«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кінә желден бе, ісіне салғырт елден бе?..

Кінә желден бе, ісіне салғырт елден бе?..
ашық дереккөз
Кінә желден бе, ісіне салғырт елден бе?..
Күні кеше болған алапатты жел талайды алқымынан алды. Күтпеген жағдайда күн райы бұзылды. Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліметінше, 109 қызметіне бір күнде 300 өтініш түскен. Электр жарығының сөнгендігі туралы – 249, көгілдір отын өшкені жайында 2 хабарлама келіп, шатыр мен тал құлауына қатысты 23 мәлімет тіркелген. Сонымен қатар, қатты желден 9 адам зардап шегіп, 3 автокөлікке зақым келген. Ал, қазір сол облыс орталығы аумағында жалпы құлаған тал мен бұтақ саны 50-ге жетіп отыр. Аталған жағдай бойынша тиісті шаралар ұйымдастырылып, тазарту жұмыстарына 130 адам, 5 техника жұмылдырылған. 5 «КамАЗ» көлігінің щеткасымен жол жағалары сыпырылып, тазалануда. Осы орайда, қатты желге құлаған талдардың жайсыз орында тұрғанын алдын ала білуге болмас па еді деген де сұрақ бар. Бұталары қурап, сынудың аз-ақ алдында тұрғандығын, ол ағаштың адамдарға қауіп төндіретіндігін төтенше жағдай болмай тұрып анықтауға болмай ма деген ой келеді. Мәселен, Сүлейменов көшесінің бойында құлап жатқан талдың қатты қурағандығын көзіміз шалды. Қайта ол ағаш ешкімге қауіп төндірмепті. Адамдар жүретін тротуарды жағалай өскен. Тараз тұрғыны, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева: – Amanat партиясы филиалынан жиналыстан жаяу қайтып келе жатыр едім. Дәл алдымнан екі метр қашықтықтан тал құлап түсті. Ағаштың астында қалуға шақ қалдым, – дейді. Ал, «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің бригадирі Дидар Шекербеков: «Біз мүмкіндігінше қаланы тез арада құлаған талдан, қоқыстан тазартып жатырмыз. Негізі, бұл жерде салғырттық та бар екенін мойындауға тиіспіз», – десе, қала тұрғыны Нұржан Телтаев: «Дауыл болған күні көп тосын жағдай болды. Талдар құлап, тұрғындарға қауіп келтірді. Оның ішінде уақтылы бұталмаған талдар да бар. Үйдің және мекемелердің шатырлары құлады. Дауылдың тұрып жатқаны жалғыз бұл емес. Тиісті мекемелер, кейбір жеке тұрғын үй иелері де қамсыздық танытты. Негізі алдын ала қам жасалса, зардап шегушілер де, шығын көлемі де аз болар еді, – дейді. Сондай-ақ, бұл дауыл бірнеше ауданның аумағын қамтып, ауылдағы ағайынды да әбігерге салғаны белгілі. Бірқатар аудандардағы білім ошақтарының шатырлары да желге ұшып, қираған құрылыс заттары жарамсыз күйге түсті. Қазақта «Қыстың қамын жазда ойла» деген қанатты сөз бар. Мәселені шешуден бұрын оны болдырмаудың амалын жасау керек шығар. Кез келген табиғи апатқа төтеп беру жолдарын, оның салдарымен күресуді мамыражай кезде бастаған дұрыс. Қала мен ауылдың қыс мезгіліне дайындығы барысында жылу мен жарыққа, шатыр мен талға да боранды күні зақым келмейтіндей қам жасалса артық емес. Сондай-ақ, әрбір тұрғын үйінің шатыры мен ауласындағы мүлкіне мұқият болғаны абзал. Басты кінәні енді желден іздейміз бе, әлде ісіне салғырт елден іздейміз бе?  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар