Болашақтың ТАҢДАУЫ

Болашақтың ТАҢДАУЫ
ашық дереккөз
Болашақтың ТАҢДАУЫ
Қазіргі таңда пайдалы қазбалар қорының азаюы, экологиялық мәселелер, соның ішінде ауыз судың жайы, дүниежүзілік энергия тапшылығы және халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайының тұрақсыздық үрдістері толғандырар тақырыптар. Оның бірден бір себебі – тұтынушылардың артуы болса, екіншіден табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланудың әсері. Мәселен, статистика бойынша 1910 жылы жер бетінде 1,5 миллиард халық болса, бүгінде 8 миллиардқа жуықтады. Яғни, 100 жылда халық саны 5 есеге артқанын көріп отырмыз. Бұл, әрине тек энергия тұтынуды арттырып қана қоймай, сонымен қатар басқа да салаларға жүктеме салары айтпаса да анық. Бүгінде әлемдегі 85 пайыз қуат көзі мұнай мен газдан алынса, бізде 40 пайыз көмірден, 35 пайыз мұнай өнімдерінен, 20 пайыз газдан алынады. Ал, баламалы энергия көздерінің үлесі тек 5 пайызды ғана құрайды, бұл бізді ойландыратын үлкен мәселе.   Аталған мәселелердің алдын алу және болдырмаудың бірден-бір жолы – «жасыл» экономика. Яғни, баламалы энергия көздерін айқындап, олардың қорларын тиімді пайдалану екені бүгінде өзекті болып отыр. «Жасыл» экономика ұғымы – бұл елдің əл-ауқатын көтеретін, əлеуметтік əділдікті орнататын жəне қоршаған орта тəуелділігін төмендететін экономика. Қазақстан «жасыл» экономикаға ауысу туралы тұжырымдаманы 2013 жылы әзірледі. Тұжырымдамада бірінші кезекте міндетті түрде экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттер ұсынылды. Солардың ішінде табиғи қорлардың тиімділігін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, қазақстандық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бар. Сол жылдары «Жасыл экономика» тұжырымдамасы – Қазақстанның стратегиялық дамуының негізгі бағдарламасы ретінде саналды. Яғни, 2050 жылға қарай экономикалық, әлеуметтік, саяси құндылықтарының жүйелі дамуының арқасында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуының басты шарты болды. «Жасыл» экономика негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Бұл тұжырымдаманы үш кезеңмен іске асыру жоспарланған. Бірінші кезең – 2013-2020 жылдар аралығында қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғатты қорғау қызметінің тиімділігін арттыру. Екінші кезең – 2020-2030 жылдары табиғи қорларды тиімді пайдалану, жоғары технологиялар негізінде жаңартылатын энергетиканы енгізу. Үшінші кезең – 2030-2050 жылдары жаңартылудың арқасында ұлттық экономиканың «үшінші өнеркәсіптік революция» қағидаттарына ауысуы. «Жасыл» технологиялар ұғымына түсінік берер болсақ, бұл – табиғи ресурстарды сақтауға және жер қойнауын ұтымды пайдалануға, қазып алынатын отынды тұтынуды қысқартуға бағытталған технологиялар. Сонымен қатар, өнімдерді қайта өңдеу мен қайтадан пайдалану және қалдықтарды кәдеге жарату да жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың тиімді жолы. Сондықтан, мемлекетіміз мұнай-газ саласының «жасыл» экономика тұжырымдамасына көшуін жүзеге асыру барысында табиғи қорларды тиімді пайдаланатын және қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін технологияларды қолдануы қажет. Бүгінде қоғамда «жасыл» экономика сөзінің мәні бойынша түрлі ұғымдар қалыптасқан. Біреулер бұл елдің табиғатын жақсартатын экономика деп санайды. Басқалары оны экономикалық пайда тигізуге бағытталған өзіндік экожүйелер, жаңа технологиялар деп ұғынады. Тағы біреулер экологиялық таза өнімдерді жасауға бағытталған дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп есептейді. Әрине, бұл ұғымның шынайы анықтамасы осы ойлардың мағынасына өте жақын. Яғни, «Жасыл» экономика табиғи қорларды тиімді пайдалану арқылы қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған. Сондай-ақ, соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға жақындаған ресурстарды, яғни мұнай, газ секілді пайдалы қазбаларды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған экономика деп түсіну қажет. Қабылданғанына он жылдан астам уақыт өткен «Жасыл» экономика тұжырымдамасы елімізде күрделі экологиялық дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді десек те болады. Бұл тұжырымдама мұнай-газ саласында қалай іске асырылып жатқанына тоқталайық. Ол үшін алдымен елдің саяси және әлеуметтік дамуындағы мұнай-газ саласының рөлін айқындап алуымыз қажет. Біріншіден, мұнай-газ кешені ел тәуелсіздігінің, оның экономикалық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығының басты құрамдас бөлігі екенін, екіншіден, мұнай мен газ халықаралық сауда, ынтымақтастық және бәсекелестік мәні болып табылатынын мойындауымыз қажет. Бұл дегеніміз – тек экономикалық мүдделерді қанағаттандыру емес, сонымен қатар саяси мақсаттарды жүзеге асыру екендігін білдіреді. Демек, Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманы мемлекет халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту, табиғи ресурстардың сарқылуының алдын алу арқылы экономикалық өсудің жаңа негізін құру десек те болады. Экономикалық өсудің «жасыл бағытына» көшу мақсаты күннен-күнге өзекті болып отыр. Себебі, таяудағы 10-20 жыл ішінде Қазақстанда инфрақұрылымды айтарлықтай жаңарту және дамыту жоспарлануда. Демек, еліміз үшін ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туындайды. Олай болмаған жағдайда, қандай да бір іс-әрекет жасалмаса, еліміз жуық арада ескірген әрі бәсекеге қабілетсіз, артта қалған инфрақұрылым проблемасымен бетпе-бет келетіні айқын. «Жасыл» экономикаға көшудің негізгі қағидаттарына тоқталып өтейік. Олар – ресурстардың өнімділігін, ресурстарды пайдаланудағы жауапкершілікті арттыру, неғұрлым тиімді технологияларды пайдалана отырып экономиканы жаңғырту, ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі іс-шаралардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету, бірінші кезекте рентабельді іс-шараларды іске асыру, бизнес пен халық арасын байланыстыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы орайда еліміздің білім беру және кадрлар даярлау жүйесіндегі ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау туралы қолданыстағы білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, заман талабына сай әзірлеу қажеттігіне аса назар аудару қажет. Ал, мұнай-газ саласындағы әлемдегі жаңа технологияларға келсек, бүгінде әлемде «Ақылды кен орны» (Smart Field) тұжырымдамасын айтуға болады. Ол мұнай-газ саласын жаңа деңгейге шығаруға, өндіруші компаниялардың, тіпті қиын алынатын қорлармен жұмыс істеу кезінде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге бағытталған. Әлемдегі бірлі-жарым кен орындары ғана фонтанды ұңғыларды пайдаланады. Оларда тиімділікті арттыру міндеті соншалықты өзекті емес. Көптеген өндіру аймақтарында, әсіресе жер қойнауы туралы айтар болсақ, «жеңіл мұнай» уақыты артта қалғаны белгілі. Игрелуі жарты ғасыр бұрын басталған бірталай кен орындары қазір құлдырау кезеңінде тұрса, бұл үрдіс тек күшейе түсетіндігі мәлім. Сондықтан, Smart Field («ақылды кен орны», SF) – бұл көмірсутектерді өндіру көрсеткіштерін арттыру мақсатында мұнай қабатын басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламаның және техникалық құралдар кешенінің орны бөлек. Жүйенің негізінде кен орнын ұқыпты пайдалану, оны пайдалану мерзімін барынша ұзарту туралы идея жатыр. Яғни, жер қойнауын аяусыз пайдалану емес, өндіріс көлемін ақылға қонымды шекте арттыруға бағытталған. Бұл ақылды кен орнының тағы бір маңызды міндеті – жабдықтар мен технологиялық процестердің энергия тиімділігін арттыру. Осылайша, осы тұжырымдаманы енгізу компанияларға энергия ресурстарына жұмсалатын шығындарды қысқартуға көмектеседі және атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындыларының төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, SF жеке ұңғыны, дәлірек айтқанда сорғылардың жұмыс режимдерін қашықтан телемеханика есебінен басқара алады. Оның қарамағында мұнай мен газды өндіру мен дайындауға қатысты барлық жүйелерді тиімділеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар мен техникалық құралдар бар. Оның ішінде сығымдағыш сорғы бекеттері, факел жүйелері және тағы басқалар барын айта кету керек. SF қабаттық қысымды ұстап тұру жүйелерін, оның ішінде су жинау станцияларын, суды есепке алу тораптарын, айдау ұңғымаларын басқара алады. Мұнай айдау станциялары мен резервуарлық парктерді диагностикалауға мүмкіндік береді. Шынайы «жасыл» экономиканы дамыту шеңберіндегі айқын көрінісі ретінде Цзилинь (Jilin) мұнай-газ кен орнының қабаттарына СО2 көмірқышқыл газының өнеркәсіптік көлемін айдау жөніндегі CNPC жобасын айтуға болады. Қоршаған ортаға СО2 үлкен қауіп, себебі көмірқышқыл газы атмосфералық баланстың бұзылуына және озон тесігінің пайда болуына тікелей әсер етеді. Ұсынылып отырған технологияның инновациялық сипаты CNPC-дің зиянды СО2 көлемін кәдеге жаратуды қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қабаттардың мұнай беруін едәуір арттыру. Себебі, СО2 мұнайда ериді және ең маңыздысы, тұтқыр битум мұнайында суға қарағанда 5-10 есе жақсы ериді. Әсіресе, көмірқышқыл газымен ығыстырудың тиімділігі әлсіз өткізбейтін мұнай қабаттарын игеру үшін қолданылады, қоспаның тұтқырлығы мен тығыздығы диоксидтің әсерінен азаяды. Газ қабатта энергияны арттырып қана қоймайды, сонымен қатар ол мұнайдың аққыштығын арттырады. Сонымен қатар, Австриялық Solid компаниясының гелиожүйелерін де атап кетуге болады. Оның жабдықтарын ғимаратты тек жылыту үшін ғана емес, қосымша салқындату үшін де пайдалануға болады. Словакиялық Ecocapsule, жобасы автономды режимде магистралды құбырларда пайдалануға болатындығымен ерекшеленеді. Олар қолданыстағы жабдықтарды коммуникацияларды пайдаланбай-ақ желіде қандай да бір апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет болған жерлерде қолдануға қолайлы. Бұрғылау үрдісі – мұнай-газ кен орындарын іздеу-игеру және өндіру тізбегіндегі ең қымбат буын. Ол қымбат болып қала да береді. Дегенмен, мұнда да шығындарды айтарлықтай төмендетуге ықпал ететін технологиялар бар. Солардың бірі – шағын диаметрлі ұңғыларды қолдану операциялық шығындар мен күрделі салымдарды 40 пайызға төмендетеді әрі экологиялық таза. Көлденең және көлбеу ұңғымалар көмірсутектерді өнеркәсіптік өндіруді ұйымдастыруда да жиі қолданылуда. Олар ұңғылар санын азайтуға және өндірілетін мұнай көлемін арттыруға көмектеседі. Бұрғылау жабдықтарын жетілдіру бұрғылау уақытын 40 пайыздан астам қысқартуға әкелуі мүмкін. Мұндағы жаңа технологияларға ұңғының аузындағы бұрғылау ерітіндісінің қысым ағынын басқарумен бұрғылау, бағытталған бұрғылаудың айналмалы жүйелері және тағы басқаларды жатқызуға болады. Бізге осы орайда әлемдегі озық технологияларды зерделеп, кен орындарымыздың күрделі геологиялық ерекшеліктеріне бейімделетін «жасыл» технологияларды әзірлеу және қолдану қажет. Бүгінгі таңда көптеген отандық мұнай-газ компаниялары зияткерлік технологиялардың артықшылықтарын түсініп, оларды пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық танытуда. Себебі, жаңа технологияларсыз теңіздер мен мұхиттардың терең теңіз кен орындарын, сондай-ақ өте ауыр мұнайды алу және өңдеу мүмкін емес екендігін түсінуде. Біздің еліміздің мұнай-газ секторының тәжірибесінде қандай технологиялар мен жобалардың енгізіліп жатқанын және болашақта осы бағыттың басымдықтары қандай екеніне келсек, бүгінде бізде ауыз толтырып айтар жетістіктер жоқтың қасы деуге болады. Тек осы бағытта алғашқы қадамдар жасаумен шектеліп келеміз. Бүгінде әлем елдерінің алдындағы ең өзекті мәселелерінің бірі – көміртегі шығарындыларын азайту және ұлттық энергетикалық баланста жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру. Осы орайда біздегі мұнай-газ компанияларының неғұрлым тұрақты болуға, шығындарды азайтуға және көміртекті шығындарын қысқартуға көмектесетін технологияларды қалыптастыру керектігін көріп отырмыз. Ол үшін мынадай негізгі бағыттарды іске асыру қажеттігін айтқымыз келеді. Біріншіден, деректерді үздік пайдалану. Ақпараттық деректерді дұрыс талдау арқылы шығындарды азайту, апаттардың алдын-алу және өндірістің қоршаған ортаға кері әсерін төмендету сияқты шараларды іске асыра аламыз. Екіншіден, тұщы суды пайдалануды азайту керек. Су мұнайды бөліп алуға дейінгі мұнай өндірудің әртүрлі процесстерінде маңызды элемент болып табылатынын білесіздер. Күн сайын әлемде жүздеген миллион баррель су пайдаланылады, ал әлемдік мұнай-газ өнеркәсібі қазіргі уақытта осы судың басым көпшілігін, нақты айтқанда 80-нен 95 пайызға дейін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сол үшін біз алдымен тұщы су көлемін қысқартуды ойлауымыз қажет. Үшіншіден, суды өңдеу технологияларын жетілдірген жөн. Тұщы суды пайдалануды азайту үшін суды химиялық тазалауға арналған озық шешімдерді (рециркуляция) пайдалануға тырысуымыз қажет. Төртіншіден, пайдаланылған майды қайта өңдеу маңызды. Көптеген компаниялар, пайдаланылған майды дизель отынына айналдыратын, қайта өңдеу бойынша шағын қондырғыларды қолданады. Бұл тәсіл арзан отын көзі болып қоймай, сонымен қатар, мұнай қалдықтарын кәдеге жарату әдістеріне балама болып табылады. Бесіншіден, үдерістерді оңтайландыру, жақсарту. Неғұрлым үнемді процестерді қамтамасыз ету есебінен саланың жалпы тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, жаңа ультрадыбыстық технология компанияларға анағұрлым негізделген және экономикалық тиімді өндірістік шешімдер қабылдауға мүмкіндік бере отырып, мұнай ұңғыларының ішінде үш өлшемді бейнелер жасауға мүмкіндік береді. Ол жұмыстың тиімсіздігін табуға және жоюға көмектесе алады. Алтыншы бағыт – цифрлық кен орындарын құру. Мұнай-газ саласын цифрландыру «цифрлық мұнай кен орнын» құруға мүмкіндік берді, бұл соңғы кезде жиі айтылып жүрген үдеріс. Ол деректерді жедел бақылауға, талдауға және пайдалануға жол ашады, неғұрлым қауіпсіз және анағұрлым тұрақты шешімдер қабылдауға әкеледі. Жетінші бағыт – жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану. Қазіргі таңда көптеген мұнай-газ компаниялары шығарындыларды төмендетуге тырыса отырып, көпшілігі жаңартылатын энергия көздері нарығын әртараптандыруға ұмтылып келеді. Бұл, әрине кәсіпорынның энергия үнемдеуіне үлкен мүмкіндік. Бүгінде екінші кезектегі энергия көздерін пайдалануда бірқатар жетістіктер бар, соның бір дәлелі ретінде магистралды газ құбырларының жанындағы АГТБ жоғары қысымды газ ағынының энергиясын (7-9 МПа) электр энергиясына түрлендіру жобасын айтуға болады. Бұл технологиялар тек энергия үнемдеуге ғана емес, сол арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізеді. Ал, мұнай-газ саласын «жасыл» экономикаға көшірудегі алғы шарттарына келсек. Мұнай-газ өндіру саласындағы энергияның көп бөлігі механикаландырылған өндіруге және жер үсті инфрақұрылымын пайдалануға жұмсалады, яғни дәл осы салаларда ең алдымен шығындарды азайтуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологияларды енгізу қажет. Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының «Жасыл» экономика тұжырымдамасына көшуін жүзеге асыру және табиғи қорларды тиімді пайдалану негізінде «энергия тиімді және энергия үнемдеуші» технологияларды қалыптастыруымыз керек. Неғұрлым тиімді технологияларды пайдалана отырып, экономиканың мұнай-газ саласын жаңғыртумен қатар, қоршаған ортаның ластануын төмендету, көмірсутек ресурстарын тиімді пайдалану маңызды. Әлемдегі көмірсутекті шикізатты пайдаланумен байланысты туындаған көптеген мәселелердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сипатын ескере отырып, қоршаған ортаның мұнай өнімдерімен ластану деңгейін төмендету керек. Осы шарттарға қол жеткізу үшін, біз табиғи қорларды тиімді пайдалану арқылы қоғамның әл-ауқатын арттыруға негізделген «Жасыл» экономика тұжырымдамасын жүзеге асырып, соның арқасында қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған табиғи ресурстарды үнемді тұтынуға және жаңартылатын табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған технологияларды қолдансақ, ұтылмаймыз.  

Мұхамеджан СЕКСЕНБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі,

техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Ұқсас жаңалықтар