Жалған ақпаратпен күрес –күрделі мәселе

Жалған ақпаратпен күрес –күрделі мәселе
ашық дереккөз
Жалған ақпаратпен күрес –күрделі мәселе
Заңдық нормалар қабылданғанымен, ғаламтор кеңістігіндегі фейк жаңалықтарға тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Жалған ақпарат арқылы халық санасын манипуляциялап, көздеген мақсатына жетуді көксейтін әртүрлі мүдделі топтар да көп. Жалған ақпараттың мемлекет, қоғам үшін зияны көп. Жалған ақпарат дегеніміз – шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат. Мұның көріністері байқаусызда кеткен қателіктер мен белгілі бір статистикалық олқылықтардан бастап, психологиялық манипуляцияға дейін жалғасады. Жалған ақпаратпен қатар, соңғы 4-5 жылда фейк ақпарат деген дүние де кең таралып үлгерді. Рас ақпараттан әдейі немесе байқаусызда бұрмаланып жазылатын жалған ақпаратты көпшілік байқамай қалуы да мүмкін, ал фейк ақпарат эмоцияға толы болып келеді және бұл көбіне ойдан шығарылады. Жалған ақпараттан гөрі фейк ақпарат қандай да бір мақсатты көздеп құрастырылады. Әртүрлі саяси науқандарға, саяси оқиғаларға немесе текетірестер орын алғанда қоғамның назарын басқа арнаға бұру үшін осындай «жаңалықтардың» шеті шығып қалатынын көріп жүрміз. Мүдделі топтар құрастырған «өтірікті» соған сенетін адамдар, қарапайым халық әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе ватсаппен әп-сәтте таратып үлгереді. Мәселен, жуырда Алматы қаласында жер сілкінісі болды. Түн жарымда ел дүрлігіп аулаға шығып, сақтық шараларын жасады. Осы кезде әлеуметтік желі мен ватсапта түрлі ақпарат желдей ескені белгілі. Жер сілкінісінен соң әлеуметтік желіде жалған ақпараттардың легі толастамады. Желі қолданушылары қаралым жинау мақсатында әртүрлі видеоларды өңдеп, халық арасында дүрбелең тудырғаны да белгілі болды. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханалары қирады деген ақпараттар тарады. Осы ақпаратқа сәйкес аталған университеттің баспасөз қызметі желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасап, «ҚазҰУ-дың жатақханаларында, оның ішінде №6,8 жатақханалардың қирауы мен қаза тапқандар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаза тапқандар мен жатақхана қираған оқиға болған жоқ», деп ол ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. «Алматыдағы студенттік жатақханаларда жағдай тұрақты. Университет жатақханаларының ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Студенттер де дін аман. Жалған ақпаратқа сенбеуді және таратпауды сұраймыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі берген хабарламасында. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Мөлдір Райымбекованың Factcheck.kz сайтының журналисі Жансерік Тілеуханмен жалған ақпаратқа байланысты алған сұхбаты жарияланды. Оның айтуынша, жалған ақпараттың қоғамдық сананың дамуына зияны орасан. Яғни, мұндай ақпарат түрлері адамдардың санасын, біріншіден, улайды, екіншіден, адастырады. Жалпы, кез келген жаңалық, ой аясында пікірталасқа түсіп, тақырыпты, мәселені әбден зерттеп, талқылап барып, бір тоқтамға келген жөн. Ал, дискуссияға түспей, зерделемей, жалған ақпаратқа иланған кезде, адамның ақыл-ойы басқарылатын болып қалады. Критикалық ойлау, медиасауат секілді түсініктерді ысырып қойып, шындыққа жанаспайтын, жоқ нәрсенің шырмауында кетеді. Бұл материалдық, моральдық шығынға ғана емес, рухани соқырлыққа да алып баруы ғажап емес. Сол күні әлеуметтік желіде ер адамның «Қаладан келе жатқан достарым хабарласып жатыр. Төтенше жағдайларда жұмыс істейтін жігіттер жан-жақтан хабарласып жатыр. Түнгі 3-те тағы да қайталайды дейді. Ұйықтамай, сыртқа шығу керек дейді. Үйде қалмасын дейді. Қатты болады, сондықтан абайлап отырыңдар», – деген ақпараты таралды. Әдетте, жалған ақпарат тарататындар Төтенше жағдайлар министрлігін алға тартып, мемлекеттік органда жұмыс істейтін достарымның сөзі деп жалған ақпарат таратады. Желіде таралған кезекті фейктердің бірінде ер адам «Құрметті азаматтар. Қазір ғана төтенше жағдайлар департаментінен смс-хабарлама келді, таңғы сағат 4-те жер сілкінісі болады. Сағат 5-те цунами, 8-де вулкан атқылайды. Ал, сағат 9-да өзге ғаламшарлықтар келеді. Сондықтан дайын болыңыздар, өтініш», – делінген ақпаратта. Бұл ақпараттың жалған екенін және оны әзілдеп жазғанын бірден түсінуге болады. Дегенмен, әзілдің соңы оқыс оқиғалармен аяқталуы мүмкін екенін есте сақтамайды. Айта берсе жалған ақпараттың түрлері көп. Қорқынышты сипатқа толы жалған жаңалықтар да аз емес. Мұндай дүниені оқығанда адам алғашында тітіркеніп, жиренуі мүмкін. Ал, тоқтаусыз осындай ақпараттар легімен таныса берсе, халықтың еті үйреніп кетеді. Қорқу, үрку сезімдері жойылып, кез келген ақпаратты қабылдап, тарата беру әдетке айналып кетеді. Әсері туралы айтсақ, мысалы, ащы, тәтті, сұйық, қою тағамдарды бірден араластырып жей берсеңіз, ағзаңызға кері әсерін тигізеді ғой, ауырып немесе уланып қалуыңыз да мүмкін. Сол сияқты талдап, таразыламай оқылған жазбалар сананы шаршатып, қажытып қана қоймайды, шатасқан сенімге жетелейді. Сондай-ақ, өтірік мәліметтерге шырмалып, алаяқтардың арбауына түсіп қалатын жайлар да аз емес. Жел сілкінісі болған күнгі тағы бір жалған ақпаратта «Тыныштық сақтаңыздар. 6 балл. Қаланың жоғары аймақтарында, әл-Фараби ауданында үйлер құлады. Қала бойынша төтенше жағдай жарияланды. Түнде 13 балға дейін болады деп отыр. Жапониядағыдай жер сілкінісі қайталанады», – делінген ақпаратта. Астана қаласының тұрғындары Алматы қаласындағы жер сілкінісі туралы алғашқы хабарламалардан кейін бірнеше минуттан соң аздап дүмпулерді сезінгендерін жазып жатты. Кейбір азаматтар қалада жер сілкінісі болды деп мәлімдеді. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Елорда тұрғындарынан жер сілкінісіне қатысты 30-дан астам қоңырау түскенін хабарлады. Өтініштер мен хабарламалар түскен мекенжайларға жедел-құтқару бөлімшелері жіберілді. Құтқарушылар жүргізген ғимараттар мен құрылыстарды визуалды тексеруден кейін жаңа жер сілкінісі фактілері расталмады, зардап шеккендер тіркелген жоқ. Сондай-ақ, ведомство Астанада жер сілкінісі болмағанын, Алматыда болған жер сілкінісінің салдары бар екенін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жабық эвакуациялық орталықтар туралы видеолар кеңінен тарады. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы барлық мектептер мен балабақшаларда халықты қабылдау пункттері ашылғанын хабарлады. Қалада баспанасыз қалғандарды қабылдайтын 384 қабылдау орны бар. Бұл нүктелер 40 минут ішінде орналастырылды. Мәліметтерге сәйкес, қала бойынша пункттерде 11 600 азамат болған. Сонымен бірге әлеуметтік желіде «Алматыда жер сілкінісінен кейін атыс болды. Анау тұрған әскерилер жолды жауып тастады. Полиция қызметкерлерінің бәрі осы жерде жүр», – деген ақпарат тарады. Полиция департаменті бұл ақпаратты терістеп, жалған екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Алматыда жақында ашылған дүкеннің ішінде түсірілген видео да пайда болды. Бұл видео 2023 жылы түсірілген. Желі қолданушылары аталған видеоның 2023 жылы түсірілгенін байқап қалған. Сол күні полиция азаматтарды ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырады және ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге кеңес береді. «Жалған ақпарат таратпаңыздар, жалған ақпараттың көбеюіне ықпал етпеңіздер, дүрбелең мен қорқыныш ұялатпаңыздар», – деп ескертті Ішкі істер министрлігі. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 60 мың) айыппұл қарастырылады. Егер бір жыл ішінде азамат кезекті рет жалған ақпарат таратса, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. XXI ғасыр ақпараттық қоғамды орнатты. Әр адам телефонға қараған заман болғандықтан, Қазақстанда бар мәселе әлемнің кез келген елінде бар. Жалған ақпаратпен біз де күресеміз, олар да күреседі. Factcheck – дүниежүзінде бар ресурс. Америкада да factcheck тетіктері бар, Еуропаның қай мемлекетін алсақ та factcheck тексеретін құралдары бар, Азияның сонау түкпіріндегі Солтүстік, Оңтүстік Кореяға, Жапонияға барсаңыз да factcheck-ті тексеретін құрылғыларды қолданады. Дәл қазіргі уақытта жер шарының барлық түкпірінде жалған ақпаратпен күрес жүргізілуде. Тек қазақтың қарапайым халқы ғана жалған ақпаратқа сенеді, таратады деуге болмайды, кез келген халықта жалған ақпаратты таратып отыратын орта бар. Сондықтан мұндай жайт мына мемлекетте бар, мына мемлекетте жоқ деп нақты айту қиын, оны анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізіп, бақылау қажет. Сонымен қатар, біреудің мүддесі үшін таралатын ақпараттар да бар. Ондай ақпарат бір ел бір елге қарсы болған сәтте өрши түсетінін көріп те, біліп те отырмыз. Мәселен, Ресей билігіне тиесілі бұқаралық ақпараттық құралдар, билікке тиесілі медиалар Батысты жеккөрінішті көрсету үшін, сондағы ғылыми жаңалықтарды жоққа шығару үшін әдейі жалған ақпарат таратады. Кейде әдейі бұрмалаулар да жасайды. Айта кететін нәрсе, қазақстандық сайттардың біршамасы ресейлік ақпарат көздеріне сілтеме жасайды. Біздегі сайттардың басты проблемасы да – осында. Ресей медиакеңістігінен шыға алмай жатады, бір ғана дереккөзіне сүйенеді. Бұл журналистикалық принципке де қайшы. Кез келген оқиға жөнінде ақпараттарды берерде екі тараптың да жағдайын қамту керек. Бір тарапқа ғана жығылу – оқырман, аудитория алдындағы жауапсыздықты, немқұрайлылықты білдіреді. Ішкі істер қызметкерлерінің айтуынша, жалпы министрлік тарапынан фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет-ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады екен. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату үшін, яғни бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, ішкі істер органдарына шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.  

Дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар