«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үш кәсіпкер шыққан отбасы

Үш кәсіпкер шыққан отбасы
ашық дереккөз
Үш кәсіпкер шыққан отбасы
Шымбұлақ ауылынан түлеп ұшқан түлектердің бірқатары – белді кәсіпкерлер. Олар алтын ұя – ауылдарына қарайласып қол ұшын бергенде Шымбұлақтың биік шатқалдарына дейін шаттанып кететіні бар. Сондай кәсіпкердің бірі – Гүлғашима Исабаева. Оның Астана қаласында үлкен жекеменшік дүкені бар. Ауылға аттың басын жиі бұрып тұрады. Өзі бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Оларды жеткізу, бағып-қағу да оңай шаруа емес. Соған қарамастан, ауылға көмек көрсетуден бас тартқан кезі жоқ. Гүлғашима мұндайда жалғыз қалмайды. Оның екі сіңлісі Гүлгауһар мен Гүлнар Тараз қаласында жеке кәсіпкерлікке ден қойған. Екеуінің де ісі көңілге қуаныш сыйлайды. Гүлгауһардың бес ұл-қызды тәрбиелеп отырғаны да өз алдына үлкен ізгі іс. Гүлнар болса 3 ұл-қыздың анасы, ет өнімдерін сатумен айналысады. Үшеуі біріккенде – үлкен күш. Үш қыздың алдағы уақытта бірлесіп атқарсақ деген жобалары да бар. Бұл кәсіпкер қыздардың Шымбұлаққа алаңдай беруі бекер емес. Себебі мұнда асыл аналары Опагүл Рысбаева тұрады. Өмірге 7 ұл-қыз әкелген ардақты әже қазіргі таңда 74 жаста. Осынау «Алтын алқа» иегерін ауылдың үлкен-кішісі тегіс құрметтейді. Опагүл Рысбаева Жуалының Қайрат ауылында туып-өскен. 1968 жылы 18 жасында Шымбұлақ ауылына Итебай ақсақалдың әулетіне келін болып түскен. Содан бері 56 жылға жуық уақыт аталған әулеттің бір мүшесіне айналып, қазіргі таңда бата берер әжесі. Құдай қосқан қосағы Сабыр Итебаев екі қызының тұрмысқа шығып, үлкен ұлының отау құрғанын көріп, 1995 жылы 60 жасында ауырып, өмірден озыпты. «Өлшеніп берген өмір бар, кезегіменен жүрерсің» деген осы да. Сабыр Итебаев филолог мұғалім болған. Осы Шымбұлақ мектебінде 40 жылға жуық ұстаздық жолда еңбек етіпті. Ал, Опагүл Рысқұлбекқызы әжеміз Шымбұлақ мектебінде кітапханашы болып, ұзақ жыл істеп сол жұмыстан зейнетке шығыпты. Жалпы, бұл ауылда көптеген еңбек адамдары тұрады. Олар ауыл экономикасын көтеруге өздерінің қомақты үлестерін қосуда. Қандай мамандық иесі болу үшін де білім керек. Ауылда кәсіпкерлігін дөңгелетіп жүрген азаматтардың барлығы да кітаппен дос болып, Опагүл әженің қолындағы рухани қазынамен танысып өскен. Кітапханада экономика тақырыбындағы, өзіңді дамытып, батылдыққа бастайтын кітаптар да жоқ емес. «Кітаптан асыл қазына жоқ. Ертерек тұрмысқа шығып кетіп, мамандық ала алмадым. Бірақ, кітапханашы болған күннен бастап жұмысыма адал болдым. Сол жағын ескерді ме, ешкім жұмысымнан қуған жоқ. Ұзақ жыл кітапханашы болып тер төктім. Балалардың болашағы деп өмір сүрдік, еңбек еттік. Бірқатар марапаттарды алдық. Мектептегі оқушылардың зейінін кітапқа аударсақ деп күш салдық. Кітапханадан үлкендер де келіп кітап алып тұрды. Солайша, өздері қалаған кәсіпте де білім көкжиегін кеңейтті. Соларға адал қызмет еттім деп ойлаймын. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын, – дейді әже. Ал, Жангелді ұлы «Ауыл аманаты» бойынша несие алып, мал шаруашылығын дамытып отырған шаруа, бес перзенттің әкесі. Опагүл әженің бір немересі Ерғазы Өскемен қаласында әскери қызметті абыройлы атқарып жатқанын мақтанышпен айтсақ артық болмас. Жалпы, әжеміз 25 немере, 17 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары бас қосқанда қара шаңырақ үлкен мерекеге айналады. Кәсіпкер және өзге де салаға ден қойған перзенттердің анасы Опагүл әжемізді аудандағылар да құрметтеп, жылы сөздерін арнап отырады. Ондай құрметке Опагүл және оның жаңашыл іске бейім ұрпақтары әбден лайық.  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар