Әр үйде жеке кітапхана болса...

Әр үйде жеке кітапхана болса...
ашық дереккөз
Әр үйде жеке кітапхана болса...
Оқыған кітабы немесе көркем шығармасы арқылы оқырман бірнеше адамның тағдырын басынан өткергендей кейіпте болады. Ол оның білім қоржынын жаңа тәжірибемен толықтырады. Әр кейіпкері арқылы өмірдің жаңа мәнін ұғып, оның психологиялық портретін жасайды, таниды. Сол арқылы жантану ғылымын игереді. Адам жанын ұға отырып, қоғамдық даму негіздерін зерттейді. Кеңес кезеңінде өмір сүргендердің басым көпшілігі оқуға құштар болғаны жиі айтылып, сол бағытта жүйелі жұмыстың жүргенін ақын-жазушыларымыздың сол кездегі жинақтарының тираж санынан, өзге тілдерге аударылу деңгейінен аңғарамыз. Бұл – үлкен көрсеткіш. Сол кездегі адамдардың арасында жеке кітапханасын қалыптастыру үрдісі болғанын ата-әжелеріміздің жиған «байлығынан» байқаймыз. Бұл ұрпаққа, қоғамға пайдалы әдет, жақсы үрдіс екеніне көзім анық жетеді. Себебі өзімнің ата-анам да жеке кітапханасын жасағандардың қатарынан. Ол кітаптарды, кітап оқыған адамды көріп, қызықпау, еліктемеу мүмкін емес. Мәселе, тек талғамда. Оқыған әр кітабыңыздың жан дүниеңізді байытуға қосар үлесі әрқилы. Пайдасыз деген кітаптың өзінен қажетіңізге жаратар бір сөйлем табатыныңыз анық. ХХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақын-жазушылардың барлығының дерлік жеке кітапханасы болды. Соның ішінде өзіме мәлім, қоры бай үш тұлғаның кітапханасын ерекше атап өткім келеді. Қазақ жазушылары арасында аты аңызға айналған жеке кітапхана иесі – Қадыр Мырза-Әлидікі екен. Бүгінде Орал қаласында орналасқан ақынның атындағы орталық мамандарының айтуынша, ақынның 7000-ға жуық кітап қоры болған. Әлем әдебиеті, қазақ әдебиетінің ең үздік туындылары, ерте жылғы басылымдар да сақталған. Ақын көзі тірісінде Алматының барахолкасынан сирек кітаптарды жиі іздеп, саудасы келмесе, кейбірін өзі оқып болған кітабымен де алмастырып отырған деседі. Яғни, қоры бай кітапхананың бірі Қадыр ағамыздікі десек, қателеспейміз. Одан кейінгісі – 6000-ға жуық кітап жиған Ақселеу Сейдімбековтікі. Ал ұлт көсемі болған Дінмұхамед Қонаевтың Алматыдағы музейіндегі жеке кітапханасында 3000 кітап қоры бары айтылады. Этнограф-жазушы Ақселеу ағамыздың жиған қорынан саны жағынан аз ғана қалыс қалғаны – жерлесіміз Шерхан Мұртазанікі екен. Жазушының қорында 5000-ға жуық кітап сақталыпты. Оның ішінде ең ерте жылғысы 1949 жылы Мәскеудің баспасынан жарық көрген ақын Александр Пушкиннің қалың жинағы. Бүгінде өзі балалық шақта оқыған, жалғыз мұра болып сақталған кітап жазушының Жуалыдағы әдеби-мемориалды үйінің көрмесінде өз тарихын келушілеріне баяндап, жарқырап тұр. Жазушы қорында бұдан да ерте жылдары жарық көрген кітаптардың болғанын 1950 жылы Мәскеуден анасына жазған хаттарынан анық білеміз. Туған жерді, елді, тілді сағынған Мәскеудегі студент Шерхан анасына өтініш айтып, ауылда қалған заттарының арасынан қазақ тіліндегі «Ботагөз» романын поштамен салуын сұраған. Өкінішке қарай, бұл кітаптың болғанын білгенімізбен, қолымызға түспеді. Кітаптың бұл күнге дейін сақталмауының өз себептері де бар шығар. Дегенмен, Талаптыдағы Шерхан Мұртазаның жеке кітапханасы одан да бағалы, құнды кітаптарға толы. Олардың арасында өзге тілдегі кітаптар да бар. Ерте жылдары жарық көрген түркі халықтары турасында археологиялық зерттеулер, тарихи пайымдар, кеңес өкіметінің архивтік құжат жинақтары да сақталыпты. Кітаптардың басым көпшілігінде жазушының қойған белгілері де өз орнында тұр. Құдды бір жазушы оқыған кітабын сөресіне қойып, қазір ғана кітапханасынан шыққандай. Жазушының сұхбаттарынан бала кезден кітап оқуға құштар болғанын, студент кезде шәкіртақысының бір бөлігін жаңа кітаптар алуға бөлгенін де білеміз. Яғни, ішер ас пен киерге киім алуға қаржы табу қиын болған шақтың өзінде жазушы жан азығы болар әдебиетті сатып алуды әдетке айналдырған. Бұл әдет жазушының бай кітапханасының жасақталуына негіз болды десек, қателеспейміз. Өткен ғасырда кітаптың сатылым көрсеткіші де өте жоғары болғанын сол кездегі есеп-қисап құжаттарынан білуге болады. Ал қазір кітаптардың өтімі қалай?! Біздің елде бұрынғымен салыстыруға келмегенімен, талғамы жоғары оқырман өз қажетіне керегін тауып оқитынын, кейбір сұранысы жоғары кітаптардың тез таусылатынын кітап дүкендерінің мамандарынан білеміз. Өкінішке қарай, олардың қатарында қазақ әдебиеті аз. Бұл ретте кітап саудасы жақсы жүретін елдер бар ма деген сауалмен түрлі ақпарат іздей бастадым. Қызық ақпаратты Исландия елі туралы жазбадан кезіктірдім. Оларда Рождество қарсаңында кітап саудасы қыза түседі. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық тоқырау кезеңінде исландиялықтарда Рождество қарсаңында бір-біріне кітап сыйлау дәстүрі пайда болған. Христиан дінін ұстанушылардың арасында Рождество ерекше мейрам болып саналады. Сондықтан да оған жасалатын дайындық та ерекше. Оны бала кезден көріп өскен «Один дома» фильмінен немесе Уолт Диснейдің мультфильмдерінен аңғару қиын емес. Бұл күнді атап өтетіндер арасында мейрам қарсаңында, не мейрам күні адамдар дәстүрге сай бір-біріне сый жасайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тоқырауда исландиялықтарға мереке қарсаңында сый жасау қиынға соғады. Дегенмен, елде қағаздың ғана бағасы өспеуіне байланысты кітаптар тақыр кедейлерге де қолжетімді бағада болғанының бір пайдасы – кітап сыйлау дәстүрін қалыптастырған. Яғни, тоқыраудың оң әсерінен ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына барша мемлекеттің ең бағалы сыйына айналады. Сол кезеңнен бастап Исландияда жаңа жыл, қыс мезгілі қарсаңында жаңа кітаптар көптеп басылып, оқырман қауымға жол тартады. Ол кітаптар тек кітап дүкендерінде ғана емес, сондай-ақ азық-түлік сататын супермаркеттерде де көпшілікке қолжетімді бола бастаған. Экономикалық тоқыраудың рухани баюға қосқан әдемі дәстүрі бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай, жалғасын тауып келеді. Біз танитын қазақ жастарының арасында да осындай әдемі үрдіс барын білеміз. Дегенмен, Исландиядағыдай жалпыхалықтық сипат алса, әр үйдің жеке кітапханасы қалыптасса, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.  

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар