«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

2,7 миллиард теңге өтемақы төленді

2,7 миллиард теңге өтемақы төленді
ашық дереккөз
2,7 миллиард теңге өтемақы төленді
Су ресурсы – елдегі басты проблема. Оның сапасы мен халыққа қолжетімді болуы аса маңызды. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айрықша айтылды. Расында да, біз–трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршаға ортақ табиғат байлығы. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу Үкіметке зор жауапкершілік жүктейді. Естеріңізде болса, биыл құрғақшылықтың салдарынан біраз шаруалардың еккен егіні күйіп кетіп, кәсіпкерлер шығынға ұшырағаны белгілі. Бүгінде жаз айларында орын алған суармалы су тапшылығы мен құрғақшылық салдарынан зардап шеккен өңіріміздің шаруалары толығымен өтемақы алды. Өтемақы ұсынылған құжаттар және арнайы комиссияның зардап шеккен нысандарды кешенді зерделеуі негізінде төленді. Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде суармалы егіс алқаптарындағы 9 мың гектардан астам жерге егілген өнім–жаздағы суармалы су тапшылығы мен құрғақшылықтан жарамсыз деп табылған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мәлімдеді. Оның айтуынша, арнайы комиссия зардап шеккен ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, шаруалардың ұсынған құжаттары бойынша өтемақы төленетін тізімге 358 шаруа қожалық енген. Оларға төтенше резервтен 2,7 миллиард теңге өтелген. Ал, бөлінген 3,7 миллиард теңгенің 890 миллион теңгесі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан растайтын құжаттарды ұсынбауы, кейбір жағдайларда олардың сәйкес келмеуі себебінен мемлекеттік бюджетке қайтарылған. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының алты шаруа қожалығы тиісті құжаттарды ұсынбаған. Сонымен қатар, байзақтық екі шаруа өтемақы алудан бас тартса, Меркі және Байзақ ауданының үш шаруа қожалығы субсидиялар бөлінген дақылдардан басқа дақыл түріне субсидия беруді талап еткен. Бұл ретте өзге дақылдар бойынша субсидия алынған. Сонымен қатар, қордайлық 9, байзақтық 4 шаруа қожалық талаптарға сай келмеуі, яғни, жерге меншік құқығын растайтын құжаттардың болмауына байланысты өтемақыға қол жеткізе алмаған. Арнайы комиссия Меркі және Т.Рысқұлов ауданының алты шаруа қожалығына өз ұңғымаларының болуы себебінен және Талас ауданының бір шаруашылығына «Қазсушар» РМК-мен келісімшарттың болмауына байланысты өтемақы беруден бас тартқан. Хош. Бұған дейін де құрғақшылық салдарынан зардап шеккен аймақтар туралы біраз қалам тербеген болатынбыз. Бірақ, дәл осындай олқылықтар алдағы жылдары да орын алмас үшін барлық жағдайға алдын ала сақадай сай дайын болатын кез жетті емес пе?! Ертерек қамдануымыз керек. Барлық мәселені ауа райының қолайсыздығына жауып қоя салу да қате пікір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндет екенін баса айтты. Сондай-ақ, ел Президенті ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды екенін және суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіп жатқанын жеткізді. «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», деді Президент. Ендігі кезекте Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген тапсырмалары дер кезінде орындалып, іс жүзінде жүзеге асса жоғарыда аталған кемшіліктер орын алмайтынына сенімдіміз.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар