Жазылмаған дерт болса да көңілде, Жазылсыншы өлең болып осында…
- author «Ақ жол»
- 11 қаңтар, 2024
- 596
***
Су бетіне сапар шеккен кемемен,
Капитандар сүйеді айдын-теңізін.
Ақын адам сүйеді екен өлеңмен,
Ұйқасында ұйқысы жоқ сезімін…
Ал əншілер тəнті еткен үнімен,
Сахнада махаббатын ойлайды.
Ғашығына жыр арнаған түнімен,
Ақындар бар сағынышқа тоймайтын…
Қисынымен тамсандырған ғалымдар
– Сүйгеніме жетсе дейді жаңалық.
Іркілтпейді ішкі сырын ақындар,
Өшпестейін жандарына жара қып…
Жүректері сыздаса да шіркіндер,
Бас ауыртар бос сөзбен сыр ашпайды.
Жылдар өтсін, айлар дəйім, мың түндер,
Түкпірінде мəңгі сырын сақтайды…
Ақын сүйсе уақытша сүймейді,
Ақын сүйсе сүйеді бар жанымен…
Ғашық ақын үнсіздікпен сөйлейді,
Із салады ақ параққа арымен.
Ақын сүйсе ұмытады ақылын,
Бөгде үнді естімейді құлағы.
Қалдырса да артынан сан шақырым,
Ойларында мекендейді музасы…
Талай сыршыл жырлап кетті өмірден,
Бəлкім нағыз бақыт деген осы да?
Жазылмаған дерт болса да көңілде, Жазылсыншы өлең болып осында…***
Сəт келген бе, сөзімізді доғарар? Көзден кетіп, көңілден де жоғалар… Жұдырықтай жүрегімді сендірдім: «Сезім болса, бəлкім қайта оралар». Лаулағандай сағыныштың алауы, Көпті күтіп, бауыр бастым шамалы. Үнсіз кетпей, айтып кетсең қайтеді? Ақылы бар пенде едім ғой, саналы. Өкпелеуге болады ма, болмай ма? Түсініксіз күй кешесің мұндайда… Енді менің жолықпашы алдымнан, Біз бейтаныс жан болайық жарай ма?***
Кей адамдар күтеді екен бойыңнан жанжылулық, Кей адамдар көрсем дейді жүзіңнен тың сұлулық. Тағы өзгелер жанарыңнан жалын отын байқайды, Санаулысы сезеді екен көңілдегі айқайды… Байқайды екен кейбіреулер бойыңдағы төзімді, Ойға шомып, түсінбейді ащы-сынар сөзіңді… Бəрін-бəрін қоя берші, шым-шытырық пікірден, Кейде қорқам мен ұмытып қалам ба деп өзімді… Бар да шығар, саған тылсым көзқараспен қарайтын, Қылығыңа сүйсінетін, бақытына балайтын… Бір сенерім, жалғыз пенде бар қалпыңмен қабылдап, «Міне менің шын өмірлік адамым» деп санайтын.***
Қайран өмір өтуде, Ағысында уақыттың. Шүкіршілік етуге, Кеш болса да, тағы ұқтым... Қайран өмір өтуде, Жүргізе алмай əмірін. Қонақтар кеп, кетуде, Рұқсатымен Тəңірдің... Мəңгі жастық тізбегін, Табам дейді қай надан? Кəріліктің іздері, Байқалады айнадан... Дүние толған қызыққа, Жоқ та сірə, өлшемі... Жүзіңдегі сызықтар – Өмірдастан өрнегі. Сұлулықты, тəніңді, Балап құнды бақытқа. Денсаулықты, жаныңды, Құрбан еттің уақытқа... Құрбан еттің уақытқа, Қолдағы бар өмірді. Жетер жолдың бақытқа, Қысқа екен деп көпірі. Қысқа екен ғой арасы, Бес күн жалған басы – төр, Бақыттың іздеп дауасын, Сүргеніңше күтер көр! Арман деген – бір арал, Ойлағаннан ес кетті. Қалай жүзіп барасың, Қолданбастан ескекті? Қолданбаған ескекті, Жатыр талай пенделер. Жасамаған еңбекті, Суды тосқан, дем берер... Ғашықтықты жырлаумен, Тағы кештің мұң күйді. Сезім атты тұрлаумен, Жараланбай кім сүйді? Балалардың шаттығы, Көңіліңде сəн құрып, Естіледі барлығы, Қабырғадан жаңғырып. Қара тасқа жазылып, Өшпестейін көрінді. Асыл тастар қазылып, Асыл жандар көмілді... Назданамыз уақытқа, Тарқатамыз кейде шер. Ұрланған бар жақұтқа, Куə емес пе қара жер? Дүние деген уақытша, Түсінікпен сарала. Жетем десең бақытқа, Уақытыңды бағала!Жұмақ мекен – Майтөбе
Табиғаты құнарлы, құнды, көркем, Майтөбе – кие тұнған, туған өлкем. Уақыт өте жасарып, гүлденуде, Сын сағатпен жарыса жайған өркен. Тау-тасы бар сақталған қазынадай, Тізілген көшелері атына сай. «Бұл өлкем адамзатқа болған мекен» деп аулыма айтқандай ақын Абай. Сыр-сымбаты бұлақтай ақтарыла, Жасырған тарихын тау қатпарында. Əкем аты қалдырған мөр-таңбадай, Тұяғының іздерін топырағында... Кешқұрым жаздың салқын даласында, Аңқытып тұманменен тау асыра, Анамның оттан шыққан шелпегі иісі, Сіңгендей көк жапырақ, ауасына. Жайлы ғой мұндағының бəрі жанға, Аунаған талай батыр, палуан да. Өрісі кең, жайылымын қоныс еткен, Бақташы, балықшы да, шаруаң да. Бақытыңды күзетем, бас ұрам да, Тірі суретке теңесем, асырам ба? Ыстық жігер, от қайрат суреттелген , Берікқара ашуы тасығанда... Шаршамайтын толқыны таласудан, Билікөлдің айдынды жағасынан. Көремін балғын шақтың сағынышын, Қариялардың көне көзқарасынан... Алыстатты армандар көші мүлде, Балалық қалды ананың бесігінде. Жетпейді алтын қақпасы шаһарлардың, Ауылымның ағаш шарбақ, есігіне...Ұқсас жаңалықтар
Тұрақты кітап оқу – тұлғалық дамудың тұтқасы
- Бүгін, 03:07
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді