«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Энергетикалық сусын: жаңа дерт пе?

Энергетикалық сусын: жаңа дерт пе?
ашық дереккөз
Энергетикалық сусын: жаңа дерт пе?
Бүгінде энергетикалық сусындарды тұтынушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Кез келген дүкенге кірсең тоңазытқышта «менмұндалап» тұрады. Тұтынушылардың үштен бірі темекімен бірге осы сусынның саудасын қыздырып тұр. Әлемнің 170-ке жуық елінде тұтынушылыққа ие сергіткіш сусынның адамға берер зияны көп екені анықталуда. Көптеген кісі өліміне де себепші осы сусын. Дегенмен, шекара арқылы шектеу қойылмаса, әзірге тосқауыл болмай тұр. Ересектермен қатар, буыны қатаймаған бүлдіршіндер де осыған тәуелді. Мектеп жасындағы балалардың өзі тығылып ішіп жүргенін талай көзіміз шалды. Ата- анасы берген ақшаны жасырын осы сусынға жұмсап жүрген жастар қатары жетерлік. «Gorilla», «Dizzi», «Zet», «Bizon» сынды қаптаған сусындардың құдіреті қандай? Бұған тәуелді тұтынушылардың одан тыйыла алмай жүруіне не себеп? Бұл сұрағымызға жауап іздеп көрдік. Қала тұрғыны, такси жүргізушісі Руслан Бейсек «Gorilla» сусынына тәуелді екенін жасырмады. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тынымсыз адам тасымалдайды екен. Шала ұйқы мен шаршағанын басатынын айтты. – Осыдан 2 жыл бұрын «Gorilla»- ға тәуелділігім жай шөл басудан басталды. Елдің бәрі ішіп жүрген соң дәмін татып көруге қызығушылығым артып, біреуін іштім. Бойымда біртүрлі сергектік пайда болды. Тағы да 1-2 рет ішкен соң күнделікті әдетке айнала бастады. Құрамында не бар екенін білмеймін. Бірақ, бір құтысын ішсем қарным ашқанды да ұмытып кетемін,–дейді ол. Сондай- ақ, ол энергетикалық сусынның адам денсаулығына аса қауіпті екенін біле тұра қоя алмай жүргенін жеткізді. Күнде таңертең және түсте біреуін ішпесе көңілі көншімейді екен. Ал, Меркі ауданының тумасы, Астана қаласында такси қызметін атқаратын Талғат Ниеталиев есімді азамат «Gorilla» сусынының салдарынан қазір мүгедек арбасына таңылғанын мұңая сөз етті. Ол күнде үйінен шыққан соң алдымен дүкенге соғып, осы сусынды ашқарынға ішеді. Кешке дейін 3-4 құтысын тауысып жүрген. Ойламаған жерден денсаулығы сыр беріп, ауруханадан шығыпты. Асқазанында бірден жеті жара пайда болыпты. Бұл жерге ауыр халде түскен Талғатты дәрігерлер өлім аузынан әзер дегенде арашалап қалса керек. Қазіргі таңда 3 рет ота жасатып, енді-енді өзіне келе бастапты. Сергітетін сусынның адам денсаулығына тигізер кері әсерін зерделеу мақсатында біз Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы директорының орынбасары Айгүл Ахметтің пікірін сұрадық. Оның айтуынша, энергетикалық сусындарды күнделікті рационда қолдану адам ағзасына өте зиян. Ішінде жүрек-қан тамыр жүйесіне тигізер зардабы орасан. – Бұл сусындардың негізгі құрамы таурин мен кофеиннен тұрады. Адамдар оны көп қолданған кезде жүрек соғысы жиілейді. Жүрек жұмысының резерві тез таусылып, қан тамырлар қабырғасының иілгіштігі өзгереді, қанның құрамы ауысып, қоюлығы жоғарылап, тамырдың ішінде қан ұйып, тромб пайда болуына әкеліп соғады. Бұл белгілер жүрек-қан тамырлар ауруларына шалдықтырады, – дейді Айгүл. Соңғы кездері 40 жасқа дейінгі жастар арасында инфаркт көп. Аталмыш орталыққа 25 және 37 жастағы ер адам ауыр халде түскен. Олар да осы энергетикалық сусындарды көп ішкен. Айта берсек, аталмыш сусыннан зардап шеккендер аз емес. Жалпы, адам өміріне қауіп төндіретін өнімнен өзіміз бас тартпасақ, әзірге басқалай жол жоқ. Ересектерден бұрын өскелең ұрпақтың өмірін сақтау басты міндет.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар