«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алаяқтықтың жазасы қатаң

Алаяқтықтың жазасы қатаң
ашық дереккөз
Алаяқтықтың жазасы қатаң
Бұл күнде қоғамда интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отыр. Нақ осы қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі – интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу. Жиі қолданылатын үшінші тәсіл – азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатын жымқыру. Рас, қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте, олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Мұндай адамдармен көп сөйлеспеген дұрыс. Егер сізге «банктен немесе полициядан хабарласып тұрмын» десе, телефонның тұтқасын бірден қоя салыңыз. Екінші кезекте мұндай кезде тек қазақ тілінде сөйлеу керек. «Мен сіздің айтқаныңызды түсінбеймін, қазақша айтыңыз» десеңіз, олар тұтқаны қоя салады. Неге десеңіз, сөзіміздің басында айтқандай, алдауға дағдыланған адамдар осы тұрғыда ұзақ дайындалады. Неше түрлі психологиялық әдістер әзірлейді. Міне, сол себепті олардың осы алдын ала дайындықтары орыс тілінде болғандықтан, сіз қазақша сөйлесеңіз, амалсыз тұтқаны қояды. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқына заңсыз қол жеткізу үшін қылмыскер алдап-арбау амалдарын қолданады. Басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада алдау және сенімге кіру жолымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін екенін еске алу керек. Олардың жазасы қатаң. Алаяқтар жауапкершілігі қылмыстық- құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу маңызды. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын тиісті органдар анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болады. Ал, олар теле фон ша лғанда тыңдай бастадыңыз ба, онда өзіңіз арбауға қалай түсіп қалғаныңызды байқамай қаласыз деген сөз. Олар сіз туралы ақпаратты дәл айтып тұрғандай болады, қай банкте қанша ақшаңыз бар екенін, оны қашан алып, қашан салғаныңызды нақты айта бастағанда, амал жоқ, сене бастайсыз. Тіпті, оған қоса олар сіздің балаңыздың, бауырыңыздың қайда жұмыс істейтінін, жасын да дәл айтып бере алады. Ал шындығында, оған сол ақпаратты сіз өзіңіз онымен сөйлесуіңіз арқылы айтып тұрсыз. Өйткені, олар құйтырқы бір сұрақ қойғанда, жауап берсеңіз болды. Сол арқылы бәрін біліп тұрады. Сондықтан банк, ақша, ұтыс туралы телефон шалған адаммен көп сөйлеспеген абзал. Есіңізде болсын, банк қызметкері немесе полиция сізге еш уақытта мұндай мәселеге бола қоңырау шалмайды. Одан бөлек, OLX, Instagram, тағы басқа желілер арқылы жалған жарнамалар жариялап, уақытша ашылған е с епшотт арға ақша аударымдарын жасату. Қылмысты ақырына дейін жеткізген алаяқ, аталған қаражатқа иелік етуге толық мүмкіндігі болған сәттен байланыс құрылғыларын өшіріп, ізін суытуға кіріседі. Нәтижесінде, алаяқтың арбауына түскен тұрғындар келісілген мүлікке қол жеткізуге немесе өз қаражаттарын кері қайтарып алуға мүмкіндіктері таусылып, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болады. Жоғарыда айтылған қылмыстардың құрбаны болудан сақтану жөнінде қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салымдар салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасап, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай, үдей түсуде. Мәселен, алаяқтар сіздің хабарландыруыңызды көшіріп алады. Бірақ бағасын әлдеқайда төмен етіп белгілейді. Бұл көлік, пәтер немесе өзге тауардың хабарландыруы болуы мүмкін. Ал, алаяқ сізге қоңырау шалып немесе хат жазып, «Көлікті тексеремін» деген сылтаумен құжаттардың суретін сұрайды. Енді оның қолында көліктің суреті ғана емес, құжаттары да бар деген сөз. Әрі қарай хабарландыруға қызығушылық білдірген адамдардан алдын ала төлем алады. Сөзіне сенбегендерге көліктің құжатын жібереді. Ең соңында хабарландыруын өшіріп, байланысқа шығуды доғарады. Ал, полиция тексергенде платформада тек сіздің хабарландыруыңыз тұрады. Мұндай маркетплейстерде алаяқтар адамдарды алдаудың тағы бір тәсілін қолданады екен. Ол – «жеткізу қызметінің» сілтемесі арқылы банк картасынан ақша шешіп алу. Алаяқтар хабарландыру иесіне жазып, тауарды сатып алатынын, бірақ затты өзі алып кете алмайтынын айтады. Сөйтіп жеткізу қызметі арқылы салып жіберуді сұрап, арнайы сілтеме жібереді. Сілтемеге кіріп, барлық мәліметтерді, банк есепшотын жазған соң алаяқтар картадан ақшаны шешіп ала алады. Тіпті, қарапайым сілтеме арқылы алаяқтар ұялы телефоныңыздағы барлық мәліметтерді біледі. Сосын атыңызға несие де рәсімдеуі әбден мүмкін. Алайда алаяқтар ақша жымқырудың тағы бір жаңа тәсілін ойлап тапты. Енді олар «конкурста дауыс беру» деген желеумен фишинг сілтемелер тарата бастаған көрінеді. Пайдаланушыларға белгілі бір конкурста балаға немесе таныс біреуге дауыс беру жөнінде өтініш білдірген хабарлама мен сілтеме жіберіледі. Осылайша, алаяқтар аккаунттарға кіреді, тіпті ақша да ұрлайды. Осындай алаяқтық схемасын биыл тамызында ресейлік пайдаланушылар да байқаған. Олардың айтуынша, таныстарына немесе туыстарына дауыс беру ниетімен сілтеме бойынша өткенде, телефон нөмірін және оған келген кодты енгізуді талап ететін парақша ашылады. Осыдан кейін адамдар WhatsApp аккаунттарын басқара алмай қалған, ал телефон тізіміндегілердің барлығына дерлік дауыс беру туралы ақпарат жіберілген. Алаяқтардың құрығына түскендердің кейбірі телефон нөмірін де, кодты да енгізбегенін, бірақ сілтеме арқылы өткеннен кейін бірден аккаунтты басқара алмай қалғандарын айтқан. Зардап шеккендердің бірінің сөзінше, алаяқтар оның басқа да аккаунттарын, соның ішінде мемлекеттік ресурстардағы аккаунттарын бұзуға тырысқан. Мұндай алаяқтықтан өз-өзіңізді сақтау үшін кім жіберсе де, күмәнді сілтемелерге кірмеңіздер. Егер танысыңыз сізді қандай да бір сайтқа кіруге шақырса да, есіңізде болсын – оның аккаунтын біреулер бұзып кірген болуы мүмкін. Облысымызда да интернет-алаяқтық фактісі бойынша қылмыстар толастамай тұр. Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының 50 жастағы тұрғыны өзін алаяқтардың алдап соққанын айтып шағымданыпты. Сеніміне кіріп, банк қосымшасы арқылы 1 миллион теңгеге жуық қаржыға тауарлық несие рәсімдеп беремін деп, сан соқтырған. Ал, ол Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдіктіні облысқа жеткізіп, қамауға алған болатын. Жамбыл облысының тұрғыны Арман Жәнібеков: – Ұнаған көлігімді тауып, иесіне хабарластым. Телефон көтерген ер азамат бауыры апатқа түсіп, жедел қаражат іздеп жүргендігін айтты. Жағдайын түсініп, 600 мың теңгені алдын ала аударып жібердім. Артынша айтылған мекенжайға іздеп барғанымда көлікті де, оның иесін де таппадым, – дейді. Жамбыл облысының тұрғыны, көпбалалы ана Жанар Оспанова: – Алаяқтар менің атымды бүркеніп, онлайн несие рәсімдеген. Бұл туралы білген сәтте полицейлерге арыздандым. Тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады. Шығынымды өтеп, қаражатымды қайтарды. Енді онлайн сауда жасап, алаяқтардың арбауына ермейтін болдым, – деп ағынан жарылды. Қазір әлеуметтік желіде де жоғалған құжаттардың суреттері толып тұр. Ал, бұл алаяқтарға таптырмас мүмкіндік. Жеке куәліктегі деректер арқылы олар құжат иесінің атына несие рәсімдейді. Микроқаржы ұйымдарының басым бөлігінен қарыз алу үшін жеке куәліктің болуы жеткілікті. Әйткенмен, құжат иесі өзінің атына несие рәсімдегенін 1-1,5 айдан кейін біледі. Оның өзінде коллекторлық ұйымдардан хабарласқан соң ғана. Егер азамат мұндай жағдайға тап болса, дереу полицияға немесе сотқа арыз түсіріп, несие рәсімдеу туралы азаматтық шартты жарамсыз деп тану қажет. Осындай қулықтың құрбаны болған адамдар көп болса, солармен бірігіп ұжымдық арыз түсірген абзал. Қоғамдық резонанс туғанда іс тезірек тергелетіні хақ. Осы тектес алаяқтық деректерімен күресу үшін микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту керек. Бастысы, қылмыс құрбаны болудан сақтануға барлық сақтық шараларын қолдануымыз керек. Ол үшін интернет арқылы қандай да бір шарт жасасу кезінде қарсы тараптың жеке басын, тұрғылықты мекенжайын, банктік есепшотының қай кезден бастап жұмыс жасайтынын, байланыс номерлерінің кімнің атына қай кезде тіркелгенін, тағы басқа мәліметтерді растайтын құжаттарын талап етіп, оның шынайылығына көз жеткізу қажет. Алаяқтың арбауына берілмей, сергелдеңге түсуден сақтану өз қолыңызда. Ақпарат ғасыры саналатын заманда уақыт талабына сай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі бір оқиға немесе қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен, интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Оның бірі – алаяқтық. Полиция мен банк қызметкері, қаржыгерлердің сан рет айтқан ескертулеріне қарамастан, аңқау халық адал ақшасынан күн сайын айырылып қалып жүр.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар