Жарылыстың алдын алуда жаңылыспау міндет
Қазақстан Қарулы Күштерінің инженерлік әскері 1993 жылы 21 қаңтарда Қазақстан аумағында орналасқан құрамалар мен бөлімдер негізінде құрылды. Инженерлік әскерлер – жауынгерлік іс-қимылдарды инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындауға арналған арнайы жасақтар. Инженерлік қаруды, сондай-ақ инженерлік оқ-дәрілерді қолдану әскери қызметкерлерден арнайы дайындықты талап етеді. Бұл әскери инженер мамандығының күрделі және өте қауіпті екенін күнделікті көрсетеді. Отыз жылдан аса уақытта Қарулы Күштер инженерлік әскерлердің басқару жүйесін құрды, мамандардың кәсіби деңгейі көтеріліп, техникалық жарақтандырылуы түбегейлі өзгерді. Инженерлік әскер қызметшілері бітімгершілік миссияларына алғашқылардың бірі болып қатысты. 2003-2008 жылдар аралығында «Қазбат» бітімгершілік батальонының инженерлік-жауынгерлік бөлімі Ирактағы коалицияның тұрақтандыру күштерінің құрамында болды. Әскери инженерлер жарылмаған оқ-дәрілерді іздестіру және жою, сумен жабдықтау пункттерін қадағалап, суды тазарту бойынша тапсырмаларды орындады. Күні бүгінге дейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде ірі бригадалар құрамына кіретін инженерлік-саперлік бөлімшелер өз жұмыстарын лайықты атқаруда. Бірақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлерінің негізін Гвардиялық гарнизонда орналасқан инженерлік полк құрайды. Биыл бұл полк өзінің 55 жылдығын атап өтуде. Жарты ғасырдан астам тарихында полк оқу-жаттығуларға ғана емес, сонымен қатар әскери инженерлердің кәсіби көмегі қажет болған нақты жағдайларда да өз міндетіне сай орасан зор жұмыс атқаруда. Оңтүстік әскери округі инженерлік әскерлерінің бірінші бастығы, полковник Нұрлан Шаймахов өз кәсібіне берілген антына адал қызмет етіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік жасақтарын одан әрі дамытуға қуатты негіз жасады. Одан кейін жетекшілік эстафетасын полковниктер Қайсар Зейдалиев, Сергей Насекин, Марат Жүсіпов, Заманбек Жанжігітов, Бақытбек Тәжібаевтар кезекпен қабылдады. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік әскерлерін подполковник Аралбек Таңатов басқарады.
– Бірде-бір оқу-жаттығу инженерлік техникасыз өтпейді. Атап айтқанда, окоптарды, кедергілерді, жеке құрам мен техниканы жабдықтау – осының барлығы әскери инженерлерлің үлкен жауапкершілігіне кіреді. Төтенше жағдайларда инженерлік қызметкерлер бейбіт тұрғындарға әрқашан көмекке келеді. Әскери қызметшілер селді оқшаулауға, дала өрттерін сөндіруге және қар құрсауынан адамдарды эвакуациялауға қатысуда. 2019 жылғы маусымда Арыс қаласындағы артиллериялық қоймалардағы жарылыс салдарын жою жұмыстары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы сапер сарбаздарының кәсіби шеберлігі мен жауынгерлік рухының нағыз сынағы болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері бірінші болып жарылмаған снарядтардан миналарды тазартуға кірісті. Жоюдың бірінші айында 75263 әскери бөлімінің екі инженерлік батальоны мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы жауынгерлік жағдайға барынша жақын жағдайда, 45 градус ыстықта снарядтарды жинау және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізді. 2021 жылдың тамызында Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстардан кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты инженерлік-саперлік бөлімшелердің әскери қызметкерлері бұдан да ауыр және қауіпті іске кірісті. Жарылыс болған сәттен бастап, қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде барлығы жиырмадан астам зақымдануды бақылау тобы жұмыс жүргізді. Былтыр 300 гектардан астам іргелес аумақты жарылыс қаупі бар заттардан қайталап тазарту жұмыстары аяқталды, ұзындығы бес жарым мың метр болатын бөлімшенің техникалық аумағы тазартылды. Табылған оқ-дәрілердің бір бөлігі арнайы пештерде өртеу арқылы, ал қалған бөлігі таулы аймақтың арнайы бөлінген аймағында жару арқылы жойылды. Инженерлік және жауынгерлік-инженерлік бөлімшелердің әскери қызметшілері тапсырмаларды тәуекелмен және абыроймен орындайды, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы инженерлік әскерлерінің бастығы, подполковник Аралбек Таңатов.
Иә, жоғарыда аталған Арыс қаласы мен Байзақ ауданында жүргізілген жұмыстар өңірлік қолбасшылықтың инженерлік-саперлік бөлімшелері әскери қызметкерлерінің біліктілігін барынша арттырғаны анық. Енді ел аумағында мұндай жағдайлардың мүлде орын алмауын тілейміз. Ал тәжірибелі мамандармен және заманауи әскери техникамен жабдықталған инженерлік әскерлердің бөлімдері еліміздің қорғаныс қабілеті мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындауға әрқашан дайын.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді