Сайыпқыран спортшыларға құрмет

Сайыпқыран спортшыларға құрмет
ашық дереккөз
Сайыпқыран спортшыларға құрмет
Әр жылдың өз жоспары мен межесі, мүмкіндіктері болады. Биыл өңіріміздің спорт саласында да жоғары табыстарға қол жетті. Облысымыздың дарынды спортшылары еліміздің мақтанышына айналып отыр. Осынау жетістіктерге орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Жыл үздігі-2023» тақырыбымен спорт саласының озаттарын марапаттау рәсімі Тараз қаласындағы «Гауһартас» мейрамханасында өтті. Аталған іс-шара алдында облыс басшысы Ербол Шырақпайұлын спортшылардың жетістігі бойынша дайындалған көрме жұмыстарымен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов таныстырды. Іс-шарада әуелі облыс спортшыларының жетістіктері және облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ағымдағы жылда атқарған жұмыстары бойынша деректі фильм көрсетілді. Мұнан соң жиналған сала қызметкерлері мен спортшылар алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйледі. – Құрметті спортшылар! Бүгін спорт және спортшылар үшін мәртебелі күн. Биылғы жыл облыс спорты үшін табысты жыл болды. Жалпы, жарыстардың барлық түрінен 1600 медальға қол жеткіздік. Өңіріміздің 805 спортшысы бірнеше спорт түрлерінен Ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Бұқаралық спортпен 492 мың адам шұғылдануға мүмкіндік алды. Бұл жалпы халықтың 40,3 пайызын құрайды. Бұл көрсеткішті бұдан әрі де өсіруге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамыту жолында біздің алдымызға нақты міндеттер қойып отыр. Сол міндеттерді абыройлы орындау – парыз. Біздің аймақта 22 спорт нысаны салынып, биыл 10 жаңа нысанның құрылысы аяқталды. Ал, 12 нысан келесі жылға өтпелі. Жамбылдық спортшылардың Әлем, Азия чемпионаттарында топ жаруына Дамир Буданбеков, Нұрлан Ақүрпеков бастаған білікті бапкерлердің еңбегі үлкен. Әлем чемпиондары Асланбек Шымбергенов, Сұлтан Әсетұлы, Елдос Сметовтың есімдерін ерекше атауға болады. Жеңіске жетіп жүрген өзге жерлестеріміздің де алдағы мүмкіндіктері жоғары бола берсін. Қазіргі таңда мен өткізіп жүрген кездесулерде «Тараз» футбол клубының мәселесі көтеріліп жүр. Біз бұл мәселені зерделеп, клубтың табысқа жетуіне ықпал ететін боламыз. Қадірлі бапкерлер мен спортшылар! Сіздерді жеткен жетістіктеріңізбен және алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әр отбасына береке мен шаттық, өздеріңізге табыс тілеймін! – деді өңір басшысы. Мұнан соң Ербол Шырақпайұлы бірқатар жаттықтырушылар мен спортшыларды марапаттады. Атап айтқанда, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков, №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспрімдер спорт мектебінің грек-рим күресінен жаттықтырушы Серік Әлшенов, №1 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Сәмбетәлі Шалданбаев марапатталды. Сонымен қатар, аталған саланың он қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Жиында әр аталым бойынша жыл үздіктері анықталды. «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымы бокстан Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке, «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымы дзюдодан Азия ойындарының күміс жүлдегері Бекәділ Шәймерденовке, «Ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымы тоғызқұмалақтан жастар арасында Әлем чемпионы Айдана Молдабекке, «Мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымы грек-рим күресінен спорт шебері Асан Нұржанға берілді. Сонымен қатар, «Үздік спорттық команда» аталымына атағына су добынан Әлем кубогының қола жүлдегері «Айша бибі» су добы клубы, «Жыл жаңалығы» аталымына грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионы атанған Сұлтан Әсетұлы, «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы» аталымына танымал бапкер Ерлан Сембеков, «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» аталымына Әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлының жеке бапкері Марат Қуатов, «Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» аталымына жауынгерлік самбодан жаттықтырушы Сергей Самарцев, «Ұлттық спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» аталымына ересектер арасында «Әулие-ата» көкпар клубының капитаны Есжан Құрманбай, «Мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» аталымына сурдлимпиадалық грек-рим күресі спорт түрі бойынша жаттықтырушы Ринат Исмаилов, «Жыл рекордшысы» аталымына паражүзуден Азия Паралимпиада рекордын жаңартқан спортшы Жұмағали Нұрдәулет, «Халық таңдауы» аталымына самбо және дзюдодан спорт шебері Серік Әбдімажит, «Үздік облыстық спорт мектебі» аталымына Байзақ ауданындағы №8 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Үздік аудандық спорт мектебі» аталымына Меркі ауданындағы №22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Үздік спорт бөлімі» аталымына Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Үздік әдіскер» аталымына Олжас Төлеушов, «Үздік спорт нұсқаушысы» аталымына Жуалы ауданы, Шақпақ ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Ақпан Дәулет, «Үздік жаңалық жаршысы» аталымына облыстық «77-ТV» телеарнасының редакторы Тахмина Тәліпжан, «Үздік балалар спортшысы» аталымына Джиу-Джитсудан жасөспірімдер арасында Әлемнің күміс жүлдегері Аяна Иса, «Үздік федерация» аталымына грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясы, «Үздік мобилограф» аталымына Ерслан Өмірзақ ие болды. Жеңімпаздарға дипломмен қоса қомақты қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар, бірқатар сала қызметкерлері мен спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Жиында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты. Бұл жиын спортшыларға серпін бергені анық. Келесі жылы – Жазғы Олимпиада. Осы төрт жылдықтың додасына іріктеу додаларынан жамбылдық жампоздар сүрінбейді деп ойлаймыз.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар