Мекені – мектеп, бағыты – білім, бақыты – бала
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезіне қатысқан болатын. Жиында ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі қашан да орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан, ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі», – деді. Шынында да ұлтты тәрбиелейтін алдымен ұстаз екені белгілі. Әрбір жеткіншектің дұрыс жетілуіне жағдай жасап, оның сәби санасына білім шамын жағатын осы жандар. Барлық шәкірт жаңа отырғызылған жас тал секілді. Өсіп-өніп, жетіліп жеміс бергенше мұғалім барын салып еңбек етеді.
Оның оқушыға сіңірген еңбегін бағалай білмеу адамдығымызға сын. Кейіпкеріміз бала кезден қиын да, қызықты мамандыққа өз тағдырын арнаған. Осы саланың ыстық-суығына төзіп, ұстаз атанғанына 28 жыл болды.
Назира Досалиева 1974 жылы Меркі ауданы, Қостоған ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 30 жылға жуық білім саласында қызмет етіп, осы жылдар ішінде көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде сол шәкірттері биіктерден көрінуде.
Қазіргі таңда Меркі ауданында мерейі үстем, мәртебесі биік мұғалім. Ауданның білім бөлімі елге сіңірген ерен еңбегін бағалап, құрмет грамоталарымен талай мәрте марапаттаған. Облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, үздік атанды. Өзімен бірге оқушылары да мектеп мақтанышына айналды.
Жеткен жетістіктеріне тоқталар болсақ, Назира Орынбасарқызы республикалық «Педстарт» қашықтық олимпиадасында І дәрежелі диплом, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған олимпиадаға қатысып І дәрежелі диплом алған. Сондай-ақ, үздік абайтанушы номинациясы мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы атынан жемісті еңбегі және ғылыми-зерттеу жұмысына қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу барысында да шәкірттері түрлі жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, Альбина Дәметбек республикалық дарынды оқушылар порталының ұйымдастыруымен өткен жеделдетілген «Мультфильмдегі менің сүйікті кейіпкерім» атты шығармашылық байқауға қатысып, І орын алған. Ал, Дияр Сабыркей республикалық «Алтын тобылғы» байқауында жүлделі І орын иеленген. Айта берсек, жетістіктері атан түйеге жүк.
Өзінің айтуынша, педагогтің еңбегі оқушының алған бағасы секілді түрлі сандармен өлшенеді екен. Сан емес, білімді сапамен өлшеу керектігін тілге тиек етті.
– Педагогтердің білім сапасы жеткен жетістіктері менa түрлі байқаулардан алған марапаттарына ғана байланысты деу – қате түсінік. Мұндай жетістіктерге ақшамен, таныс-тамырмен қол жеткізгендерді де көрдік. Ол жасырын және таңғалатын жағдай емес. Мәселен, мен 30 жылға жуық еңбек жолымда адал қызмет етіп келемін. Еңбекке енді ғана араласқан жастар бізден көп жалақы алады. Оның жалақысы еңбегімен емес, сатып алған марапаттарымен көбейіп жатыр. Алдымызға әліппемен келген оқушыны әліміз жеткенше терең оқытамыз. Кейде біз оқытқан білімді шәкірттерді басқа біреу иемденіп кетеді, – дейді назын айтқан Назира Орынбасарқызы.
Сондай-ақ, ол өзі қызмет ететін Байсейіт Жылкелдин атындағы №30 орта мектептің бүгінде білім сапасы өте жоғары екенін айтты. Бұл білім ошағынан біраз сот төрағалары түлеген. Басқа салада да биіктерді бағындырған мықтылардың білімдегі іргетасы осы ұяда қаланған. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің бастау бұлағы – мектеп. Өз ісінде іскерлігін көрсете білген кейіпкеріміз көкейіндегі ойын осылай жеткізді.
Парасаты патшадан биік, қасиеті ханнан жоғары ұстаздардың қадірін білу баршаға парыз. Мекенін – мектеп, бағытын – білім, бақытын – бала деп білген педагогтердің еңбегін бағалайық.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді