«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батылдық сынағы

Батылдық сынағы
ашық дереккөз
Батылдық сынағы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5-механикаландырылған бригаданың жас сарбаздары алғашқы жауынгерлік дайындық сынақтарынан сәтті өтті. Олардың алғашқы далалық жауынгерлік жорығы жарықшақты қол гранаттарын лақтыру және бронды машиналарды сынаудан басталды. Отан қорғауға ант берген жас сарбаздар төзімділікті талап ететін тұңғыш сынақтан тайсалмады жəне əрқайсысы емтиханнан жоғары баға алды. Жас жауынгерлерге бекітілген офицерлер мен сержанттар арасынан іріктелген нұсқаушылар полигонға дейін сарбаздармен бірқатар теориялық сабақтар өткізген болатын. Бронетранспортерлермен жүгіру, гранаттарды лақтыру жəне пулеметтен ату – құрама қарулы шайқастың шағын элементтері ғана. Бірақ, байыпты əскери ғылымды, жауынгерлік өнерді түсіну ұсақ-түйектен басталады. Жауынгерлік ұрыс кезінде барлық əскери қару мен құралдардың мақсаты маңызды. Себебі, егер жауынгер қор гранатасымен алға басып келе жатқан жаяу əскер тобын соққыға жыққанда немесе окопта жасырынып, жау техникасын тылдан соққанда, бұл шайқастың толқынын өзгертуі мүмкін. Төніп келе жатқан қауіпті техниканың астында жату қорқынышты екенін ешкім дауламайды, бірақ жас сарбаздар толқуларын жеңіп, тапсырманы сəтті орындады. Сол секілді бронды машиналарда жүгіру жауынгердің өміріндегі ең жауапты жəне есте қалатын оқиға болып саналады. – Шынымды айтсам, алғашында қорқынышты болды. Бірақ, бойым үйренгеннен кейін əскери əрекетке қызығушылығым арта түсті. Барлығымызда командалық рух сезілді. Өзімнің əкем де əскери салаға саналы ғұмырын арнаған азамат. Бала күнімізден əкеміздің шекара қызметінде еңбек етіп, ел тыныштығын күзеткеніне куə болып өстік. Сондықтан, əкем үнемі Отан қорғаудың маңызын айтып отыратын. Жеке мен үшін алғашқы сынақтар əкеме оның жолын қуғанымның жарқын дəлелі,– дейді Түркістан облысы, Мақтаарал ауданынан шақырылған қатардағы əскери қызметші Тимур Юсупов. Əкесі мен оның сеніміне құрметпен қарайтын Тимур Юсупов университетті «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тəмамдағаннан кейін бірден Қарулы Күштер қатарына шақырылып, борышын өтеуге өз еркімен келген. Ал, Тимурдың əріптесі, Қызылорда облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Баубек Қойшығара өзі екінші курста оқыған университетінен академиялық демалыс алып, қатарластарымен бірге əскер қатарында қызмет етуді ұйғарыпты. Оқу-жаттығу полигонында бронды машиналарды сынақтан өткізумен қатар, оған тағы бірнеше маңызды міндет жүктелген. – Маған жаяу əскердің жауынгерлік машинасына жақын барып, сауыт қорғағышына секіріп, жүргізуші жағындағы терезелерді бекітіп тастауға тура келді. Əрине, мұндай əрекеттерді бұрындары тек шетелдің əскери жанрдағы киноларынан ғана көрген болатынмын. Сондықтан, алаңдаушылық басым болды. Бірақ, өзімнің қатарластарым мен командирлердің сенімін ақтауға тырысып, тапсырманы сəтті орындап шықтым. Əрбір əрекетімді сержанттардың үйреткеніндей істедім. Тəжірибе шыңдасам, алдағы уақытта бұдан да қиын тапсырмаларды орындауға іштей дайын екенімді сезіндім,– дейді Баубек Қойшығара. Полигондағы жау техникасының рөлін жаяу əскердің жауынгерлік машинасы атқарады. БМП-2де атқыштар, гранатометшілер жəне пулеметшілер ретінде тəжірибені талап ететін жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындайтындықтан, сарбаздар əрбір əрекетті, əдіс-тəсілді жақсы білуі керек. Олар үшін бұл алғашқы сынақ екені барынша ескерілді. Десек те, командирлер жас сарбаздардың батылдығы мен тəжірибесі осындай сынақтардан қалыптасатынын айтуда. «Бронды машиналарда жүгіру жəне қол гранаттарын лақтыру жас сарбаздар үшін ауыр сынақ. Бірақ, «батыр майданда шынығады» демекші, жас жауынгерлер осылай жетіле түседі. Олардың осы алғашқы жауынгерлік дайындық тапсырмасын сəтті орындағандай, жоғары ынтаықыласпен жыл бойына да өз қызметін табысты атқаратынына сенімдімін. Жас сарбаздардың əрекетін тек командирлер ғана емес, өздері сияқты қатарлас жауынгерлері де байқайды. Мұнда ешкім бір-бірінің алдында қателесуді қаламайды. Кешке казармада алғашқы далалық сабақтарын талқылап, алған əсерлерімен бөлісіп, өздерін мақтан тұтады. Өйткені, алғашқы сынақ алаңынан кейін олар межені еңсерді, күшейді, батыл болды жəне өзіне сенімі артты. Ерлік емтиханына айналар сынақтар алдағы уақытта да жалғасады», – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасы командирінің орынбасары, подполковник Тимур Батыршаев.  

Нұржан ҚАДІРƏЛІ

Ұқсас жаңалықтар