Бала тәрбиесінің құнды құралы

Бала тәрбиесінің құнды құралы
ашық дереккөз
Бала тәрбиесінің құнды құралы
Адам жанының қуаты, өмірдің мәнін ашушы – өнер. Өнердің түрі көп. Ал, соның ішіндегі бейнелеу өнерінің пайда болу тарихы адам баласының жер бетінде пайда болу тарихымен бірдей. Адам бейнелеуді сөйлеуден де ертерек меңгере бастады. Оның дәйегі – тау қатпарларындағы ерте заманғы петроглифтер. Біздің Жамбыл өңірінде, өзім туып-өскен Жуалыда да сондай тарихтың іздері баршылық. Сол кезеңнен бері мыңдаған жылдар өтті. Адамдардың өресі өсіп, бейнелеу өнерімен қатар, қоғам ілгеріге аяқ басты. Сурет салу арқылы қиялы, арманы өсті. Ғаламды түрлі-түсті бояулар арқылы сезініп, өзінің шексіз әлемін ашты. Сол ізден Жамбыл өңірі де қалыс емес. Бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтың артқанын ондағы суретшілердің көбеюінен, оларға жасалып жатқан қолдаудан да аңғаруға болады. Соның басы-қасында Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейі жанындағы Көркемсурет галереясы тұр. Аталмыш мекемеде қызмет жасағалы ұрпақтар сабақтастығын жалғауды мақсат еткен түрлі жобаларды ұсынып, солардың ең сәттілерін жарыққа шығарып келеміз. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, әсіресе үйірме жұмыстарына баса назар аудару керектігін айтса, 2023 жылы Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесінің маңызы ұлттық бірлік пен тұтастықтың негізі екенін тағы да еске салды. Сондықтан да көркемсурет галереясының жоспарлы жұмыстарының негізгі бөлігі өскелең ұрпақ потенциалын ашуға бағытталып отыр. Соның ішінде «Сүйікті қазақ ертегілері» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл жобаның ерекшелігі – баланы бейнелеу өнерімен қатар оқуға, әдебиетке баулиды. Жоғарыда атап өткенімдей, бейнелеу өнерінің бала дамуына қосар үлесі зор. Ал шығарманы оқи отырып, сурет салудың берер игілігі одан да көп. Осы негізде жасалған жобаның ерекшелігі 7 мен 16 жас аралығындағы жас буын қазақ ертегілерін оқи отырып, ұққанын, сезінгенін қылқаламмен қағаз бетіне түсіреді. Байқау форматында өтетін жобада өсіп келе жатқан жас ұрпақ санасына ұлтымыздың ертегілері мен аңыздары арқылы балалардың назарын қазақ халқының мәдениеті мен тарихына бұрып, шығармашылыққа баулуды, қазақ фольклорының алтын қорын жандандыруды мақсат еттік. Сол арқылы әсемдікті сүю, арманға қанат бітіру ұғымын қалыптастырдық. Ол – баланы ізгілікке жетелейтін бірден-бір құрал деп білдік. Олар салған туындыны көпшілік назарына ұсынып, еңбектің бағаланатынын, өнердің көлеңкеде таса қалмауы керектігін жеткізе отырып, ынталандырдық. Расында, өнерлі адам әсемдікке, мейірім мен ізгілікке ұмтылады. Пендешілік болмысты өнер арқылы тәрбиелеп, рухын асқақтатады. Өнер бар жерде мағыналы өмір бар. Әр ұрпақ өз өмірін мағыналы еткен жағдайда, рухы асқақ, жан дүниесі толық болып өседі. Сол арқылы рухы биік елді қалыптастырады. Шерхан Мұртазаша айтқанда, «Рухы биік ел – қайсар ел. Оны ешкім де жеңе алмайды».  

Балнұр РАЙҚҰЛОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Көркемсурет» галереясының меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар