Тараз тазалығы айрықша маңызды

Тараз тазалығы айрықша маңызды
ашық дереккөз
Тараз тазалығы айрықша маңызды
Қоршаған ортаның тазалығы адам денсаулығына тікелей әсер ететіні бесенеден белгілі. Ал, қаланың көркі сол аймақтың жағдайынан хабар береді. Бәлкім сондықтан да болар, жақында ғана Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаһардың тазалығын назарға алып, бірнеше нысанды аралап шықты. Бірнеше күн бұрын қатты соққан желдің келтірген залалын жою жұмыстарына да көңіл бөлді. Әуелі қала әкімі №6 аумақтық округінің тазалық жұмыстарымен танысты. Мұнда дүлей желдің салдарынан бей-берекет шашылған күл-қоқыстарды, сынған бұтақтарды тазалау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр екен. – Тараз – облыс орталығының айнасы. Оның т аза лығына айрықша назар аударуымыз керек. Әсіресе, тұрғындармен бірлесіп аулалардың да жинақылығын ұмытпағанымыз жөн. Себебі, күл-қоқыстан шығатын жағымсыз иіс тұрғындарға қолайсыздық тудырып қана қоймай, экологияға да зор зиянын тигізеді. Бұл тұрғыда «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің жұмысшылары мен техника ларын тартуымыз тиіс. Бұл барлық округке қатысты. Алдағы уақытта оларды да аралап, тазалық жұмыстарының барысымен жіті танысамын, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. Бұдан кейін шаһар басшысы «Көне Тараз» кешенінің аумағындағы жағдайды арнайы барып, көрді. Қаланың көрікті жерлерінің бірі саналатын бұл аумаққа бос уақытында тынығуға баратындар көп. Шаһар басшысының назарынан «Ұлы дала» шағынауданы да тыс қалмады. Бұл жерде қазір сорғы станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қысқы аяздың салдарынан «Ұлы дала» шағынауданында бірқатар тұрғын үйлерде жылу температурасы төмендеп, тұрғындар тарапынан шағым түскен болатын. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін салынып жатқан сорғы станциясының тұрғындарға қолайлы тұрмыс кешулеріне ықпал ететінін баса айтқан қала әкімі құрылыс сапасына айрықша мән беруді тапсырды. «Строй Монтаж Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан сорғы станциясының құрылысында қазір жиырмаға жуық адам еңбек етуде. Айта кетейік, қазір «Ұлы дала» шағынауданында 33 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы үйлер пайдалануға берілген кезде сорғы станциясы тұрғындарды жылумен қамтуға үлкен септігін тигізетін болады.  

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар