Мемлекеттік рәміздерге құрмет
«Мемлекеттік рәміздерде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдіретті күш бар. Айтулы мерекелер мен әлемдік дүбірлі спорт сайыстарында жеңіске жеткен кезде жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншілік оты лаулап, елімізге деген мақтаныш сезімі пайда болады. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – мемлекетіміздің мәртебесі, халқымыздың ар-намысы. Олар алға қарай нық қадам басып, биік мақсаттарға қол жеткізу жолында күш-жігер береді».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Шынында, әр халықтың тілі мен ділі – ұлт ұрпағын тәрбиелеудің алтын діңгегі болса, мемлекеттік рәміздер – ел егемендігінің айнымас белгілері болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Мемлекеттік Туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4,6 мың рет көтерілген екен. Қазіргі таңда елімізде рәміздерді зерттеумен айналысатын арнайы орталық бар. Ел халқын бірлікке үндейтін, барша қазақстандықты мемлекет құраушы ұлттың тарихын, ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын, өмірлік ұстанымдарын құрметтеуге шақыру мақсатында 2021 жылы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Ол Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарайды. Орталыққа жеке, заңды тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру міндеті жүктелді. Орталық директоры Асылбек Байжұмаұлының айтуынша, бұл орталық Азияда геральдиканы зерттеумен айналысатын әзірге жалғыз мекеме. Қазір орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Зерттеумен қатар, мемлекеттік рәміздерді насихаттап, елімізде берілетін ведомстволық наградаларды сараптаумен айналысады. – Шындығында, патриотизм, отансүйгіштік дегеніміздің бастауы – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуде, дәріптеуде жатыр. Біздің геральдикалық зерттеу орталығының басты мақсаттарының бірі – мемлекеттік рәміздерді насихаттау. Сол арқылы жастардың ұлтқа, Отанға деген құрмет сезімін ояту. Біздің орталықтың жұмысы 3 бағытта жүреді. Біріншісі – тарихи таңбаларды зерттеу, екінші бағыты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, үшіншісі – ведомстволық наградаларды сараптау. Десе де, біздің геральдикалық зерттеу орталығының ашылғанына да көп болған жоқ. Екі жылдың көлеміндей ғана уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз халықтың патриоттық сезімін жоғары деңгейде ояттық деп айта алмаймыз. Бірақ, жүйелі, жоспарлы жұмыстарды жүргізіп келеміз. Жалпы, бізде 30 жыл бойы рәміздерді насихаттау жұмыстары жүргізілді деп есеп беріледі. Бірақ, шын мәнінде олардың барлығы семинар, конференция сияқты жиналыстардан әрі аса алмады немесе бір күндік форум секілді дүниелермен шектелді. Ал, олар соншалықты тиімді нәтиже бермейді. Сондықтан да бұл жерде жастармен жыл бойына кәдімгідей жүйелі, түрлі іс-шаралар өткізу керек. Насихаттау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы мақсатта біз былтырлары да, биыл да кең ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, еліміздің бірнеше қалаларындағы жоғары оқу орындарына барып, студенттермен кездестік. Өзімізбен бірге Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков ағамызды ертіп жүрдік. Сол кезде ағамыздың бір ауыз сөзін есту үшін, Елтаңбаның авторын көру үшін жастардың ентелеп жүгіріп, бірге фотоға түскенін көріп, қуанып қалдық. Олардың сұрақтарын қойып жатқанының өзі үлкен бір әсер берді, – дейді орталық директоры Асылбек Байжұмаұлы баспасөз беттерінде жарияланған сұхбатында. Сондай-ақ, орталық басшысы бүгінге дейін елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, ұлықтаудың әдістемелік құралдары әзірленбегенін айтады. Осыған байланысты орталық бірінші, мектепке дейінгі бүлдіршіндердің арасында, екінші, мектеп жасындағы білім беру ұйымдарында, одан кейін кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. – Кездесулер өткізіп, жалаушаларды таратып, мемлекет болу мен тудың шығу тарихы туралы қызықты деректерді айтып жүрміз. Өйткені, балаға тудың неше сантиметр екенін айтқаннан гөрі, біздің туымыз неше рет және қай жерде, кім желбіретті, жалпы тудың мәні деген сұрақтардың жауабы қызықтырақ. Мысалы, тудың Айдын Айымбетовпен 150 рет айды айналып шыққаны сияқты қызықты мәліметтермен насихаттаған дұрыс деп есептеймін. Қазір осындай әдістемелік құралдарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп қосты орталық директоры. Айта кетерлігі, 2020 жылдың қазан айында Ел Президенті мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін туды балконға ілуге ресми түрде рұқсат берілді. Дегенмен, Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз екеніне назар аударып, оған немқұрайлы қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажеттігін айтты. Соған сәйкес, былтыр рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза күшейтілген болатын. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізіліп, айыппұл көлемі 10 миллион теңгеге дейін көбейтілді.Назерке СӘНДІБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдықтар республикалық референдумға белсенді қатысты
- 8 қазан, 2024
Ел ертеңі үшін маңызды қадам
- 8 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді