Ал, былтыр тағы да бірінші лигада доп теуіп, турнир кестесінің ортаңғы белінен әрең көріндік. Бұл туралы клуб директоры Жандос Ахметов маусым басында түсіндіріп өткені рас. Ол: «Клубтың қарызы өте көбейіп кеткен. Сол қарыздарды реттеу үшін бірінші лигаға түсіп отырмыз. Екі жылдай қарыздарымызды реттеп алып, бұйырса жақсы ойыншылармен премьер-лигаға шығуға күш саламыз», – деген.
Былтыр «Тараз» командасы сол мақсатпен тер төкті. Бірақ, команданың соңғы сәттердегі жиі жеңілістері жанкүйерлерге ұнаған жоқ. Біз Диас Орынбасар, Арсен Әшірбек, Еркебұлан Тойбек, Ұлықбек Хайтмұратов, Абзал Маханбетжанов, Бауыржан Рахмет бастаған жамбылдық жігіттер бір сөзбен айтқанда, жерлестерінің сенімін толық ақтамады. Себебі неде екенін түсіне алмадық. Осы сәтсіз ойындардан соң, бас бапкер ауысты. Бірақ, былтырғы маусым басталғанда «Тараз» дәл осы құраммен де «Түркістан» командасын 5:0, «Бәйтерек» командасын 7:1 ірі есебімен ұтып қуантып еді. «Тараз» футбол клубының 50 жылдан бері қалыптасқан жанкүйерлері бар. Тараздық қарт Барат Мыңбаев ақсақал жамбылдық команданың әр ойынымен тыныстайды. «Жерлес команда «Тараз» ұтқан күні төбем көкке жетеді», дейді ол.
Жанкүйердің көңіл-күйі деген осы. Ал, облыстың Құрметті азаматы, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов өткен жыл соңында зиялы қауыммен өткен кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке «Тараз» футбол командасының жағдайы туралы айтқан болатын. «Премьер-лигадан қашан көреміз? Тіпті, жаңа ашылған Абай облысының да футбол командасы премьер-лигада ойнайды» деп сұрақ қойды. Облыс әкімі бұл сауалға мән беріп, «Тараз» клубының жағдайын зерделеп жатқанын айтып, барынша нәтиже шығаруға күш салатынын жеткізген еді.
Өңір басшысының бұл жауабына қуанып қалдық. Біз жақында аталған клубтың атқарушы директоры Ғабит Қазыбековке жолыққан едік. Ол: «Клубтың қарыздары көбейіп кеткендіктен, былтыр бірінші лигаға түсіп, өнер көрсетуге мәжбүр болдық. Сондықтан, 20-23 жасар жамбылдық жігіттер ғана команда құрамында доп тепті. Жеңсе де, жеңілсе де сол жергілікті жігіттер тер төкті. Биыл қаржылық мүмкіндікке қараймыз. Жақын күнде командаға бас бапкер тағайындап, жоспар жасаймыз. Премьер-лигаға шығуды жоспарласақ, мықты ойыншыларды шақыруымызға тура келеді. Олардың құны – көлемді қаражат. Дегенмен, мәселенің оң шешілеріне сенімдімін», – деді.
***
Бізде спорт саңлақтары туралы тағы да қозғайтын мәселелер аз емес. Мәселен, сонау сексенінші жылы Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің алтын медалінен кейін елімізде күрес түрлерінен Олимпиада чемпионы шыққан емес. Жамбыл облысынан алтыннан алқа тағынған саңлақтың шығуын күтіп жүргенімізге талай жыл болды. Рас, Елдос Сметов екі дүркін Олимпиада жүлдегері атанды. Оның алдында Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров Олимпиада медаліне қол жеткізді. Бірақ, алтынның аты – алтын. Рас, «Қазақстан барысы» турнирін үш рет ұтып алған Бейбіт Ыстыбаевпен мақтанамыз. Ал, үш рет Олимпиада чемпионы болған жерлестермен мақтанып отырар күн қашан туар екен? Бокстан Бақтияр Артаев 2004 жылы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиадада алтыннан алқа тағынып, ең үздік боксшыға берілетін «Баркер» кубогын қоса иеленіп қайтты. Бұл Бақтиярдың және жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековтің ғаламат еңбегі. Содан бергі жиырма жыл ішінде Олимпиада алтынын алған боксшыны кездестіре алмадық. Рас, Асланбек Шымбергенов Азия, Әлем чемпионы атанды. Олжас Сәттібаев әскерилер арасында Әлем чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионы болды. Ғани Жайлауов Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Әбілхан Аманқұл мен Дулат Бекбауов Әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері атанды. Бір айта кетерлігі, соңғы үшеуі тағы да сол – Нұрлан Ақүрпековтің төл шәкірттері. Сонда Олимпиада төрінде жарқыратып алтын алып берген Бақтияр Артаевқа, оның жеке бапкері, Бақтиярдан кейін де бірнеше төл шәкіртін төрге оздырған Нұрлан Ақүрпековке құрметіміз ерекше болса жараспай ма? Биыл Афина Олимпиадасында Артаевтың чемпион атанғанына 20 жыл. Бұл – облыстың үлкен абыройы. Осы атаулы күнге арналып іс шаралар өте ме? Біз осы жағын білмек болып облыстық бокс федерациясының президенті Ерәділ Убаниязовқа хабарласқан едік. Өкінішке қарай мүлдем байланыса алмадық. Ал, «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының басшысы Бақтияр Тілегенов: «Бұл сұрақ тікелей маған қойылып тұрған жоқ. Дегенмен, Нұрлан Ақүрпеков ағаның еңбегін бағалап, құрметтеуге дайынбыз. Спорт саласының, федерацияның басшылары да мұндай еңбегі сіңген азаматтарға оң көзқараспен қарайтыны анық. Бұйырса, шәкірті Бақтияр Артаев екеуі алтыннан алқа тағынған жеңістің 20 жылдығы да лайықты аталып өтеді деп ойлаймын. Осы жеңістің құрметіне жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир өткізсе де артық емес», – деді.
Ал, біз облыстың абыройы үшін тер төгіп, чемпион шәкірттер дайындап жүрген барлық жеке бапкерлерге деген құрмет, қолдау жоғары болса дейміз. Сонда, спорттың бағы жана береді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді