаратауда аты қалған хас батыр
Қазақ тарихында «Бөкей» атымен қалған бірнеше көрнекті тұлға бар. Әлбетте, ол тізімнің басында Батыс Қазақстанда әйгілі Бөкей ордасын құрып, қалыптастырған Бөкей сұлтан тұрмақ. Бөкей есімімен белгілі екінші танымал тұлға дулаттан шыққан Бөкей батыр. Салауатты сана Қазақстанның оңтүстігіндегі барша ономастикалық, топонимикалық атауларды осы даңқты батырдың есімімен байланыстырады.
Ташкенттің кеңестік дәуірге дейінгі тарихында өзбектен гөрі қазақ этносының ізі басым. Оны бәрі біледі, бәрі мойындап та қойған.
Оңтүстік өңірдегі белгілі топонимикалық атаулардың осы Дулат Бөкей батыр есімімен байланыстырылатынын айттық. Бөкей бабаның жауынгерлік, қолбасшылық жолының бір парасы осы Өзбекстанға өтіп кеткен Ұлы жүздің қолды болған өңіріне тікелей байланысты.
Мәселен, қазіргі таңда Шыршық өзені маңында жергілікті халық әлі күнге дейін «Бөкей бекінісі» деп атайтын көне қамалдың қирандысы сақталған. Ол аз десеңіз, өзбек жерінде Бөкей деген аудан да бар көрінеді.
Әлбетте, тағдыры қазаққа архив емес, ұрпақтан ұрпаққа қасиетті мұра болып жеткен ауызша фольклор берді. Орыс еліндегідей жылнама (летопись) жазу үрдісі де болған жоқ.
Бірақ әруағын қадірлеген халық сол ауызша әфсаналар арқылы болған, өткен тарихты сол болған, шынайы қалпында баяндауды қатты қадағалады. Ел арасындағы әңгіме-баяндар сол бекіністі де, ауданды да Бөкей бабаның даңқты тұлғасына телиді.
Дегенмен, сиқымнан шыққан дарынды қолбасшы туралы біздің заманға жеткен жазба деректер де баршылық. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Абылайханның оң және сол қолында отырған негізгі қолбасшылары арасында «шау тартқанына қарамастан әлі де күш-қайратынан айырылмаған Бөгенбай батырмен қоса, керей Жабай батырдың, қыпшақ батырлары Дербісал мен Маңдайдың, дулат Бөкей батырдың отырғанын жазады».
Осы атақты трилогияда Бөкей бабаның қандай денгейдегі қолбасшы болғанын көрсететін барынша айқын тағы бір дерек бар. «Дулат руынан жаушы келіп, Абылайға дулат руының Бөкей мен Садыр батырлар бастаған бес мың (!) сарбаздың көмекке келе жатқанын жеткізді», – деп жазады Ілияс Есенберлин.
Бес мың адамдық әскери жасақты көзге елестете беріңіз! Қазіргі өлшемде саны жөнінен дивизияға жақын қосын. Әлбетте, дивизияны генерал, ең жоқ дегенде полковник басқарады. Демек, Бөкей бабаны Абылайханның белгілі де танымал генералдарының бірі болды деуге толық негіз бар.
Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Дербісәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,
Сары менен Баянды айт уақтағы, –
деп жырлайды Тәтіқара жырау Бөкей баба туралы.
Күні бүгінге дейін атақты Қаратаудың ең заңғар ұшары үш ғасырдан бері «Бөкей тауы» деп аталады. Бұл тау іс жүзінде Қаратау сілемдерінің стратегиялық нүктесі. Таудың қос қапталында Ташкентке қарай созылатын екі ұзын жолы бар.
Шамамен 1758-1760 жылдары Қоқан ханы Әлім көп әскермен Ұлы жүз қазақтарының жеріне басып кірді. Атақты Абылайхан басқыншыларға қарсы күресті басқарды. Ханның жанында оның қандыкөйлек серіктері – Дулаттың бес мыңдық қолына басшылық жасаған белгілі батырлар жас Бөкей Сұлтанұлы мен қарт Шағыр Әлібекұлы да болды. Қоқандықтар жеңіліп, бітімге келеді.
1756 жылы дулаттар Шыршық, Қарасу бойынан атамекенге – Шуға көшіп, түпкілікті орнығады. Бұған төмендегідей географиялық атаулар дәлел: Дөрмен жайлауы (Дөрмен батырдың атымен аталған), Аламан жайлауы (Аламан батыр), Боқбасар тауы (Боқбасар батыр), Боқсары тау (бұл тау Төлебай батырдың немесе Сүйрік батырдың есімімен байланысты болса керек).
Дулаттарды жоңғарлар шабады. Тез есін жиған ел әскер жинап, оны басқаруды бұрыннан белгілі ержүрек те ақылды батыр Дөрмен Шағырұлына тапсырады. Оған Аламан батыр, Боқбасар батыр, Төлебай батыр, Сүйрік батыр, Бөкей батыр және басқалар көмектеседі. Осылайша дулат жеке ірі әскери күш ретінде алғашқы рет ұрысқа қатысады.
Жалпы Бөкей батыр бастаған дулат әскерінің алты Алаштың тәуелсіздігі жолында көрсеткен ерліктері туралы халық арасында әнгіме көп. Әсіресе, дулат қолының жоңғармен соғыстағы ерлігі туралы жиі айтылады.
Қазақ дәстүрі бойынша жер мен суға ат берудің өзіндік тәртібі, жазылмаған ғұрпы бар. Этноономастика соны айтады. Ат қоюға белгілі тұлғаның жасаған ерлігі мен қоса жердің өзінің де лайықты болуы шарт.
Қаратаудың ең биік сілемінің Бөкей тауы аталуы да тегін емес. Бұл жерде батыр бастаған дулат қолы қазақ-жоңғар соғысының ең жарқын беттерінің бірі саналатын айтулы оқиға өткен.
Орыс тарихында поляк басқыншыларын қалың орман арасына жол көрсетем деп алдап апарып қырғынға ұшыратқан Иван Сусанин деген даңқты персонаж бар. Соңғы тарихта осы тақылеттес ерлік көрсеткендердің бастауын да осы Сусанинге жатқызады.
Бізге салса, мұны да үстем ұлттың ұлы ерліктерді өзіне телуі дер едік. Ақиқатында басқыншыларды иесіз, сусыз шөл далаға алдап апарып қыру оқиғасы сонау Кир патша заманындағы біздің сақ бабаларымыздың қызылбастармен болған соғыста алғаш жүзеге асқаны тарихта жазылған.
Сақ бақташысы Ширак деген жігіт өз еліне басып кірген қызылбас әскерін осылайша шөл далаға алдап апарып қырғынға ұшыратқан деген деректер бар ұлы тарихта.
Қазақтың әскери тарихында мұндай ерлікті жасаған алғашқы батырдың бірі – осы Бөкей баба.
Қаратау сілемдерінде қазір Бөкей тауы деп аталатын жерден оңтүстікке қарай өтетін бес-сегіз шақырымдық асулы жол бар. Қазақ даласына соғыспен келген жоңғардың қалың әскерін Бөкей бастаған дулаттың бес мың қолы осы дәлізбен өткізбей шөл даламен жүруге мәжбүр еткен.
Дулат әскерінің, оның дарынды қолбасшысы Бөкей батырдың осы ерлігінің арқасында шөл даламен оңтүстікке аттанбақ болған жау әскері сусыздықтан, шөлден қырылған.
Ең соңында әбден әлсіреген жоңғар әскерін Бөкей батырдың қосыны қырып салады. Қаратаудың ең биік заңғарына әйгілі қолбасшының атының берілу себебі осында.
Қазақ тарихында өзіндік ерекеше орны бар сиқым Бөкей батыр туралы жазба дерек тапшы. Әлбетте оны ескеруге мәжбүрміз. Дегенмен, ұрпақтары тірнектеп жинаған батырға қатысты біраз дерек бар.
Ұрпақтарының айтуынша, сондай-ақ кейбір дерек көздеріне, хронология заңдылықтарына сай өлшемдерге қарағанда сиқым Бөкей батыр 1708-1713 жылдар аралығында Қаратаудың таулы аймақтарында өмірге келген. Қазақ жағдайында батыр атану үшін алдымен сол адамның ерекше күш-қайратқа ие болуы шарт.
Бұл жағынан келгенде Бөкей баба шынында да ерекше қайратты кісі болған көрінеді. Ел арасында батырдың жекпе-жектері, ондағы тамаша жеңістері, ерекше қауқары туралы әңгіме-әфсана да көп.
Сиқымның Мақат ата есімді бір қариясы жас күнінде Бөкей батырдың қолғабын көргенін айтады. Бір қолға оның өзі анау-мынау бала сыйып кететіндей айрықша үлкен екен. Соған қарағанда Бөкей батыр аса ірі адам болған деп тұжырымдауға әбден болады.
Батырдың осындай ерекшелігі оның харизмасы басым көрнекті тұлға болғанын көрсетеді. Орта ғасырларда қолбасы болу үшін де алдымен жауынгерлік, сарбаздық кемел күш-қайрат болуы шарт. Әлсіз адамға қалың қол, әскер бағынбайды.
Қолда бар дерек көздеріне қарағанда Бөкей батыр өз әскерімен Цин және Қоқан басқыншыларына қарсы табанды күрес жүргізген. Ол туралы қазір қолда бары ауызекі әңгіме ғана. Алайда, кейбір дерек көздеріне қарағанда Өзбекстан мұражайларында, мұрағатханаларында сиқым Бөкейдің қоқандықтарға қарсы шайқасы туралы деректер болуы әбден мүмкін. Бірақ, біз білетін бір ақиқат – ондай деректерді өзбектер біздің қолға бере қоймайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өткен тарихтан қазақ болмысында аты мен ізі қалған, ел-жұрты ардақтап Қаратаудың ең биік тауына атын берген қолбасшы Бөкей батыр ерлігі, әлбетте, ел есінде сақталуға лайықты дер едік.
Өмірзақ МҰҚАЙ,
жазушы-журналист,
ҚР мәдениет қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді