«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өлең өлкесінде

Өлең өлкесінде
ашық дереккөз
Өлең өлкесінде

ШИПАГЕР

(М.Икрамбекұлына)

Ұлты үшін қадамын нық басатын,

Ұрпақ үшін құшағын кең ашатын.

Гинеколог дәрігерсің, Мейрембек,

Науқастарға нұрлы шуақ шашатын.

Сын сағатта ел сенімін ақтаған,

Сүйегі асыл жігітті жұрт мақтаған.

Тоқсан тоғыз аяғынан шалса да,

Тұлпар текті бекзаттығын сақтаған.

Алғыс пенен бата алып халықтан,

Тал бойына имандылық дарытқан.

Табанақы, маңдай тері емес пе,

Талабы тау тұлға екенін танытқан.

Тіршіліктің дауылы мен жаңбырын,

Тағдырым деп қабылдайсың барлығын.

Ауырғанды арашалап ажалдан,

Арпалысып өтіп жатыр әр күнің.

Таңғалдырып он сегіз мың ғаламды,

Тәнті етіп зілі қатты заманды.

Татуластың жүкті әйелге наресте:

«Азамат қып өсірші, – деп, – балаңды!»

Осылайша қуанышқа бөлейсің,

Отқа түсіп парызыңды өтейсің.

Саусақтарың дерт көрмесін, Мейрембек,

Іңгәлаған періште үндер көбейсін.

Дәрігерге күндіз-түні жоқ тыным,

Дамыл бермес білем жұмыс көптігін.

Шаңырақтың шарықтатқан шаттығын,

Шипагерлер, биік болсын шоқтығың!

 

ҰСТАЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

(Қ.Батыралиевке)

Қатал тағдыр ноқтасына ғазиз басы сыймаған, Қолын байлап тар заманда іс істетпей қинаған. Қасиетті Құран сөзін – Алла хаты санаған, Қаншама жан өтті өмірден иман нұрын жинаған. Парасат пен ғылым оты жүрегінде маздаған, Шындықты іздеп шыңыраудан, ақиқаттан азбаған. Адалдықтың аяғынан шалған сайын күншілдік, Мұқағали, Шәмшіге ұқсап азап шеккен аз ба адам?! Меркідегі Қажығали сондай сойдың бірі еді, Ортасынан оқ бойы озық ғұлама еді, ірі еді. Отаны мен отбасына бар ғұмырын арнаған, Жон арқасын желге тосқан сүйегі асыл ұл еді. Сүрмесең де салтанатты, сауық-сайран дәуренді, Сан түсірдің мұғалім боп шәкірттерге сәулеңді. Бабам тілін – қазақ тілін ұлықтаумен өттің сен, Биік ұстап киелі оймен тыныстаған кеудеңді. Ұстаз едің сүрінгенді құламауға үйреткен, Сондықтан да теңіз тулап тасуларын сиреткен. Ұлы Абайдың жатқа айтушы ең жанартаудай жырларын, Жас буынды жатып ішер, жалқаулықтан жиренткен. Жұртқа жайып жетесіздің көлеңкелі дерегін, Жемқорлардың бет пердесін сыпыратын ер едің. Жүрегіңе жара салып жабырқатып жатса да, Жақсы адам ең халық үшін қасық қанын беретін. Өсиеттей естілетін ақылы мен әзілі, Әйеліне дейтін ылғи: «Білім – тірлік қазығы. Оңыңнан ай, солыңнан күн туғызатын өскенде, Бесігіңде іңгәлаған перзенттердің азығы». Қайда сол жан туған жерін өліп-өшіп сүйетін, Еңбегімен көрсететін елге ізет ниетін. Қайда сол жан ұрпағымның бақ жұлдызы жансын деп, Ұл-қызының ыстығы мен суығына күйетін. Жыл артынан жылдар жылжып өтіп жатыр жаңғырып, Шыбықтары орман болды атажұртты таң қылып. Уыз Ана-Ұлттың тілі, Қазақ тілі тұрғанда, Сол ұстаздың ақ арманы жасай берер мәңгілік!  

ҚАЙРАН, МЭЛС

(Композитор М.Өзбеков 85 жаста)

Қайран, Мэлс!.. Таусылғанша талқаның, Көрмей кеттің жақсылығын жалғанның. Көзтүрткі боп құрығы ұзын қоғамда, Күңіренді асыл аққу арманың. Қасіреттің екі көзі шелденген, Қас талантты шығармады шеңгелден. Қайран, Мэлс!.. Қар жастанып өтсең де, Өнер-өлмес, жаққан отың сөнгенмен. Сұлу әннің сәулесімен нұр жағып, Туған өлке төскейіңде зыр қағып. Тоңазыған жұрт жүрегін жылытып, Паң дүние қақпаларын тұр қағып. Өзен өксіп, қамыс жылап қамыққан, Өтті күндер өгейлігін танытқан. Өз тізгінің өз қолыңа тиген соң, Қайран, Мэлс!.. Бағаңды алдың халықтан. Азаттықтың шұғыласы шашылды, Айдын көлдер арасынан тасынды. Атақ-даңқын асқақтатып Мэлстің, Әдемі уыз әніне жол ашылды!..  

Шырын МАМАСЕРІКОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын

Ұқсас жаңалықтар