Бөдене баққан азамат

Бөдене баққан азамат
ашық дереккөз
Бөдене баққан азамат
Кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатарында бөдене өсірушілердің қарасы қалың. Соның бірі – Ерназар ауылының тұрғыны Қанжар Бердеш. Оның бұл кәсіпті бастағанына көп те бола қойған жоқ. 23 жастағы жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлауда. Биыл мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, бағын сынап көрмек ниетте. Қанжардың бұл кәсіпке бет бұруына әлеуметтік желіде тәжірибесімен бөліскен өзі сияқты жастардың жұмысы қызығушылығын оятыпты. Сөйтіп ол осы істі өз қора-жайында бастап көруге бел буады. Сөйтіп, алдымен ауласындағы қора-жайын құс шаруашылығына ыңғайлап, дайындап алады. – Бұл шаруаны алғаш бастағанымда бойымда қорқыныш болды. Жаңа кәсіптің біле бермейтін қыры мен сыры көп екен. Оның үстіне бұл құс – өте нәзік. Тазалығын үнемі бақылап отыру қажет. Күніне екі мезгіл жемін беремін, суы үнемі қасында болуы шарт. Әр жұмыстың өз қиыншылығы болады ғой. Соған қарамастан осы істі қолға алған соң, бір жетістікке жеткім келеді, – дейді ол. Жұдырықтай құсты баптап отырған Қанжардың бүгінде құс саны 4 мыңға жеткен. Кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндікті пайдалану үшін бизнес жобасын жасап, қайтарымсыз грант алуға өтініш берген. Қаржылай қолдау болса, бөдене басын 40-50 мыңға жеткізуді межелеп отыр. Өйткені, бұл кәсіптің нәтиже береріне сенімді. Бүгінгі таңда ол күніне 1 мыңнан аса бөдене жұмыртқасын жинап, оның біреуін нарыққа 40-45 теңгеден өткеруде. – Бөдене жұмыртқасы мың ауруға шипа. Жапонияда әрбір бала күніне таңертең екі бөдене жұмыртқасын жейді екен. Өйткені, ғалымдар оның сан алуан пайдасын зерттеп берген. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Бұл оның бір қасиеті. Ал, бөдене жұмыртқасының дәмі тіл үйіреді. Тойымды десек те болады. Үйдегі тауық жұмыртқасына қарағанда бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және Д дәрумендері екі есе көп. Жұмыртқа бөлме температурасында бір ай, ал, тоңазытқышта 60 тәулікке дейін өз қасиетін жоғалтпайды. Нақтырақ айтсам, бөдене жұмыртқасы бас, асқазан ауруына, туберкулезге бірден-бір ем. Жұмыртқасынан бөлек, оның етіне де сұраныс жоғары, – дейді Қанжар.  

Марат ҚҰЛИБАЕВҚ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар