Ауыл балалары атты әскер қатарында
Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған ауылдық жерлердің жастары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау сақшылары полкінде қызмет ету мүмкіндігіне ие болды. Енді ат құлағында ойнап өскен ауыл жастары аталған полкте біліктілігі мен шеберлігін шыңдап, ел тыныштығын күзетуге атсалыспақ. Қостанай облысы, Жангелді ауданынан келген Айдос Кенжебай мен Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылының тұрғыны Сабыржан Серікбайдың шаруамен айналысатын ата-анасы ұлдары əскерге шақыру қағазын алғанда, алғашында алаңдаушылық білдірген. Бірақ, бұл алаңдаушылық қазақи қанға сіңген қасиетке тəн екені таңдандырды. Себебі, ата-аналар ұлдарының əскерде жылқы баптау шеберлігін жоғалтып алуынан қорыққан екен.
Алайда, жігіттердің жеке істерін зерделеген жергілікті əскери басқару органдары оларға Қазақстан Қарулы Күштеріндегі жалғыз тау сақшылары полкінде қызмет етуді ұсынады. Үзеңгілес жастар қазанат баптап, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге қуана кірісіп кетті. Тек əскердегі міндет шаруа қожалықтағыдай жылқыны сатуға емес, жауынгерлік ұрыстарға дайындауды талап етеді.
– Бұған дейін жауынгерлік жылқылармен жұмысты тек келісімшарт бойынша əскери қызметшілер атқаратын болса, жақында бұл жұмысты мерзімді əскери қызметшілерге сеніп тапсырдық. Ал, жас сарбаздар өз міндеттерін мінсіз атқарып жүр, бұл біздің сенімімізді ақтап, олардың жоғары дайындықтарын дəлелдеді. Алғашында, төрт жыл бұрын жылқымен жұмыс тау сақшылары полкі жүк-көлік ротасының əскерге шақырылған жауынгерлеріне тапсырылған еді. Содан кейін сарбаздар топ басшылары лауазымдарын алды. Олардың міндеттеріне аттарды жабдықтау, оларға əскери техника мен қару-жарақ тиеу кірді. Сарбаздар өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқара отырып, күрделі тапсырмаларды орындауға қабілетті екендіктерін көрсетті,– дейді тау сақшылары полкінің командирі, подполковник Алмас Отыншынов.
Айдос үшін «ат – ер қанаты» деген халық даналығы бала күннен өмірлік ұстанымға айналған. Ол жылқы малын тіршілікте де, Отан қорғау жолында да адал серігі санайды. Сол секілді Сабыржан да өзі туып-өскен Сырдария ауданындағы дуы басым көкпарларға бір емес, бірнеше рет қатысқан əккі шабандоз. Келер көктемде əскерден оралған соң, алдымен облыстық деңгейдегі көкпарға қатысуға өтініш бермекші. Əскери борышын өтеп жүргенде атқа міну шеберлігін одан əрі шыңдаған Сабыржан табысқа жететініне сенімді. Өз сөзінде ол: «Бізді тəжірибелі сержант-нұсқаушылар оқытады, олар бізге атқа мінудің түрлі əдістерін көрсетеді, күн сайын жаттықтырады. Қызмет еткен жылы мен шабандоздық шеберлігімді жоғалтпай, қайта шыңдай түсіп, тəжірибемді əскери əдіс-тəсілдермен толықтыра түсетініме қуаныштымын» десе, жас сарбаздардың тəлімгері, келісімшарт бойынша қызмет етуші сержант Жансерік Қабылов: «Мен өзім де ауылда туып-өскен азаматпын. Сол себепті əу бастан қызметке үйрену қиын болған жоқ. Жауынгерлердің міндеттеріне тек атқа міну жəне ұрыс, барлау кезінде қажетті əдістерді меңгеру ғана емес, сонымен қатар жылқыларды күтіпбаптау кіреді. Сарбаздар жылқының жем-шөбін, саулығын, ат əбзелдерінің тазалығын қадағалайды, ал оқужаттығу арасындағы үзіліс кезінде жауынгерлер жылқыларды жай ғана серуенге шығарады», – дейді.
Тау күзетшілері полкінің командирлері мен сержанттары жас сарбаздардың қызмет еткен жылын ыстық ықыласпен, ризашылықпен еске алатынына сенімді. Жауынгерлермен бірге жылқылар да əскери қызмет атқарады, бірақ сарбаздың бір жыл қызмет ету мерзімі бар, содан кейін ол үйіне, отбасына оралады. Ал, соғыс атына иесін ауыстыруға тура келеді. Ол жаңа майдандас жолдасты, кезекті əскерге шақырылған сарбазды, келесі шақыруды күтеді. Осылайша Отан қорғау жолындағы ортақ мақсатта олар оқуда да, ұрыста да бір-біріне қолдау көрсетіп, бірге қызмет ете береді.
Нұржан ҚАДІРƏЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді